Жеңіс күні

Сұхбат алуға дайындаласың және сұхбат аласың.

1. Сөзжұмбақты шеш.

1. Болат қайнауда шынығады,
    Батыр … шынығады.
2. Батыр – елдiң …,
    Бал құрақ – көлдiң сәулетi.
3. Жүк ауырын … көтередi,
    Ел ауырын ер көтередi.
4. … ер жеңсе – тасымас,
    Жеңiлсе – жасымас.
5. Отан … отқа түс – күймейсiң.
6. Жаңбырменен жер …,
    Батамен ер көгерер.

Орфографиялық Сөздік

Жеңіс
бейбіт күн
бейбітшілік

2. Қызылмен белгіленген торкөздегі сөзді оқы. Қазақтың батыр қыздарынан
 тағы кімдерді білесің? Мақал-мәтелдерге ортақ тақырып ойлап тап.

3. Өлеңді тыңда.

Жеңіс күні

Ойлап-ойлап тұрдым көп,
Сауал бердім білгім кеп:
Қуанышты мереке –
Жеңіс күні қай күн? – деп.

Атамнан да сұрадым,
Көкемнен де сұрадым.
Ағамнан да сұрадым,
Апамнан да сұрадым.

Тосты бәрі құлағын:
– Дұрыс, – десті, – сұрағың.
Бейбіт күннің бәрі де
Жеңіс күні, шырағым!

Қайрат Жұмағалиев

4. Түсініп оқы, өлеңнің авторы туралы әңгімеле.

Қайрат Жұмағалиев – ақын, аудармашы

  Қайрат Жұмағалиев (1937–2014) Батыс Қазақстан облысы Орда ауданы Бесқұдық ауылында туған. Балаларға арналған көптеген жыр жинақтарының авторы.

5. Өлеңдегі сұрақ бойынша берілген жолдарды қайталап оқы. Осы сұраққа сен қалай жауап берер едің?

6. Тыңда. Бейбіт күн, бейбітшілік сөздерінің мағынасын біліп ал.

Бейбітшілік болса

Алаулап гүл тұрады,
Туған жер құлпырады,
       Бейбітшілік болса.

Түрленіп бақша-бағы,
Тірлік те жақсарады,
     Бейбітшілік болса.

Үйлер де құламайды,
Ешкім де жыламайды,
     Бейбітшілік болса.

Балалар болады аман,
Аналар болады аман,
     Бейбітшілік болса.

Жұматай Жақыпбаев

Орфографиялық Сөздік

мерекелер
Тіл мерекесі
қасиетті тіл

7. Соғыс ардагерлерінен сұхбат алуға келдің делік. 5 сұрақ дайында.

8. Бейбіт күн сыйлаған ата-аналарға арнап, алғыс хат дайында.

9. Қалаған өлеңіңді жаттап ал.

×
×

Cart