Диалог жаза аламын
Сөйлем дегеніміз не?

23. Суретке қара. Қожа туралы фильм қалай аталады? Оның кейіпкерлері кімдер?

•  Оқы.

– Неге шақырдың, Қожатай?
– Шақырғам жоқ, ары барыңыз.
– Дауыстағандай болдың ғой?
– Сізге емес … жайша. Мұнда құпия кеңес өтіп жатыр. Бөгет жасамаңыз.

Бердібек Соқпақбаев

•  Оқығаныңның диалог екенін дәлелде. Диалогке кімдер қатысты? Кім сұрады? Кім жауап берді?
•  Диалогті жұбыңмен рөлге бөліп оқы.
•  Диалогті көшіріп жаз.

  Диалогте әрбір кісінің сөзі жаңа жолдан басталып, алдына сызықша қойылып жазылады.

24. Оқыңдар. Қай сөздердің тобы сөйлемді құрайды? Өз жауаптарыңды дәлелдеп көріңдер.

1. Неге, Қожатай, шақырдың.
2. Неге шақырдың, Қожатай?

•  Сөйлемді көшіріп жаз. Бұл сөйлем қандай ойды білдіретінін айтып көр.

25. Қожаның алдына қойған міндеттемелерін оқы. Көшіріп жаз.

  Сабақтан себепсіз қалмаймын. Үйге берілген тапсырманы уақытында орындаймын. Мен үлгілі оқушы боламын.

•  Неше сөйлем жаздың? Әрқайсысында не туралы айтылған?
•  Жазуда сөйлемнің бірінші сөзі қандай әріптен бастап жазылады? Соңына не қойылады? Ауызша сөйлеуде сөйлемдер бір-бірінен қалай ажыратылып айтылады?

Сөйлем аяқталған ойды білдіреді. Сөйлем соңына не нүкте (.), не сұрау белгісі (?), не леп белгісі (!) қойылады.

26. Хабарландыруды оқы. Неше сөйлем бар екенін анықта.

Хабарландыру

  Қаңтардың 7-сі күні сағат 10-да шаңғыдан мектепішілік жарыс өтеді жарысқа қатысам деушілер ұйымдастыру комитетіне алдын ала тіркелуі қажет кешігіп қалмаңыздар көлік мектеп жанынан 830-да жүріп кетеді.

Ұйымдастыру комитеті

•  Тиісті тыныс белгілерін қойып, хабарландыруды көшіріп жаз.
•  Сөйлемнің соңындағы тыныс белгілерінің әрқайсысы қандай «қызмет» атқарып тұрғаны туралы өзің қорытынды жаса.

27. Диалогті қалпына келтір. Төмендегі жауаптарды қандай сұрақтар қою арқылы алуға болады?

– Иә, Беріктің иті жоғалып кетті.
– Жоқ. Ол хабарландыру жазбады.
– Мен Беріктің итінің ерекше белгілерін білмеймін. Сол себепті хабарландыру жаза алмаймын.
– Беріктің итінің суретін тауып, хабарландыру жазайық.

•  Сен хабарландыруды қалай жазар едің?

28. Сынып оқушылары тіл апталығына қызу дайындалуда. 
Хабарландыру жазуды мұғалім саған тапсырды. Сен хабарландыруды қандай мазмұнда жазасың?

•  Алғашқы азат жолдағы сөйлемдерді пайдаланып, мұғалім мен сенің араңда болатын диалогті сөйлеуді іске асыр.

×
×

Cart