– Рақат апай бар ғой, ол кісі менің желінбей қалған, әркімдер көшеге тастаған нандарды жинап, фермаға апаратынымды да біледі екен. Атайға соны айтып еді, ол кісі: «Нан қадірін білген адам ғана – нағыз адам, жаның жомарт, алақаның ашық, пейілің кең болсын. Тілеген тілегіңе жет, балам», – деп, сол арада екі алақанын жайып, бетін сипады.
– Ой, құлыным, мұнан артық не керек бізге. Ақкөңіл, адал жүрегімен батасын берген екен ғой! – деп, Ажар жүрегі жарыла қуанып, немересін аймалап сүйе бастады.
– Шәйімкүл-ай, Шәйімкүл, мұнда кел. Қуан. Той жаса. Құлынымыз мақтау қағазымен қоса, Дәрмен атасынан бата алып келіпті.
Ермек аң-таң.
– Әже, бата деген не? – дейді қысыла, күмілжи сұрап.
– Ой, жаным, ол атаңның ақ тілегі емес пе! Ол үлкен алғыс емес пе, құлыным-ау!