Мәтін және оның құрылымы

· Тыңдаған мәтіннің әр бөлігі бойынша тірек сөздерді белгілеуді;
· мәтіннің құрылымдық бөліктерін анықтауды үйренемін.

15. Тыңда

  Аттылар үлкен үйдің сыртына келіп тоқтады. Бұларды бір топ адам күтіп тұр екен. Бұл топқа қарай ауылдың үлкендері де жан-жақтан дабырлап сөйлеп, ағылып келе жатыр.
  Осы жиынға екі жолдасынан озып келіп бұрын түскен Абайдың атын біреу алып кете берді. Бала көп ішінен, ең алдымен өзінің шешесін көріп қалды. Соған қарай жүре беріп еді, шешесі анадай жерде тұрып: – Әй, шырағым, балам. Ар жағыңда әкең тұр… Әкеңе сәлем бер! – деді. Абай жалт қарады. Қонақүйдің сыртында екі-үш үлкен кісімен әкесі Құнанбай тұр екен. Бала ыңғайсыздықпен қысылып, шешесінің айтқан сөзінің мәнін ұқты да, әкесіне қарай тез бұрылды.

Мұхтар Әуезов

Тыңдағаныңның мәтін екенін дәлелде. Мәтіннің тақырыбы мен ондағы негізгі ойды анықта. Ат қой.

Мәтіннің неше бөліктен тұратынын анықта. Мәтіннің кіріспе, негізгі және қорытынды бөліктерінде не туралы айтылған?

Әр бөліктегі тірек сөздерді тап. Сол тірек сөздер арқылы әр бөліктің мазмұнын бір-біріңе айтып көр.

16. Мәтінді оқы.

  Адамдардың бір-біріне лебіз білдіруі сәлемнен басталады. Сәлемдесу – сөз басы. Сондықтан халқымыз «Сәлем – сөз анасы» дейді.
  Кішінің үлкенге сәлем беруі – оның әдептілігінің белгісі.
Мәтін не туралы?
Мәтіндегі негізгі ойды анықта. Ат қой.
Мәтінді көркем жаз.

17. Мәтінді оқы.

  Олардың есіктері қарама-қарсы. Есік алдында екеуі жиі кездеседі. Біреуінің қабағы ашылмайды, көршісін көрмегенсіп өте шығады. Ал екінші көрші күлімдей қарап аман- дасады. Бірақ оның қатулы қабағынан тосылып қалады.
  Бірде ақжарқын кісінің немересі қонаққа келді. Ол ешкімді жатырқамайтын, көңілді бала болатын. Қабағы қату көршінің алдынан шыққан балақай:
  – Сәлеметсіз бе! – деді қуана дауыстап.
  Бұндайды күтпеген көршіге мөлдіреген қап-қара тұнық көздер қарап тұр еді. Сүйкімді, бейкүнә көздерден қатал кісі сасып қалды. Ол көршілермен, балалармен сөйлесуді білмейтін еді. Байқамағандай мәшинесіне қарай асыға жөнелді. Оған кішкентай қыз қолын бұлғады.
  Олар жиі кездесетін болды. Көршіге кішкентай қыздың сәлемі ұнай бастады…

Мереке Құлкенов

  Мәтін бөліктерінің атауларын толықтыр.
  1. …
  2. Әдепті балақай.
  3. …
  Құраған жоспарларың бойынша мәтіннің мазмұнын бір-біріңе айтып көр.

18. Тыйым сөздерді сәйкестендір.

Ο Жасы үлкеннің алдын кеспе, сөзін бөлме.
Ο Кісіге қарап есінеме.
Ο Үлкеннің алдында ізетті бол.
Ο Малды басқа ұрма, теппе.

Ο Бұл – әдепсіздік.
Ο Ырысыңнан айырыласың.
Ο Есінегенде ауызды міндетті түрде қолымен жабу керек.
Ο Бұл – үлкенге деген құрмет.

×
×

Cart