Сұхбат аламын
Дауыссыз б мен п

9. Мәтінді мәнерлеп оқы.

Ауылда

  Әлия мен Әсет қалада туып, сонда өсіп келеді.
– Жақында аталарыңа барамыз, – деді бір күні әкесі.
  Келесі күні әкесі мен шешесі Әсет пен Әлияны ауылға алып келді.
  Әлия мен Әсет екеуі атасы мен әжесінің қолында қалғанына екі-үш күн болды. Әлия көбінесе әжесінің қасынан шықпайды. Әсет атасымен бірге жүреді. Кешке қарай мал қоралауға үйреніп алды.
  Бірде кешкі шай алдында әжесі Әсетті іздеп, үйді айналып шықты.
Әсет жоқ. Көрші балалардан сұрады. Әлиядан сұрады:
– Әсетті көрмедің бе, балам?
– Зообақта жүр, – деді Әлия.
– Қарағым-ау, зообағы несі?
  Әлия нақтылай сөйледі:
– Қорықпа, әже. Әсет зообақта жүр. Күні бойы содан шықпайды.
  Әжесі сырттай бақылап қараса, Әсет кішкене ақ лақпен сөйлесіп тұр екен..
– Ақ лақ, сен нешедесің?
– Сенің достарың бар ма?
  Мұны естіген әжесі күліп жіберді.

Мырзатай Серғалиев

•  Мәтін не туралы?
•  Мәтін мазмұны бойынша бір-біріңе сұрақ қой.
•  Қалай ойлайсың, Әсет ақ лақтан сұхбат алды ма?
•  Сұхбатты кімнен алады?
•  Мәтіннен п әрпіне аяқталған сөздерді көшіріп жазып, п әрпінің астын сыз. Бұл сөздерде п дыбысы қалай айтылып тұрғанына назар аудар.

Сұхбат дегеніміз – арнайы сұрақтарға біреуден жауап алу.

Сөз соңында б естілгенімен, п әрпі жазылды: мектеп, кітап, доп, қап.

10. Көп нүктенің орнына п, б әріптерінің тиістісін қойып, сөздерді көшіріп жаз.

Әде…, тала…, до…, жі…, қора… .

11. Мақалды оқып, жатқа жаз.

Талабы жоқ жас ұлың
Жалыны жоқ шоқпен тең.

12. Мәтінді тыңда.

Өнегелі отбасы

  Біздің отбасымыз өте үлкен. Олар: атам, әжем, әкем, шешем, екі ағам, бір қарындасым. Бәріміз тату-тәтті тұрамыз.
  Атам – еңбек ардагері. Елге сыйлы адам. Әкем мен шешем – дәрігер. Ағаларым да жоғары оқу орнын бітірген.
  Бірде біздің үйге аудандық газет тілшісі келді. Атамнан сұхбат алды. Тілші сұхбат кезінде мынадай сұрақтар қойды:
– Ата, еңбек жолыңызды қашан бастадыңыз?
– Еңбек ардагері атағын қашан алдыңыз?
– Отбасыңызда қанша адам бар?
– Балаларыңыз қандай жұмыс істейді?
– Немерелеріңіз нешеу?

Орфографиялық Сөздік

ардагер

•  Досыңнан оның отбасы туралы сұхбат ал.
•  Басқатырғыны шеш. Ол үшін әр қатардан қайталанған әріптерді сызып таста. Шыққан сөз құрамында болатын мақал-мәтел айт.

13. Мәтінді түсініп оқы.

  Асқар әдеттегідей мектепке бір ғана қалам алмады, үш қалам алды. Оны әкесі байқаса да, ештеңе демеді. Бірде ол өте абыржып, әкесіне келді.
  «Әке, сізде бір-екі қалам болса, беріңізші», – деді. Әкесі жұмыс үстелінің тартпасынан екі қалам алып, үндемей ұсынды. Бір күні әкесі: «Асқар, сенің бұл әрекетің мені таңғалдырады. Мектебіңе бірнеше қаламмен кетесің де, біреуімен ғана қайтасың. Қалғандарын қайда жібересің?» – деді.
  «Менің кейбір жолдастарымның жиі-жиі қаламы болмай қалады. Біреулері үйінде ұмыт қалдырады. Сондайда мен оған өз қаламымның біреуін беремін», – деді.

О. Бущенко

•  Мәтін не туралы?
•  Асқар қандай бала?
•  Мәтіндегі негізгі ойды анықта.
•  Мәтіндегі қарамен жазылған сөздердің жазылуындағы өзгерістерді байқа. Оның себебі неде деп ойлайсың?

П дыбысына аяқталған сөзден кейін дауысты дыбыс келсе, п дыбысы б-ға айналды: кітап – кітабы, талап – талабы.

14. Сөйлемдерді көшіріп жаз.

Мен кітапханаға жиі барамын. Онда кітап көп. Алған кітабымды таза ұстаймын.

•  Қарамен жазылған сөздерді салыстыр.
•  П дыбысының б-ға өзгеру себебін түсіндір.

15. Мектеп кітапханасындағы кітапханашыдан сұхбат ал.

16. Берілген сөздерге ы, і әріптерінің тиістісін қосып жаз. П-ның өзгеру себебін түсіндір.

Мектеп, тәртіп, талап, сап, қолғап, шөп, жап.

17. Ойлан, тап. Кестені толықтыр.

18. Мәтінді мәнерлеп оқы.

Үйде кім тұрады?

  Ақтөс бір үйдің жанына жүгіріп келді. Әдемі үй күшікке керемет ұнады. Бірақ Ақтөс үшін өте үлкен еді.
  Бір уақытта есік ашылып, сыртқа бір ұл бала мен кішкентай қыз шықты. Олар есік алдында тұрған сүп-сүйкімді күшікке қызығып кетті.
  Балалардың есімдері – Мадина мен Заңғар болып шықты.
Олар қосамжарласа:
– Күшік, күшік! Бізбен бірге тұрасың ба, үйіміз үлкен. Әрі аулада итке арналған үйшік бар! – деді.
  Ақтөс қуана келісті. Заңғар ауладағы үйшікті ретке келтірді. Мадина ішіне жұмсақ төсеніш жайды.
– Қарашы, үйшігің ұнай ма саған? – деп сұрады балалар күшіктен.
– Әрине, ұнайды! Бірақ, бірдеңе жетпейтін сияқты… Соны табу керек. А-а, таптым! Бұл үйшіктің түсі маған ұқсас болуы керек!
  Мадина мен Заңғар ойлана келе, қолдарына бояу мен қылқалам алды. Қалай ойлайсың, бояу мен қылқаламды не үшін алды? Ақтөс жаңа достар таба алды ма? 

Е. Янушкодан өңделген

•  Мәтін не туралы?
•  Мәтін неше бөліктен тұрады?
•  Мадина мен Заңғар бояу мен қылқаламды не үшін алды деп ойлайсың?
•  Ақтөс жаңа достар таба алды ма?
•  Мәтіндегі табу сөзін тап сөзімен салыстыр. П дыбысының б-ға өзгеру себебі неліктен деп ойлайсың?

19. Екі бағандағы сөздерді жұптастырып жаз.

ша

жа

те

се

та

ке

та
се
те
жа
ке
ша

20. Берілген тірек сөздерді пайдаланып, сөйлемдер құра.

Кітап, жауап, Мөлдір, талап, доп.

21. Сөйлемдерді мағыналық байланысына қарай сәйкестендіріп жаз.

Дәнді
Шөпті
Есікті
Допты

тебу керек.
жабу керек.
себу керек.
шабу керек.

22. Мәдина туған күніне достарын шақырды. Суретте достары оны құттықтап жатыр.

•  Туған күнде кездескен достар бір-біріне не айтты деп ойлайсың?
•  Сен Мәдинаға не сыйлағың келеді?
•  Оған қандай тілек айтасың? Жазып көр.

×
×

Cart