Мәтін туралы не білемін?

· Мәтінге тән белгілерді есіме түсіремін.
· Дұрыс құрастырылмаған мәтінді өңдей аламын.

1. Екі бөлікті салыстыр. Қай бөлік мәтін? Неліктен? Кестенің көмегімен дәлелдеп көр.

  I. Жаман адамға да жақсы көзбен қара.
  Нұрайға тосынсый жасадық.
  Күлкі көңілді көтереді.

  II. Нұрай – ибалы, тәртіпті оқушы. Ол – үздік оқушылардың бірі. Сыныптастары үлгі тұтады.

Мәтінді көшіріп жаз. Сөйлемдерді бір-бірімен байланыстырып тұрған сөздердің астын сыз.

2. Берілген сөйлемдерден «Тиін» мәтінін құрастыр. Ол үшін сөйлемдердің
өзара мағыналық байланыста болуын басшылыққа ал.

1. Олар тиінді үнемі қоректендіріп тұратын болды.
2. Тиін саябақта тіршілік етеді.
3. Бірде оған оқушылар жаңғақ әкелді.
4. Тиіннің мұнысы балаларға қызық көрінеді.
5. Тиін жаңғақты тез қағып алды.
«Тиін» мәтінін құрастыруда сөйлемдердің байланысу тәсілінің қай түрін қолдандың?

Балалардың әрекетін бағала.
1. Олар тиінді қызықтау үшін келді.
2. Олар тиінге қамқорлық жасады.

3. Байланысу тәсілдерін пайдаланып, мәтінді көшіріп жаз.

  Таған* көгершіндердің даяр тамақта, жылы орында тұрғанын көрді де, жүнін ақ бояумен бояп, соларға келіп қосылды. Түнде … өзінің қай жерде екенін ұмытып, өзінше айғай салды. Сонда көгершіндер … бөтен құс екенін біліп, қуып жіберді. Бұдан кейін таған өзінің жолдастарына келіп қосылды. Жолдастары жүні ақ болған соң, танымай қуып жіберді. Осы қалпымен … көгершіндерге де қосылмай, өз жолдастарына да қосылмай, көрген күні қараң болды.

Спандияр Көбеев

Мәтіннің мазмұнына сай келетін тақырыптың қысқаша атауын таңда.

Таған не үшін ешкімге қосылмай, бір өзі қалды? Берілген пікірлердің қайсысы дұрыс деп ойлайсың? Өз көзқарасыңды білдір.
  Мен бұл пікірмен келісемін, себебі…
  Мен бұл пікірмен келіспеймін, себебі…

  1. Жеңілдің үстімен, ауырдың астымен өмір сүргісі келді.
  2. Өз туыстары қуып жіберді.
  3. Барға қанағат етпеді.

4. Көргені бойынша жазып шыққан оқушы қыздың мәтінін ретке келтіріп жаз.

  Бірде ол балапандарын ілестіріп көлшікке келді. Суға бірінші болып қаз сүңгіді.
  Жазда мен қаздың өз балапандарын қалай шомылдырғанын көрдім.
  Балапандары да сырғи жүзіп барып, суға сүңгіп шығып жатты. Мен қызыға қарап тұрдым.
  Мәтінің қалай болып шықты? Көшіріп жазып, оқы.

×
×

Cart