Дыбыс үндестігі

· Суретті сызбаның көмегімен мәтін мазмұнын болжауды және сөздерді дыбыс үндестігіне сәйкес айтуды үйренемін.
· Сөздердің айтылуы мен жазылуын салыстыруды, сөздердің қатесін түзеп жазуды үйренемін.
· Монолог құрай аламын.

42. Суретті сызбаға қарап, мәтіннің мазмұнын болжа. Мәтін не туралы?

Өлеңді мұқият тыңда. Өз болжамыңның дұрыстығын тексер.

– Енді ғана ұшқаным,
Мені неге ұстадың?

Дәу көбелек болғанша,
Жүріп өтем жол қанша? –

Деп көбелек шақты мұң,
Баса алмастан аптығын.

– Жұмыртқадан жаралып,
Жапырақтан нәр алып,
Жұлдызқұртқа айналдым,
Бой түзедім таранып.

Қабықтарым алғашқы
Бірнеше рет алмасты.

Кие бермей әлдене
Еліктедім сәнге де,

Жамылғы орап сыртыма,
Енем сосын ұйқыға.

Күнде өсіп толамын,
Қуыршақ та боламын.
Көбелек боп жетіліп,
Қанатымды қағамын.

Мың құбылған түске енем,
Жарысамын құспенен!

Бөкен Әшенов

Мәтінге ат қой.
Қарамен жазылған сөздерге жалғаудың әртүрлі жалғану себебі неліктен деп ойлайсың?

43. Көп нүктенің орнына тұсындағы қосымшалардың тиістісін қойып жаз.

1. Табиғат… ғажайыптары, көкек… дауысы, ауыл… маңы.

2. Қырман… бару, мектеп… келу, қуыршақ… кигізу, кеме… міну.

3. Үлкендер… үйрену, жүн… тоқу, мата… тігу.

-ның, -нің, -дың, -дің, -тың, -тің

-ға, -ге, -қа, -ке

– нан, -нен, -дан, -ден, -тан, -тен

Түбір сөздің соңындағы және қосымшадағы бірінші дыбыстың астын сыз. Олардың қандай дыбыс екенін айт. Содан өзің қорытынды жаса.

  Дауыссыз дыбыстардың бір-біріне ықпал етіп, өзара сәйкестеніп айтылуын дыбыс үндестігі деп атайды: қаздар, тастан, қабы.

44. Суреттегі зат атауларын үш жақта тәуелдеп айт.

Тәуелдік жалғау жалғанған кезде түбір сөздің қандай өзгеріске ұшырағанын айт.

45. Сөздерді оқып, көшіріп жаз.

Басшы, Сарыарқа, Досжан, теңізші, жазса, түнгі, ашса, сөзсіз, сөнбеді, жанбады.
Сөздердің айтылуы мен жазылуын салыстыр.

Үлгі:

Жазылуы 
басшы 
Бозжан 

Айтылуы
башшы
Божжан

46. Сөз тіркестерін көшіріп жаз.

Ақ жаулық, ай қабақ*, дөңгелек үстел, көк аспан.
Сөздердің аралығындағы көршілес дыбыстардың айтылуда өзгергенін байқа. Олардың айтылуы мен жазылуын салыстырып, өзің қорытынды жаса.

47. Оқы. Сөздердің аралығындағы көршілес дыбыстардың айтылу кезінде өзгеру себебін түсіндір.

Ақ лақ, ала кел, торы ат, ақ алтын, қара ала сиыр.

48. Сөздердің қатесін түзетіп жаз.

Жұмышшы, сембеді, жауыңгер, жарғабақ, ағ лақ, ала гел.

49. «Арал теңізі» тақырыбында берілген жоспар мен тірек сөздерді пайдаланып, монолог құра.

  Жоспар:
  1. Арал теңізі.
  2. Арал теңізінің апатты аймаққа айналуы.
  3. Арал теңізін құтқару шаралары.
  Тірек сөздер: Арал теңізі, мен, апатты аймақ, қазір, ғаламдық проблема, буға айналу, аударылды, бұрынғыдай, су, аз, айналдым, суалып қалды.
  • Монологіңді былай деп баста:
    Мен – Арал теңізімін. …

50. Сөздерді айтылуы мен жазылуы бойынша бір-бірімен сәйкестендір.

қараала 
үңгүр 
жасса 
көмбеді 
келемекен 
көк күл 

 үңгір
қара ала
көнбеді
жазса
көк гүл
келе ме екен

×
×

Cart