Жаңбырдың пайдасы

Мәтіндегі негізгі ойды анықтайсың.

1. Жаңылтпашты жаңылмай айт.

Көктем жауын-шашынсыз болмас,
Жауын-шашынсыз болмаса,
Жасынсыз болмас.

2. Мәтінді түсініп оқы.

Ақ жаңбыр
(Мысал)

  Ақ жаңбыр бір тамбайды, бір басталса, тәулік бойы тынбайды. Үнсіз тұрып, төге береді, төге береді. Мұны көрген Өткінші жаңбыр Ақ жаңбырға «Жалқау жаңбыр» деп ат тақты.
  – Бұл не?! – деді ол. – Болбырап, ыбылжисың да тұрасың. Ішің де пыспайды екен. Жаусаң, астан-кестеңін шығару керек қой! Міне, былай! – деді де, сатырлатып құя жөнелді. Көшедегі арықтарға су толып, лайланып аға бастады. Жүргіншілер ықты паналап жүгірісті. Әлгінде ғана бір қалыпты тып-тыныш тіршіліктің астан-кестеңі шыққандай болды. Оған қарап жатқан Өткінші жаңбыр жоқ, өз-өзіне мәз болып, «Әне, солай!» дегендей болып, қырқадан асып та кетті. Іле-шала бұлт ыдырап, жарқырап күн де шықты. Жаңбыр суы сай-саламен ағып кетті. Самал есіп, өсімдіктерді тербетті. Шөп біткен бастарын шайқап:
  – Шөліміз қанбай қалды-ау! Өткіншінің мұнысы несі? Ұшып-қонып келді де, кетті! – деп ренжісті.
  Сонда бір кәрі Қурай тұрып:
  – Қиналып қайтесіңдер?! Одан да Ақ жаңбырға жайларыңды айтыңдар, – деді. «Әй, бұл да дұрыс екен-ау!» деп, шалғындар Ақ жаңбырға бұйымтайларын айтты.
  Ол тыңдап болып:
   – Мақұл, – деді.
  Сол-ақ екен, Ақ жаңбыр аспай-саспай, тәулік бойына жауып еді, жер үсті еркін сусындап, көк жайқалып, құлпырып сала берді.

Жәнібек Кәрбозин

Орфографиялық Сөздік

жаңбырдың пайдасы
ақ жаңбыр
өткінші жаңбыр

Бұйымтай – өтініш.

3. Мәтінге сүйеніп, қимыл-әрекеттерді сәйкестендір және дауыстап оқы.

4. Сызбадағы ретпен мәтіндегі сөздерді пайдаланып, мысал әңгімені талдап айт. Кейіпкерлерін сипатта.

5. Жаңылтпашты оқы. Жаңылтпашты жатқа айтуға жаттық.

Шалғы саптап,
Шөп шап.
Шөп шапсаң, көп шап.
Көп шапсаң, шапшаң шап,
Шапшаң шапсаң,
Шаршап жат.

6. Жаңбырдың пайдасы туралы әңгімеле.

×
×

Cart