Ф дыбысы

24. Жұмбақты оқып, шешуін тап.

Қос қоржынын артынып,
Қос құлақтай қалқиып,
Тұратын бұл қай әріп?

Жұмбақтың шешуіндегі әріп қай дыбыстың таңбасы? Ол дыбыс туралы не білесің?

25. Өлеңді жатқа жаз.

Фойеде ел жиналған
Фестивальді тойлады.
Фатима қыз финалда
Флейтада ойнады.

Өлеңдегі ф дыбысы бар сөздердің мағынасын дереккөздерден қарап, түсіндір.
Флейта қандай аспап? Тағы қандай музыкалық аспаптарды білесің?
Ф дыбысы бар сөздерді айтып, бұл дыбыстың айтылу ерекшелігін байқа.

  Ф – қатаң дауыссыз дыбыс. Ол сөздің барлық буынында келе береді: фабрика, телефон, телеграф.

26. Мәтінді тыңда.

Доп ойнаймын деп…

  Өскенбайға апасы:
  – Балам, күн кешкірді. Бұзауға бар, – деді.
  Өскенбай бұзау іздеуге шықты. Ауыл сыртында футбол ойнап жатқан балалардың қасынан өтіп бара жатқан.
  – Әй, Өскенбай, мұнда кел! Бізге бір адам жетпей, жеңіліп жатырмыз! – деп айқайлады балалардың біреуі.
  «Аздап ойнайын» деп ойлады да, жүгіріп барып, ойынға қосыла кетті. Ойынның қызығына беріліп кеткендіктен, бұзау Өскенбайдың есінен шығып кетті…

Айса Хамзеұлынан

Мәтін не туралы?
Мәтін неліктен «Доп ойнаймын деп…» аталған? Сен қандай ат қояр едің?
Мәтінді өзің жалғастырып, қалай аяқталатынын болжа.
Төмендегі қай жауап сенің болжауыңа сәйкес келеді? Ойыңмен бөліс.

1. Қараңғы түсіп кетсе де қорықпады.
2. Бұзауды іздемеді, себебі қараңғыда қорықты.
3. Анасы оған ренжіді.
4. Бұзау өзі келді, анасы оған ренжіген жоқ.
5. Өскенбай анасынан кешірім сұрады.

27. Мәтінді оқы.

  Сөзді және басқа дыбыстарды кез келген қашықтыққа жеткізу үшін американдық профессор А.Г. Белл 1876 жылы телефонды ойлап тапты.
  Тиісті адамыңмен сөйлесу үшін байланыс желісінің екі басында да әрі телефон, әрі микрофон болуы шарт. Микрофон мен телефонды біріктіретін құрылғыны микротелефон деп атайды. Кәдімгі телефон трубкасы деп жүргеніміз – осы. Ол телефон аппаратымен сым арқылы жалғастырылған.

«Ол кім? Бұл не?» кітабынан

Мәтін не туралы?
Телефоннан басқа қандай байланыс құралдарын білесің?
Мәтіннен ф дыбысы бар сөздерді тап.
Досыңа қоғамдық орында ұялы телефонды пайдалану ережелерінен нұсқаулық дайында.

28. Көп нүктенің орнына тиісті сөзді қойып, сөйлемдерді көшіріп жаз.

  1. … «Алматы кілем» … істейді. 2. Анам … шәйнекті күтіп ұстайды. 3. Арай ең алдымен … тоқуды үйренді. 4. … алдында сөйлеп тұрған Құралай екен.
  Керекті сөздер: микрофон, фабрикасында, кофта, Фарида, фарфор.

Ф әрпі бар сөздердің мағынасына назар аудар.
Фарфордан қандай бұйымдар жасалатынын дереккөздерден біліп ал.

29. «Сиқырлы телефон» ойынын ойнайық. Келесі сөз алдыңғы сөздің соңғы дыбысынан
басталсын және сөздің құрамында ф дыбысы болатын болсын.

Үлгі: Шкаф – …, …, … .

30. Ребусты шеш.

Ребустың шешуіндегі сөзді қатыстырып сөйлем құра.

×
×

Cart