Таңды іздеу
Бір адам өз жұмысымен алыс сапарға аттанады. Қараңғы түсе бастағанда бір үйге жетіп, қонуға рұқсат сұрайды. Үй иелері қонақты құшақ жая қарсы алады. Алайда олар кешкі тамақтан соң бір жаққа жинала бастайды.
– Мына қараңғы түнде қайда барасыздар? – деп сұрайды жолаушы.
– Біз таңды іздейміз, – дейді үй иесі.
Олар қолдарына бір-бір бос қап ұстап, үйден шығады. Соңдарынан қонақ та кетеді.
Бірнеше сағат өткенде алаулап таң ата бастайды. Бір кезде әлгілер қаптарын ашып, таңның жарығын қапқа салған сияқты қимыл жасап, артынша аузын буып, кері қайтады. Олар үйге қайтып оралғанда таң да атады. Үй иелері қаптарының аузын ашып, оны сілкіп-сілкіп жібереді. Таңдана қараған жолаушыға:
– Біз таңды алып келдік. Өзіңізге айтып едік қой, – дейді олар.
Қайтар жолында әлгі қонақ инабатты* үй иелеріне бір әтеш алып келеді.
– Бұл құстың аты – әтеш. Оның бірінші шақырғаны – «таң әлі алыс» дегені, екінші шақырғаны – «таңның жақындағаны», ал үшінші шақырғанда, таң өзі аулаға кіріп келе жатады, – дейді жолаушы. Сол кезде әтеш «ку-ка-ре-ку» деп шақырып жібереді. Үй иелері оны қабылдап алып, жолаушыға алғыстарын айтады.
Бразилия ертегісі
Аударған Шәкен Күмісбаев
• Ертегі не туралы? Ондағы негізгі ойды анықта.
• Ертегі неліктен «Таңды іздеу» деп аталған деп ойлайсың? Өз пікіріңмен бөліс.
• «Қараңғы түн», «таң» сөздерінің мағынасын дереккөздерден қарап біліп ал.
• Төмендегі суреттердің қайсылары ертегі мазмұнына сай келеді? Өз ойыңды дәлелде.