Күш атасы

Шығарманы жоспар бойынша әңгімелейсің.

1. Қазақша күрес сөзінің мағынасын ашатын сөздерді ата.

2. Мәтінді тыңда.

Балуан
(Естелік)

  Қажекең Жер шарының жиырма төрт елін аралап, олардың балуандарымен белдескен. Алтыны бар, күмісі бар – барлығы 48 медаль алған. Медальдарын ені бір жарым қарыс қызыл масаты матаға тағып, кеудесін айналдыра асынып алатын болған.
  Ол 1905 жылы Қытай еліне барады. Бұл сапарға Ресейден он сегіз балуан қосылған еді.
  Құрамында Поддубный болмайды. Қажекең ресейлік балуан Поддубныймен бірге жүріп күресетін. Жол жүрерінде Поддубный оған:
  – Қажымұқан, қасыңдағы серіктерің – сенімді жігіттер. Бәрі де алып күштің иесі. Бірақ олар әлі ысылмаған, жас балуандар. Сондықтан үлкен балуан келгенде, белдесуге өзің шық, – дейді. Қажымұқан досының осы сөзін есінен шығармайды.
  Сайыс Харбин қаласында өтеді. Оған отызға жуық балуан жиналып, күш сынасады. Алғашқы күнгі бірер күрестің өзі Ресей балуандарының басымдылығын көрсете бастайды.
  Арада бірер күн өткен соң, кілемге Сар-Кекен (Саракики) дейтін балуан шығып, ажал күресіне түсетінін айтады.
  Жапондар оны «жию-жицу» дейді екен. Ресей балуандары бұл күрестен бейхабар еді. Сондықтан ешкім белсеніп, ортаға шыға қоймайды. Сар-Кекен болса кілем үстінде жүріп алады. Төреші де қайта-қайта жар салады. Болмаған соң, Қажымұқан тәуекелге бел байлап, ортаға шығады.
  Әу дегеннен Сар-Кекен мысықша қимылдап, балуанды айнала жүреді. Өзіне беймәлім күрестің сырын бағдарлаймын дегенше, Қажымұқанның бір жақ беті мен ерні жұлынып, қан сорғалайды. Сар-Кекен мысықша атылып, тиген жерін пышақша тіліп, қақ айырады екен. Екінші рет қоңырау соғылғанда Қажымұқан ашуға булығып, шындап қайратына мінеді. Денесінің ауырғанын елеместен, Сар-Кекенді желкесінен бір қойып қалады. Жапон балуаны жеңіліс табады. Цирк іші лезде айқай-шуға толып, жапондар қарсылық көрсете бастайды. Ресейдің он сегіз балуаны ешкімді жолатпай, үркердей топтанған күйі цирктен шығып, елшілер үйіне келеді де, түнгі пойызбен кері қайтады. Бәрі қуанышты: бірі Қажымұқанның жарақатын таңып жатса, бірі сусын береді, енді бірі бетін сүртеді. Бес-алты күннен соң, Петерборға жетіп, Қажымұқан ауруханада емделеді. Оны ең жақсы деген дәрігер қарап, достары да жалғызсыратпай жиі келіп тұрады. Әсіресе Поддубный ертелі-кеш қасынан шықпайды. Ол әркез: «Осыншама күш саған қайдан бітті?» – деп риза көңілмен таңырқап сұрап қояды.

Әуелбек Қоңыратбаев

Орфографиялық Сөздік

балуан
композициялық құрылым
оқиғалар тізбегі

Бейхабар – хабарсыз.

3. Суретке қара. Мәтінге сүйеніп, Қажымұқанды сипаттап айт.

4. Мәтіннің композициялық құрылымына талдау жаса.

5. Суретке қара. Мәтіндегі оқиғамен байланысы бар ма? Кіммен күресіп жатқанын болжап көр.

6. Мәтінге жоспар құр және әңгімеле.

×
×

Cart