Өнер алды – қызыл тіл

Ойыңды нақыл сөзбен жеткізесің.

1. Түсініп оқы. Өз сөзіңмен әңгімеле.

  Бір нәрсе туралы пікірімізді, яки қиялымызды, яки көңіліміздің күйін сөз арқылы жақсылап айта алсақ, сол сөз өнері болады.

Ахмет Байтұрсынұлы

2. Мәтінді тыңда.

  Төле би – қазақтың үш биінің бірі. Қазіргі Жамбыл облысы Шу өңірінде дүниеге келген. Өз елінің, өзге халықтардың, әсіресе Шығыстың аңыз-әңгімелерін, қисса-дастандарын еркін меңгерген. Халықтың әні мен күйін, ақындық өнерін құрметтеген. Он бес жасынан бастап ел билеу ісіне араласқан. Өз заманында «Қарлығаш әулие», «Қарлығаш би» атанды.

3. Мәтінді түсініп оқы.

Қарлығаш әулие

  Ел ауған «Ақтабан шұбырынды, Алқакөл сұлама» кезінде Төле би киіз үйін жықпапты, қасиетті жұртын қимапты. Сонда жоңғар қолбасы Төле биден көшпей қалуының сырын сұрапты.
  – Шаңырағыма бір бейкүнә қарлығаш ұя салып еді. Ол жер бетін топан суы басқанда Нұқ пайғамбардың кемесін сақтап қалған, адам баласын жылан шақпақ болғанда қызғыштай қорыған құс еді. Осындай киелі құстың ұясын бұзып, балапандарын жылатып кете алмадым, – дейді дана Төле би.
  «Бір ауыз сөзі мың ауыз сөзге татитын» Төленің адамгершілігін, әділ шешімін таныған жоңғар қолбасшысы:
  – Шын әулиенің өзі екен, – деп әскерін қайтарып жіберіпті.

Серік Негимов. «Шешендік сөздер» кітабынан

4. Төле бидің «Қарлығаш әулие» атану себебін түсіндір.

5. Төле бидің нақыл сөздерін түсініп оқы және өз сөзіңмен түсінгеніңді айт.

• Біліп айтқан сөзге құн жетпейді,
Тауып айтқан сөзге шын жетпейді.
Өзің білмесең, білгендерден үйрен,
Үйренгеннен ештеңең кетпейді.

• Шешендіктен не пайда,
Артында сөзі қалмаса?
Батырлықтан не пайда,
Халқына қайран қылмаса?

• Халқыңа адал бол,
жауыңа қатал бол,
досыңа адал бол!

Орфографиялық Сөздік

өнер
сөз өнері
билер сөзі

6. Төле бидің нақыл сөздерін жаттап ал.

7. Нақыл сөздерді пайдаланып, сөз өнері туралы әңгімелеңдер.

×
×

Cart