Шешеннің сөзі ортақ

Мәтіндегі ақпаратты қажетіңе жаратасың.

1. Мақал-мәтелдерді оқы. Түсіндір.

1. Жақсы сөз жаныңды жадыратады,
    Жаман сөз уайымға салындырады.

2. Тауып айтқан сөзге құн жетпейді,
    Біліп айтқан сөзге мін жетпейді.

3. Жақсы сөз – жарым ырыс.

Орфографиялық Сөздік

жақсы сөз
жаман сөз
шешеннің сөзі
даналық сөз

2. Түсініп оқы.

Әнет баба өсиеті

  Шебер шешiм, көркемсөздерiмен халық арасында шешен атанған Қазыбек би жыл сайын қасына жолдас-жораларын ертiп, даналық, тапқырлық сөзiмен мәлiм Әнет бабаға сәлем берiп, кәрi құлақты қариядан тәлiм-тәрбие, үлгi-өнеге, тағылым алып қайтады екен.
  Бiрде сол әдетiмен Әнет бабаның үйiне келiп түседi. Қарт бұрынғыдан әжептәуiр қартайып қалса да, сыр бiлдiрмейдi. Қазыбектiң жора-жолдастарын, өзiн жақсы қарсы алып, мал сойғызып, қазан көтертедi. Сол ауыл маңындағы қариялар, жайсаңдар жиналып, әңгiме-дүкен құрады.
  Ертеңiне Қазыбек жол жүруге қам жасап, сапар алдында Әнет бабаға бiр ауыз өсиет айтып беруiн өтiнiптi. Бiрақ Әнет баба:
  – Қазыбекжан-ай, жасы келiп қартайған, қасынан жан тайған, басынан мал тайған адамнан не кеңес, не өсиет сұрайсың? – деп, ештеңе айтқысы келмейдi. Бiрақ бiрбеткей Қазыбек шешен Әнет бабаның бiр ауыз ақылын тыңдамай еш жаққа кетпейтiнiн бiлдiредi. Сонда Әнет баба Қазыбек шешеннiң бұл қылығына күле қарап:
  – Болмадың ғой, айтайын, – деп сәл ойланып, – «әкiм» деген сөздi жадыңа сақта, – дептi. Қазыбек Әнет бабаға ризашылығын бiлдiрiп, жора-жолдасын қасына ертiп, елiне қайтады. Ол жол-жөнекей өзiмен ерiп келе жатқан нөкерлерiнен:
  – Әнет бабаның қандай өсиет айтқанын ұқтыңдар ма? – дейдi. Бiрақ бұл сұрағына ешкiм үндемейдi. Сонда Қаздауысты Қазыбек Әнет бабаның айтқан өсиетiн былай деп шешiптi:
  – «Ә» дегенi – әдiл бол;
  «К» дегенi – күншiл болма, көпшiл бол;
  «I» дегенi – iлтипатты бол;
  «М» дегенi – менмен болма, мейiрман бол, – дегенi.
  Әнет бабаның сол өсиетi ел арасына кең тарап, ұрпақтан-ұрпаққа мұра болып қалыпты.

Балтабай Адамбаев. «Халық даналығы» кітабынан

3. Әнет бабаның өсиетін Қазыбек би қалай түсінді?

4. Сызбаға сүйеніп, шешендік сөздер туралы ойыңды қорытып айт.

5. Әйтеке бидің әр нақыл сөзіндегі тақырыпты анықта. Негізгі ойды білдіріп тұрған сөйлемді тап.

×
×

Cart