Таза бұлақ

Ойыңды нақыл сөздер, суреттер арқылы тұжырымдайсың.

1. Түсiнiп оқы және сұраққа жауап берiп көр.

  Бұлақтың қайнап жатқан көзіне жақын қазандай бір тасты қойыпты да, тасқа: «Ей, жолаушы, болсаң осы таза бұлақтай бол!» – деп жазыпты.
  Осы жазуды сен қалай түсінесің?

2. Түсініп оқы.

Таза бұлақ

  Бiр бұлақтың басында үш жолаушы бiр-бiрiне кез болыпты. Бұлақ бiр тастақ жерден шығып жатыр екен. Айнала қалың ағаш, жапырақтары бұлақтың үстiне төгiлген, суы мұздай салқын, шыныдай мөлдiр, өте таза бұлақ екен.
  Бұлақтың қайнап жатқан көзiне жақын жерге қазандай бiр қара тасты қойыпты да, тасқа: «Ей, жолаушы, болсаң осы таза бұлақтай бол!» – деп жазыпты.
  Үш жолаушы бұлақтан шөлдерi қанғанша су iшедi, тастағы жазуға көздерi түседi. Сонда бiр жолаушы тұрып былай дейдi:
  – Бұл жазылған ақыл сөз екен. Бұлақ күнi-түнi тынбай ағып, алыс жерлерге барады. Бара-бара кеңейiп, үлкейедi. Бұған жол-жөнекей кiшкене бұлақтар қосылып, үлкен өзен болып кетедi. Мұнан мынадай ғибрат алуға болады. Сондай адал қызмет қыл, ешуақытта жалқауланып, тоқталып қалма. Сөйтсең, ақырында сен де үлкейiп, мұратыңа жетесiң дегенi деп бiлемiн, – дейдi.
  Сонда екiншi жолаушы басын шайқап:
  – Жоқ, мен олай ойламаймын, – дейдi. – Бұл жазудың мағынасы сiздiң ойлағаныңыздан гөрi тереңiрек соқса керек: бұл бұлақ кiм-кiмге болса да даяр, ыстықтағанды салқындатып, рақаттандырады. Сусағанның шөлiн қандырады. Онысы үшiн ешкiмнен ақы дәметпейдi. Олай болса, бұл «бiреуге жақсылық етсең, ол жақсылығыңды ешкiмге мiндет етпе» деген ақыл болады.
  Жолаушының үшiншiсi – көркем жас жiгiт үндемей тұрды. Жолдастары: «Сен не ойлайсың?» деп сұрады.
  Жiгiт айтты:
  – Менiң ойыма бөтен бiр нәрсе келедi. Бұл бұлақтың суы бiр орында тынып тұрып, шөп-шалам түсiп, лайқоқым болса, бұған адамнан гөрi айуан ынтық болар едi. Бұлақ күнi-түнi тынбай ағып, тазаланып тұрғаны үшiн бұған адам ынтық. Олай болса, бұл жазудың мағынасы мынау: көңiлiңдi, бойыңды осы бұлақтай таза сақта. Бұлаққа қарасаң: күн түссе – күннiң, шөп түссе – шөптiң сәулесiн көремiз. Ендеше, көңiлiң сол сияқты сыртқа ашық көрiнiп тұрсын деген ғой деймiн, – дептi.

Ыбырай Алтынсарин

Орфографиялық Сөздік

«Таза бұлақ»
мөлдір бұлақ
ақыл сөз

3. Мәтіннен суреттегі бұлақ сипатталған жолдарды тауып оқы.
 Бұлаққа қатысты көркемсөздерді дәптеріңе жазып ал.

4. Топтарға бөлініп, әр жолаушының пікірінің дұрыстығын жақтап, дәлелдеңдер. 
Қорытынды сөздеріңді нақыл сөзбен тұжырымдаңдар.

Үлгі: 2-жолаушыны жақтаушы топ:
        Жақсылығың үшін ақы сұрама.

5. Сызбаға қарап, Ы. Алтынсарин туралы не білетініңді тұжырымдап айт.

×
×

Cart