Ойнай білу де – өнер

Мәтіннің композициялық құрылымын анықтайсың.

1. Түсініп оқы. Өз сөзіңмен әңгімеле.

Қой асығы демеңдер,
Қолыңа жақса, сақа қой.
Жасы кіші демеңдер,
Ақылы асса, аға қой.

2. Мәтінді түсініп оқы.

Елдестің ойыны

  Елдестің ойында ойыннан басқа ештеңе жоқ. Әке-шешеге қолғабысы болмайды. Ал ойын дегенде жүгіріп кетеді. Мұның ойыны шатақ ойын емес – асық ойыны. Аспанға іліп қойған асықты атып алады. Мергендігінде шек жоқ. Ертемен үйден шыққанда бір асық, бір сақамен кетеді де, кешке екі қалтасы толып қайтады. Балалар «мұның сақасы – арқардың асығы, арқардың асығы арқардың өзіндей жүйрік болады» деген секілді өсек айтады. Илануға болады, өйткені біз көріп жүрген асықтан сүйегі таза әрі салмақты.
  Қаздай тізіліп тұрған асыққа дәлдеп тұрып жіберіп қалғанда, снаряд түскендей, асықтар аспанға бір-ақ ұшады, жинай бер. Ұтылған адамның ашулы болатыны белгілі ғой. Балалар: «Арқардың асығы, ойнатпаймыз. Қой асығымен ойнасын», – деп дау шығарады.
  Ертеректе «Асық ойнаған азар, доп ойнаған тозар» деген мақал болған. Сол доп ешкімді тоздырмай-ақ, қызығып ойнайтын футбол ойынына ұласты.

Оспанхан Әубәкіров

Орфографиялық Сөздік

асық ойыны
шығарманың құрылымы
композиция

3. Түсініп оқы, әңгіменің авторы туралы әңгімеле.

Оспанхан Әубәкіров – ақын, сықақшы

  Оспанхан Әубәкіров (1934–1986) Алматы облысы Жамбыл ауданы Үшбұлақ ауылында туған. Ақынның «Күлеміз-ау», «Қағаз қалпақ» және т.б. жыр жинақтары бар.

4. Елдестің іс-әрекетіне өз көзқарасыңды білдір. Өзің қандай ұлттық ойынды ұнатасың?

  Сен мәтіндегі негізгі ойдың басталуы, жалғасуы, аяқталуы болатынын білесің. Мұны шығарманың құрылымы (композициясы) деп атайды. Композициялық құрылым сюжетпен тығыз байланысты.

  Сюжет – шығармадағы оқиғалар тізбегі.

5. Мәтіннің композициялық құрылымына талдау жаса.

6. Аяқталу бөліміндегі жазбаға түсіндірме беріп көр.

  Бір нәрсе немесе бір оқиға жөнінде түсіндірме беру үшін сол айтылғандарға дәлелдер келтіресің, келісетінің не келіспейтінің туралы айтасың.

×
×

Cart