Өз отбасымның шежіре ағашын жасаймын
Дауыссыз дыбыстардың түрлері

1. Өлеңнің тақырыбына қарап, оның не туралы екенін болжа.

Ата айтады

Кел-кел, балам, кел, балам,
Айтайын ақыл мен саған.
Демесін ешкім өзіңді,
Әкеден үлгі алмаған.
Жеті атаңды жат біліп,
Атаңдай бол аумаған.

Ата, бала, немере,
Шөбере, шөпшек, немене,
Туажат, жекжат, жамағат,
Біліңдер, балам, бәрің де,
Тапсырайын аманат.

Кәп Құмарұлы

Орфографиялық Сөздік

ататек

•  Өлең мазмұнын өз сөзіңмен айтып бер.
•  Өлеңнің соңғы төрт жолын көшіріп жаз.
•  Қарамен жазылған сөздерден дауыссыз дыбыстарды тап.

Дауыссыз дыбыстар үшке бөлінеді:
1) үнді дауыссыздар: л, м, н, ң, р, й, (у);
2) ұяң дауыссыздар: б, в, г, ғ, д, ж, з;
3) қатаң дауыссыздар: к, қ, п, с, т, ф, х, һ, ц, ч, ш, щ.

2. Суретке қара.

•  Осы сызба бойынша не айтасың?
•  Суретке сүйеніп, өз отбасыңның шежіре ағашын жаса.

3. Жаңылтпашты оқып, жатқа жаз.

Мына балалар,
Неменелерің еді?
Немерелерің бе?
Шөберелерің бе?
Неменелерің бе?

•  Немере, шөбере сөздеріне дыбыстық талдау жаса.

Үлгі:   н – дауыссыз, үнді
          е – дауысты, жіңішке

4. Мәтінді түсініп оқы.

Әдепті қыз

  Әсем әже өз немересі Маржанды әдептілікке үйретіп келеді.
  Маржан ерте тұрып, жуынып жүрген атасына келіп:
– Кеш жарық, ата! – дейді.
– Таң қайырлы болсын, жарығым! – деді атасы күліп.
  Одан соң Маржан ертеңгі астың алдын аяулы атасына ұсынып:
– Ас тәтті, тәбетіңіз тартымды болсын, – деді. Астан соң Жарқын ата ас қайырды.
– Денсаулығыңызға бұйырсын, ата, – деді Маржан ізет білдіріп.
  Маржан мектепте екінші ауысымда оқиды. Кеште мектептен келіп, атасына:
– Күніңіз сәтті болсын! – деді.
– Кешіміз жарық болсын, жарығым! – деп, атасы Маржанның маңдайынан иіскеді.
  Бүгінгі күн осылай қызық өтті.

Әдібай Табылды

•  Маржан қандай қате жіберді?
•  Оның қатесін түзе.

5. Өлеңді көшіріп жаз.

Не ыстық?

– Аспанда Күн ыстық.
– Ал жерде кім ыстық?
– Әке мен шешеміз,

Туған қыз, ұл ыстық.
Бәрінен «Тыныштық»
Деген сөз тым ыстық.

Әдібай Табылды

•  Аспанда Күн ыстық деген сөйлемге дыбыстық талдау жаса.

6. Торкөздерде жасырынған туыстық атауларды тауып жаз. 
Өзің қалаған бір сөзге дыбыстық талдау жаса.

7. Жұмбақ өлеңді оқып, шешуін тап.

Түп нұсқасы –
Халық аты.
Екі шеткі әрпін қысқартса –
Қазақтың қарты.

Ескен Елубай

•  Қарт сөзіне мәндес сөзді тап.

8. Кестені толтырып жаз.

×
×

Cart