Мәтін және оның түрлері

· Мәтін түрлерін бір-бірінен ажыратамын.

19. Мәтінді оқы.

  Орта бойлы толық, ат жақтылау, дөңес қыр мұрынды кісі есік алдында көшеге қарап тұр екен.
  Мұқаң үйге келген кісіні далада тұрып қарсы алады деп еститін Мәлік аға.
  Бұл ерте келдім деп ойласа, ол кісі мұны одан да бұрын күтіп тұр екен-ау!.. Ол ұлы жазушының бойынан жаңа қасиет тапқандай болды. Бұл кішіпейілдік еді.

Жұбан Молдағалиев

Мәтіннің тақырыбы мен ондағы негізгі ойды анықта.
Мәтінге ат қойып, көшіріп жаз. Сын есімдердің астын сыз.

20. Оқы.

  Бұл дүниеде туған жердің жусанынан артық ештеңе жоқ. Сұлтан Бейбарыс қартайған шағында дала кезіп, серуендеп жүріп, көзі бір түп жусанға түседі. Жұлып алып, иіскейді.
  Кенет көз алдына еміс-еміс елес болып қалған туған жері елестейді. Бір ыстық сағыныш жүрегіне толады. Көзінен жас парлайды. Жусанды екі алақанына қысып, бетіне басып тұрып қалады. Сөйтіп, әлгі бір уыс жусанды бойтұмарының ішіне салып алады. Елін сағынған сайын иіскеп, мауқын басады.

А. Қыстаубайқызы

Мәтіннің тақырыбы мен негізгі ойды анықта.
Мәтін сөйлемдеріндегі етістіктерді тап. Олардың мәтіндегі рөлі қандай деп ойлайсың?

21. «Мәтіннің түрлері» сызбасына мұқият қара. Мәтіннің
түрлері және олардың ерекшеліктері туралы айтып көр.

Мәтіннің түрлері

Әңгімелеу

 Қандай да бір нәрсе туралы әңгімеленеді, хабарланады.

не? қайда? қашан? қалай болды?

Сипаттау

Адамның, жануарлардың, табиғаттың, оқиғаның көріністері сипатталады.

қандай? қай?

Пайымдау

Құбылыстың, оқиғаның себептері туралы айтылады, түсіндіріледі; бір нәрсе жайлы дәлелденеді.

неліктен?

  19 және 20-жаттығуларды тағы бір рет оқып шық. Қайсысы әңгімелеу, қайсысы сипаттау мәтіні? Өз жауабыңды түсіндір.
  19 және 20-жаттығулардағы мәтіндер бойынша мультфильм жасайтын болсақ, қай мәтін мазмұнын бір ғана кадрмен немесе бірнеше кадрмен көрсетер едік?

22. Атаулары бойынша мәтін түрлеріне ажырат.

  1. Біздің сыныпта.
  2. Татулығы жарасқан сынып.
  3. Неліктен сыныпты таза ұстаймыз?
  Өзің қалаған атаумен мәтін құрап жаз.

×
×

Cart