МЕНІҢ ОТБАСЫМ ЖӘНЕ ДОСТАРЫМ

Кішілерге қамқормын

1. «Бесік жырын» әнімен айт.

Бесiк жыры

Әлди, бөпем,
Сұңқарым!
Талпынған тай-тұлпарым!
Бесік жырын жырладым
Ұйықтасаң да,
Іңкәрім!
Сені жырлап толғанам,
Қуат бердің сен маған!
Бесігіңді тербетсем –
Тербеледі
Кең далам!

Қайрат Жұмағалиев

2. Мәтінді түсініп оқы.

Қолғанат

  Сәкен шаруаға ұқыпты болды. Үстін тап-тұйнақтай, таза ұстайтын еді. Ағайынды жетеуміз. Сәкен бәрімізден үлкен. Жаздыгүні ол бізден бұрын оянады да үй шаруасына көмектеседі. Біз оянып, далаға шыққанда Сәкен есіктің алдында жүреді. Сонан соң бәріміз мөлдір бұлақтың басына барамыз да жуынамыз.
  Сәкен әуелі кішкентай қарындастарымыз – Рахима, Халима, Сәлималарды жуындырады. Шаштарын тарап, өріп береді. Содан кейін барып, өзі жуынады. Біздің күндегі әдетіміз – осы. Қайтадан қаз-қатар тізіліп алып, ауылға қарай жүреміз.
– Айналайын, менің ақ қыздарым, – деп анамыз – Жамалбике есік алдынан бізді қарсы алады.
Сәкеннің маңдайынан сүйіп жатып:
– Қолғанатым менің! – дейді.
  Рахима, Халима, Сәлималар мұнтаздай тап-таза болып, тамаққа отырады. 

Мәжит Сейфуллин

3. Есіңе сақта.

Әңгімені жазған – Мәжит Сейфуллин. Ол – ақын әрі жазушы Сәкен Сейфуллиннің інісі.

4. Мәтіндегі оқиғаға сүйеніп, бала Сәкенді сипатта.

5. Мәтінді басқаша қалай атауға болады?

6. Бала Сәкеннен қандай үлгі алдың? Өзің кішілерге қалай көмектесіп жүрсің?

7. Үлкендерден «Қолғанатым менің!» деген мақтау сөз
еститіндей үш түрлі оқиға ойластырып, әңгімеле.

Атамұра

×
×

Cart