Мәтіннің түрлері

· Мәтіннің түрлерін ажыратамын.
· Шешім табуға бағытталған сұрақтар құрастырамын және жауап беремін.

23. Мәтінді оқы. Мәтінде не туралы айтылған?

Қант пен Тас

  Кішкентай Болаттың қолындағы бір шақпақ Қант байқаусызда жерге түсіп кетті де, домалап барып, сонадай жерде жатқан Тасқа соғылды.
  – Шекең ауырды ма? – деді Тас мақтанып. – Өзің келіп тиістің ғой.
  – Ауырған жоқ, – деді Қант ақырын ғана. – Мен байқаусызда саған соқтығып қалдым. Соған да мақтанасың ба?!
  – Мақтанбағанда ше! Бұдан былай байқап жүр. Менің денемнің шойындай қатты екенін біліп қой.
  – Оның несін айтасың? – деді Қант. – Әркімде бір қасиет бар. Сен қатты болсаң, мен тәттімін.
  – Ендеше, білсең, айта қойшы, – деді Тас, – қатты жақсы ма, тәтті жақсы ма?!
  Бұл екеуінің сөзін тыңдап тұрған Болаттың атасы күліп жіберді де:
  – Негізінен тәтті жақсы. Бірақ реті келгенде қаттының да қажеті бар, – деді.

Ахмет Сарбөпин

Бұл мәтіннің қай түрі? Мәтін бөліктерін тап.
Сұрақтарды жалғастыр:

1. Неге тәтті жақсы?
2. Қаттының қандай жақсы жақтары бар?
3. …
4. …

Сұрақтарға жазбаша жауап бер.

24. Суреттерге қара. Оқиға неден басталды? Оқиға
қалай өрбіді? Ары қарай не болды? Немен аяқталды?

Әңгімелеу мәтінін құрап жаз. Ол үшін форзацтағы* әңгімелеу мәтінін құраудың нұсқаулығын басшылыққа ал.

25. Суретке қара. Қандай құс бейнеленген?

Қарлығашты сипаттау үшін:

1) оның ерекше белгілерін анықта;
2) сипаттау дәл әрі анық болу үшін қандай сөздерді пайдаланатыныңды ойлан;
3) оған өз көзқарасыңды білдіруді ұмытпа.

Қайсысы шешімді табуға бағытталған сұрақ деп ойлайсың? Ойыңды дәлелде.
Қарлығаштың түсі қандай?
Қарлығаш ұясын неге үйдің ішіне салады?
Қарлығаш неге қыстап қалмайды?

26. Мәтінді оқы. Сипаттау мәтіні ме, әлде әңгімелеу мәтіні ме?

  Боданбек пен Шоғанбек үйелмелі-сүйелмелі*. Екеуі бірге туғанмен, пішіндері де, мінездері де екі басқа. Боданбек аққұба өңді, жұқалтаң, қағілез*. Ал Шоғанбек жалпақ беттеу, бақабастау, тотыққан қызыл қоңыр, жұп-жұмыр, төртпақтау*. Боданбектен жасы үлкен болса да, бойы үш елідей аласа.
  Боданбек елгезек. Жан-жануарға жаны ашығыш. Күшік көрсе де, мысық көрсе де тимейді, қыңсылатып ұрмайды, құйрығынан сүйреп бажылдатпайды.

Жәнібек Кәрбозин

Екі баланы салыстыра сипаттауда қандай сөздер қолданылған? Олардың пішіні мен мінезінде айырмашылық бар ма?
Қарамен жазылған сөз сипаттауда қандай рөл атқарып тұр?
Мәтін мазмұны бойынша шешім табуға бағытталған сұрақтар құрастырып көр.

27. Кестенің көмегімен «Сипаттау мәтінінің ерекшеліктері» тақырыбында хабарлама жаса.

Сипаттау – заттың немесе құбылыстың негізгі белгілері көрсетілетін мәтін

Сипаттаудың атқаратын қызметі:
зат немесе құбылысты белгілі бір мезгілде әсерлі етіп бейнелеу

Сипаттау түрлері
– пейзаждық көріністі;
– портреттік бейнені;
– интерьерді*;
– адам мінезін сипаттау

Сипаттау құрылымы
1. Затты, құбылысты әсерлі етіп көрсету.
2. Негізгі белгілері.
3. Қорытынды.

×
×

Cart