МЕНІҢ ТУҒАН ӨЛКЕМ

Туған жердей жер болмас

1. Мақал-мәтелдердің мазмұнын түсіндір.

1. Туған жердей жер болмас,
    Туған елдей ел болмас.

2. Отан оттан да ыстық.

3. Бақа көлінде патша,
    Балық суында патша,
    Жігіт елінде патша

2. Мәтінді түсініп оқы.

Шымшық пен көртышқан

  Алыстағы жылы жақтан кішкентай шымшық үйшігіне оралды. Ол – көзге көріне бермейтін кішкентай ғана сұр құс, жазда біздің жақта ұя салып, балапандарын өргізеді де қыста Африкаға ұшып кетеді.
  Шымшыққа ұшу да оңай емес, оның қанаты кішкентай ғана. Оның үстіне бір күн ұшса, бір күн жермен жорғалайды. Міне, ол үйіне қарай жорғалап келеді. Өзен жағасындағы көгалда, қызылшілік түбіне салған ұясы туралы да ойлады.
  Кенет ол көртышқанды кездестірді. Іннің аузында отырған көртышқан тұмсығын шығарып:
– Сен кімсің, қайда барасың? – деп сұрады.
– Мен шымшықпын. Алыс жақтан туған жеріме келе жатырмын, – деді шымшық. Содан соң ол көртышқанға өзінің туған өлкесі мен үнемі жылы болып тұратын Африка жері туралы айтты.
– Үнемі жылы болып тұратын жақта неге қалмадың? – деп таңданды көртышқан. – Сен жыл сайын неге жол азабын шегесің? Аяқтарың да ойылып жара болыпты. Қаршыға кездесе қалса қайтесің? Неге сонша өзіңді қинайсың? Біреу сені шақырды ма?
– Отаным шақырды, – деп жауап берді шымшық.

Василий Сухомлинский (орыс жазушысы).
Аударған Қ. Мұсағалиев

3. Мәтінді рөлге бөліп оқыңдар.

4. Суреттегі мәтін кейіпкерлері арасында диалог құрастыр.

5. Шымшыққа өз туған жері неліктен ыстық? 1-тапсырмадағы мақалдарды пайдаланып, сөз саптауға дағдылан.

Ү л г і : Бақа көлінде патша.

…, – дегендей, шымшық та өз туған жерінде патша.

Атамұра

×
×

Cart