Буын үндестігі

· Мәтін мазмұны бойынша пікір білдіруге бағытталған сұрақтар құрастыруды;
· cөзге қосымшаларды буын үндестігіне сәйкес жалғауды үйренемін.
· Дереккөздерден қажетті ақпараттарды табуды үйренемін.​

34. Мәтінді түсініп оқы.

  Сұлулыққа ынтығып, таза ауаға құмартып жүрген баланың денсаулығы да түзеле бастапты.
  – Апа, білесіз бе? – депті ол бір күні қуанып шешесіне. – Табиғаттың бөлшегі ағаш пен гүл ғана емес екен.
  – Иә, гүл де, су да, ауа да табиғаттың бөлшегі демексің ғой?
  – Оларға, әрине, дауым жоқ. Сонымен бірге мына мен де табиғаттың бөлшегі екенмін.
  Ұлының ақылды сөзіне көңілі толған ана елжіреп, оның маңдайынан сүйді.

Нұрдәулет Ақыш

Мәтін мазмұны бойынша бір-біріңе сұрақ қойып, жауап бер.
Мәтін бойынша пікір білдіруге бағытталған сұрақтарды жалғастырып көр:
1. Баланың денсаулығының түзелуіне не әсер етті деп ойлайсың?
2. …
3. …
Мәтіндегі қарамен жазылған сөздерді буынға бөліп жаз. Соңғы буындағы дауысты дыбыстардың жуан немесе жіңішке екенін айт.
Үлгі: мың-дай, …

  Бір сөз ішіндегі дауысты дыбыстардың не бірыңғай жуан, не бірыңғай жіңішке болып үйлесіп келуін буын үндестігі деп атайды.
  Буын үндестігі бойынша қосымша сөздің соңғы буынының жуан-жіңішкелігіне қарай үндесіп жалғанады. Соңғы буын жуан болса – жуан қосымша, жіңішке болса,жіңішке қосымша жалғанады.
  Мысалы: ауа-ға, күн-нің.

35. Бағандағы сөздерді салыстыр. Бұл сөздерге қосылған буындардың дауысты
дыбыстары неліктен жуан немесе неліктен жіңішке екенін бір-біріңе дәлелде.

Отан+ым, адам+дар, табиғат+ та, ғажайып+тар, су+лы

шөп+тің, көл+де, елік+тер, бүркіт+тің, теңіз+ші, түйе+лер

36. Жапыраққа жазылған Жеңіс Қашқыновтың өлең жолдарын сағат тіліне қарсы бағытта оқып шық.

Тапқан өлең жолдарына тиісті тыныс белгісін қойып, көшіріп жаз.

37. Көп нүктенің орнына тиісті қосымшаларды қойып, сөйлемдерді көшіріп жаз.

  1. Құс… ең қырағысы – сұңқар*. 2. Күн көзі… тура қарай алатын құс – тек бүркіт қана. 3. Қарлығаш ұсақ жәндіктерді тек қана ұшып жүріп әуе… аулайды. 4. Пингвин – ең жүз… құс.

38. Мәтінді оқы.

Қазақстан қорықтары

  Барсакелмес қорығы 1939 жылы құрылған. Қорықтың негізгі өсімдігі – сексеуіл. Онда жусан, жыңғыл және басқа өсімдіктер өседі. Қорықта құлан, қарақұйрық, ақбөкен мекендейді. Құстардан дала бүркіті, ителгі*, шағала, жылқышы*, қаз, кішкене бозторғайларды көруге болады.
  Марқакөл қорығы 1946 жылы құрылған. Ол Оңтүстік Алтай тауларының шыршалы, самырсынды, балқарағайлы ормандарын сақтауға арналған. Онда марал, елік, жыртқыштардан сілеусін, қасқыр, құндыз тіршілік етеді. Өсімдіктерге де өте бай. Марқакөл қорығы Оңтүстік Алтай алқабы мен Марқакөл табиғатын қорғау үшін құрылған. Мұнда меңіреуқұр, тиін, Алтай тауларында Алтай ұлары, тұщы су көлдерінде аққулар мекендейді.
  Алакөл қорығы 1998 жылы құрылған. Еліміздегі ең терең көл – Алакөлдің сұлу табиғаты осы қорықтың құрамында. Ол – сазан, жайын және басқа балықтарға өте қолайлы мекен. Алакөл қорығы өсімдіктерге де бай. Құстардан кекілік, қырғауыл, бірқазан*, шағала, аңдардан борсық, барыс, аю тағы басқа жануарлар мекендейді. Сонымен бірге қасқыр, түлкі, қарсақты* көптеп кездестіруге болады.

«Қазақстанның қорықтары мен ұлттық бақтары» кітабынан

Мәтіндегі деректерді пайдаланып, кестені толтыр.

«Қорықтар аумағы» бөлігіне қажетті деректерді түрлі дереккөздерден тауып көр.
Мәтіндегі қарамен жазылған сөздерді теріп жаз.
Бұл сөздер буын үндестігіне сәйкес келе ме? Себебін дәлелде.
Буын үндестігіне сәйкес келмейтін тағы қандай сөздерді білесің?

  Үндестік заңына сай қазақ тілінің байырғы сөздері не бірыңғай жуан, не бірыңғай жіңішке болады: құс, елік т.б.
  Жуан, жіңішке дауысты дыбыстар мынадай сөздерде араласып келеді: 1) басқа тілден енген сөздерде: кітап, қазір, математика т.б.; 2) біріккен сөздер мен қос сөздерде: баспасөз, Алакөл, аман-есен, асты-үсті т.б.

39. Сөздерді қатесіз көшіріп жаз.

Ақбөкен, айлакер, әсемпаз, өнерпаз, арбакеш, әуесқой, көкжал, сезімтал, еңбекқор.
Қарамен жазылған сөздерді қатыстырып сөйлем құра.
Бұл сөздердің жазылуын есте сақта.

40. Суреттерге мұқият қара.

Осы тоқылдақтардың бірін сипаттап жаз.

41. Ребусты шеш.

Ребустың шешуі болатын сөз буын үндестігіне сәйкес келе ме?Дәлелдеріңді бір-біріңе айтып көріңдер.

×
×

Cart