Тіл және сөйлеу

· Тыңдаған мәтін бойынша тірек сөздерді белгілеуді;
· тірек сөздердің көмегімен мәтін мазмұнын айтуды үйренемін.

1. Мәтінді мұқият тыңдап, негізгі тұстарын белгілеп ал.

  Байлығым – байтақ жерім*, бақытты елім. Көрсең, көз тоймас асқар шыңды тауларым,миуалы бауларым*, асу-асу белдерім, айдын-шалқар көлдерім, орам-орам орманым*.
  Алтай тауларынан Ақжайықтың жасыл жағалауына* дейін созылып жатқан кең-байтақ жерімізге ірі-ірі елдер тұтасымен сыйып кетері анық. Елімізде жүзден астам ұлт пен халықтың өкілдері тату-тәтті еңбек етеді.
  Қазынаның барлығы да қазақ жерінің топырағында тұнып жатқанын* екінің бірі айтпай-ақ біледі. Ал ғарышқа жол Байқоңырдан басталатынын мақтан етпейтін кім бар? Орынды мақтаныш. Елім де, жерім де оған әбден лайық.

Жақау Дәуренбековтен

Парталас досың мәтіннің мазмұнына тірек болатын сөздерді дұрыс белгілей алды ма?

Оның қатесін тауып, өз нұсқаңды ұсын.

2. Тірек сөздер қатарын толықтырып жаз.

Байлық, байтақ жер, бақытты ел, асқар шыңды таулар, … .
Тірек сөздердің көмегімен мәтіннің мазмұнын айтып көр.

3. Пікірдің ақиқат немесе жалған екенін анықта.

1. Менің байлығым – байтақ жерім, бақытты елім.
2. Байтақ жерімді асқар шыңды таулар, миуалы бақтар, айдын-шалқар көлдер, қалың ормандар құрайды.
3. Қазақ даласы Алтайдан Ақжайыққа дейін созылып жатыр.
4. Елуден астам ұлт өкілдері бізбен бірге тату-тәтті өмір сүруде.
5. Біздің жер қойнауымыз алтын мен күміске, темір мен көмірге, мұнай мен газға бай.
6. Мен жерімнің байлығын, елімнің бірлігін мақтан етемін.
  Жалған пікірді ақиқат пікірге айналдырып жаз.

4. Оқы.

– Қазақстанның мемлекеттік тілі қай тіл?
– Мемлекеттік тіл – қазақ тілі.
– Сен қай тілде сөйлейсің?
– Мен қазақ тілінде сөйлеймін.
•  Диалогті парталасыңмен жалғастырып көр.
  Диалогке қатысуда сөйлеудің қай түрі жүзеге асты?

5. «Қазақ тілі – ана тілім» тақырыбында көпшілік алдында сөйлеуге дайындал. Ол үшін:

1. Жоспар құр.
2. Не сөйлейтініңді құрған жоспарыңа сәйкес ретте.
3. Сөйлейтін сөзіңді түсінікті, мәнерлі жеткізуге тырыс.
4. Сөйлегенде қанатты сөздер мен мақал-мәтелдерді қолдануды ұмытпа.

×
×

Cart