Қазақстандағы ғылымның дамуы. Ғалым Қаныш Сәтбаев

СЕН:
– Қазақстанның ғылымдағы жетістіктері туралы білетін боласың.
– елімізге танымал болған ғылым қайраткерлері туралы әңгіме жазуды үйренесің.

Есіңе түсір!

Сен қалай ойлайсың, ел өміріндегі ғылымның рөлі қандай?

  ХХ ғасырда елімізде ғылым қарыштап дамыды. 1946 жылы Қазақстанның Ғылым академиясы ашылды. Оның алғашқы президенті болып ғалым Қаныш Сәтбаев сайланды. Ғылымдағы жетістіктер өндіріске енгізілді. Биология, медицина, тарих, археология, тіл, әдебиет, өнер және экономика салаларында ғылыми зерттеулер жүргізілді.
  ХХІ ғасырда еліміздегі ғылымға үлкен мән берілуде. Ондаған ғылыми институттар жұмыс істейді. Еліміздің шаруашылығы үшін техника үлгілері дайындалуда. Бидай, күріш, арпа тәрізді пайдалы дәнді-дақылдардың жаңа сұрыптары жасалуда. Аталған дәнді дақылдар жоғары өнімділігімен ерекшеленеді әрі жергілікті табиғат жағдайларына да жақсы бейімделген. Жылқы, қой және тағы басқа үй жануарларының жаңа тұқымдары шығарылуда. Біздің елімізде өсірілетін жаңа тұқымды қойлардың бірі – қазақстандық меринос. Осындай тұқымды әр қойдан 15 кг-нан сапалы жүн қырқуға болады. Жаңа Мұғалжар тұқымына жататын жылқылар аса өнімді. Олардан тәулігіне 16 литрге дейін сүт сауылады.

Алматыдағы ҚР Ұлттық
Ғылым академиясы

Қазақстандық меринос қойы

  Еліміздің табиғат байлығын зерттеуге ерен еңбек сіңірген ғалым – Қаныш Имантайұлы Сәтбаев (1899–1964).
  Қ. Сәтбаев – Орталық Қазақстандағы Жезқазған мыс кенінің қорын ашқан геолог ғалым. Жезқазғандағы кен-металлургия комбинаты мен Қарағанды және Балқаштағы металлургия зауыттары осы ғалымның еңбегінің арқасында салынған.
  Қаныш Сәтбаевты «тыл генералы» деп атайды. Екінші дүниежүзілік соғыс жылдарында Сәтбаев еліміздегі марганец кенінің қорларын ашты. Соның нәтижесінде танктердің сауытына арналған болат өндірісі артты. Болаттың құрамына марганецті қосу танк зауытының беріктігі мен қаттылығын арттырады.

Академик
Қаныш Сәтбаев

Қ. И. Сәтбаев атындағы «Сәтбаев университеті»

  Қ. Сәтбаевтың еңбегі біздің елімізде жоғары бағаланды. Университеттер мен көшелерге оның есімі берілді. Ғарышта «Сәтбаев» ғаламшары өзінің мәңгілік сапарын жалғастыруда. «Сәтбаевит» деген жаңа минерал ғалым есімімен аталады. ЮНЕСКО 1999 жылды ғалымның 100 жылдық мерейтойына орай «Қаныш Имантайұлы Сәтбаев жылы» деп жариялады.

«Ғалым Қаныш Сәтбаев» кластерін құрастыр.

Бақылау,
зерттеу

Сен тұратын облыста (қалада, ауылда) Қаныш Сәтбаевтың есімі қалай сақталған?

  Сен білесің бе?
  Қаныш Сәтбаев өзінің халқы мен туған жерін жанындай жақсы көрген. Оның Ұлыбританияның әйгілі премьер-министрі Уинстон Черчилльмен кездескендегі әңгімесі ел аузында сақталған. Алып тұлғалы қазақты таныстырған сәтте Черчилль:
– Қазақтардың бәрі Сіз сияқты биік пе? – деп сұрайды. Сонда Қаныш Имантайұлы байсалды үнмен:
– Менің халқым менен де биік, – деген екен.

Ғалымның осы сөзін қалай түсінгеніңді айтып бер.

Сұрақтар мен тапсырмалар

Бақылау,
зерттеу

  Қосымша ресурстарды пайдалана отырып, өзіңнің облысыңдағы ғалымдардың аты-жөндерін анықта. Олар ғылымның қандай салаларында қызмет еткенін біл.

×
×

Cart