ЕЛІМІЗДІҢ ТАРИХИ-МӘДЕНИ МҰРАЛАРЫ

  Әрбір адам туған жерінің тарихын білуі тиіс. Еліміздің жүріп өткен жолын тарих сабағынан терең меңгересің. Өзің де әртүрлі дереккөздерден еліміздің тарихи-мәдени жолы туралы көбірек білуіңе болады.

Ғаламтордан және тағы басқа дереккөздерден Қазақстан аумағындағы тарихи-мәдени ескерткіштер туралы мәліметтерді тауып, достарыңмен бөліс.

  Ұлы Жібек жолы – бұл Еуропадан Азияға тартылған ертедегі сауда жолы . Бұл жолмен көпестер өз тауарларын Еуропадан Азияға және кері тасыған. Бұл жол Қазақстан аумағынан өткен.

  Орта Азияда ең көп тараған сауда түрі – ол сауда керуені. Сол себепті Орта Азияны сауда керуені жүретін жолдар торабы орап жатты. Керуендер тізбегінің кейбіреулеріндегі жүк артқан жануарлар саны бірнеше мыңға жеткен. Жібек жолы кейбір тұстарда кең болғандығы сондай, оның бойымен бір мезгілде он екі түйе қатар өте алған! Бұл көптеген қазіргі күре жолдардан кең. («Ұлы Жібек жолы» кітабы бойынша)

Қорған қақпасы. Түркістан

  Ұлы Жібек жолының бойында Үргеніш, Бұхара , Түркістан, Тараз, Баласағұн және тағы басқа Азияның ірі қалалары орналасқан. Бұл қалалардың сәулет ескерткіштері өте әсем әрі ерекше болған. Өкінішке орай, бұл құрылыстардың көпшілігі біздің заманымызға жетпеген. Дегенмен сәулет ескерткіштеріне қарап, сол замандағы құрылыстардың әсемдігі мен асқақтығын елестетуге болады.

1. «Туған жер» бағдарламасы туралы не білесің? Айтып бер.
2. Ол не нәрсеге арналған?
3. Сен оған қатыса аласың ба?

Қожа Ахмет Ясауи кесенесі

Түркістандағы Қожа Ахмет Ясауи кесенесі туралы 3-сынып оқулығынан білесің. Тарихи ескерткіш туралы қосымша мәлімет іздеп тап.

  Кесене, яғни мавзолей сөзі қайдан шыққанын білгің келетін шығар? Мына мәліметті оқып, есіңе сақта .
  «Мавзолей» сөзі Мавсол атты патшаның есімінен тараған екен. Оған арнап біздің дәуірімізге дейінгі 4 ғасырда зәулім қабір салынған. Осыдан кейін әйгілі адамдар зиратының басына тұрғызылған ескерткіштер мавзолей деп аталатын болған.

  Тараз – Ұлы Жібек жолының бойында орналасқан Орталық Азиядағы бас сауда қалаларының бірі. Қалада және оның айналасында бірнеше сәулет ескерткіштері сақталған. Солардың ішіндегі аса көрнектілері – Қара хан, Айша бибі, Бабажа хатун кесенесі.
  Қарахан кесенесі – 11 ғасырдың сәулет ескерткіші. Кесене Қара хандар әулетіндегі атақты ханның құрметіне тұрғызылған.
  Айша бибі кесенесін 11 ғасырда белгісіз сәулетші тұрғызған. Көптеген зерттеушілер кесенені зергерлік жұмыспен салыстырады. Қашалған кірпіштен өріліп қаланған ғимарат тоқылған шілтер тәрізді. Әдемі ою-өрнектер ауада қалықтап тұрғандай әсер қалдырады. Әрине, уақыт өз ізін қалдырмай қойған жоқ. Бірақ қазіргі заман шеберлері бүлініп, қира ған кесенені бастапқы қалпына келтірді.  

Карахан кесенесі

Қайтақ алпына келтірілген
Айша бибі кесенесі

Айша бибі кесенесі жайлы көнеден қалған аңыз бар. Айша бибі өзінің сүйікті жары – Қараханның жорықтан қайтқанын күтіп жүреді. Сағынып күткен жары келе жатыр деген хабарды естіп, ол үйде отыра алмай алдынан жүгіріп шығады. Бірақ шөп арасында жатқан улы жылан шағып, жүгірген сұлу қыз сүйгеніне жете алмай құлайды. Айша бибі сүйгенінің қолында көз жұмады… Айша бибінің өлімі туралы басқа да аңыздар тараған. Өз қалыңдығының құрметіне және махаббаттың құдіретіне арнап ғашық жігіт ескерткіш ретінде кесене тұрғызуды шешеді. Бұл ескерткіш осы күнге дейін өзінің ғажап сұлулығымен келушілерді таңғалдырады

×
×

Cart