ПЕЙЗАЖДАҒЫ КЕҢІСТІК ПЕРСПЕКТИВАСЫ

1. Сызықтық перспектива дегеніміз не?
2. Сызықтық перспективаның қандай негізгі ережелерін білесің?

  Мына суретке қарап қай ағаштың жақын, ал қайсысы алыс тұрғанын байқауға бола ма? Егер сызықтық перспектива ережесін еске түсірсек, алыстағы ағаш кішкентай болып көрінетінін түсінеміз. Алайда алдыңғы қатарда діңдері жіңішке, ал артқы қатарда жуан діңді ағаштар орналасатын жағдайлар да болады. Сондықтан бұл суретке қарап дәл жауап беру қиын.

  Ағаштардың қайсысы жақын тұрғанын түсіну үшін олардың түбіріне қараймыз. Мысалы, мына суреттегідей. Сол жақтағы ағаш алысырақ, оң жақтағы ағаш көрерменге жақын орналасқанын байқаймыз. Пейзажда кеңістікті көрсетудің тағы қандай тәсілдері бар? Оны білу үшін біз табиғатты бақылауымыз керек.

Ата-анаңмен бірге табиғатқа серуенге шыққанда, байқампаз бол. Алдыңғы және артқы қатарда орналасқан нысандарды салыстырып, қорытынды жаса. Егер тауға шықсаң, оның түсіне назар аудар.

Алыстағы таулардың қалай құбылатынын байқаған боларсың. Шыңын қар басқан таулар алыстан ұлпа бұлттардай жеңіл, көгілдір болып көрінеді. Ал жақындаған сайын орманды тау болса, ашық жасыл түске, қарлы тау болса, ақ түске ұласады.

Мына фотосуреттерге қарашы. Алдыңғы қатарда, яғни көрерменге жақын орналасқан ағаштар мен арт қы қатардағы ағаштарды салыстыршы. Артқы қатардағы ағаштардың түсі туралы не айтасың?

Артқы қатарда орналасқан ағаш түстерінің қанық емес екенін көріп тұрсың. Олардың түсі алдыңғы қатардағы ағаштар тәрізді анық көрінбейді.

×
×

Cart