§23–24. Қоғамдық-саяси ойдың бастауы және дамуы

Оқу мақсаты:
- ежелгі және ортағасырлық Қазақстанның тарихи тұлғаларының қоғамдық- саяси идеяларын анықтау;
- Қазақстандағы қоғамдық-саяси ойдың дамуына тарихи қайраткерлердің қосқан үлесін бағалау.

Тірек сөздер:

Есiк қорғанынан табылған таңбалы күмiс тостаған. Тостағандағы 26 таңбадан тұратын жазу.

  1. Ежелгі және орта ғасырларда әлеуметтік-саяси ойдың қалыптасуы мен дамуының алғышарттары. Қазақстан аумағындағы алғашқы мемлекеттік құрылымды б.з.б. VІІІ–ІІІ ғасырларда сақ тайпалық одақтары қалыптастырды. Сақтардың мәдениеті адамзат өркениетінің ғажайып жетістіктеріне жатады. Есік обасынан табылған тостағандағы жазу сақтардың әліпбиі болғандығынан мәлімет береді. Табиғатты ерекше құрметтеген сақтар жануарларды «аң стилі» деп аталатын зергерлік бұйымдарда тамаша шеберлікпен бейнелеген. Сақтар туралы деректер ежелгі грек, көне парсы жазбалары арқылы жеткен. Деректерде сақтар ержүрек дала тұрғындары ретінде суреттеледі.
  Б.з.-дың VІ ғасырынан Түркі кезеңі басталады. Ұлы далада 552 жылы Түрік қағанаты құрылды. Түрік қағанаты ыдыраса да Батыс Түрік, Түргеш, Қарлұқ қағанаттары, Оғыз, Қарахан мемлекеттері мен Қыпшақ хандығы дәуірледі. Моңғол шапқыншылығынан соң Қазақстан аумағында негізін Шыңғысханның ұрпақтары қалаған Алтын Орда, ол ыдырағаннан кейін Ақ Орда, Моғолстан, Әбілқайыр хандықтары өмір сүрді. Аталған мемлекеттік бірлестіктердің негізінде қазақ халқы қалыптасып, Қазақ хандығы құрылды.

Жошы хан кесенесі

  Мыңдаған жылдар бойы Ұлы далада Қазақ мемлекеттілігі прототүркі, түркі тайпалары негізінде қалыптасты. Сақтардан бастап қазіргі тәуелсіз Қазақстан Республикасына дейінгі түрлі тарихи дәуірлерде өмір сүрген дербес мемлекеттік құрылымдар әркелкі аталып келді. Сонымен қатар жергілікті тұрғындардың өзіне тән тілі, антропологиялық ерекшелігі, салт-дәстүрлері тұрақты, өзгеріссіз сақталынып қалды. Дала тұрғындары қоршаған ортаның табиғи-климаттық жағдайына икемделген шаруашылық жүргізді.

Есіңе түсір
Ежелгі заман мен орта ғасырларда Қазақстан аумағында қандай мемлекеттік құрылымдар өмір сүрді?

  Біз мыңдаған жылдарды артқа тастап, тағдыр соқпағынан сүрінбей өтіп, мемлекеттігіміз, тіліміз және мәдениетіміз, ұлттық өзегіміздің сабақтастығын сақтап қалдық. Келешекте оны ғасырлар мен мыңжылдықтар бойы көздің қарашығындай сақтап, «Мәңгілік Ел» идеясын болашақтың бағдаршамы ретінде ұстанатын боламыз. Әлемдік деңгейдегі тұлғалардың ұрпаққа аманат етіп қалдырған ой-пікірлерінің адамзат үшін маңызы зор.
  2. Анахарсис, Мөде, Күлтегін, Қорқыт Ата. Мемлекеттік идеологияны әйгілі билеушілер, кемеңгер ойшылдар, қоғам қайраткерлері қалыптастырады. Тарихта «Скиф Анахарсис» деген атпен белгілі сақ ғұламасы қоғамдық құрылыс мәселесімен айналысқан. Ол әділ өмір үшін жақсы заңдардың болуы жеткіліксіз, заңды әділ қорғаушылар керек деп есептеген. Әлеуметтік жағдайы мен қызметіне қарамастан, адамдардың заң алдында бірдей екендігін айтқан. Анахарсистен «қызғаныш пен қорқыныш – адамның ең жаман қасиеттері» деген сөз қалған.
  Ғұндардың атақты билеушісі Мөде б.з.б. 209 жылы билікке келді. Ол ел басқару жүйесінде бірқатар реформалар жүргізіп, ғұн мемлекетін бір орталыққа біріктірді. Қытай деректеріне қарағанда, Мөде 300 мыңдық тұрақты әскер құрды. Ғұн әскерінің ұйымдастырылуы ондық жүйеге негізделді. Мөде мемлекет пен халықтың құнды байлығы ең алдымен оның жері екендігін жұртына терең ұқтырып: «…Жер – ол мемлекеттің негізі. Оны қалай береміз?» – деп атқа қонып, білектің күшімен, найзаның ұшымен қорғап, ұрпаққа аманат еткен.
  Асыл текті түркі жұртының ұрпағы, атақты мемлекет басшыларының бірі – Күлтегін. Күлтегін жазуы ежелгі түркі жазба ескерткішінің ғажайып үлгісі саналады. 1893 жылы даниялық ғалым В. Томсен Моңғолияда табылған руналық ескерткіштердің түркі тіліндегі мағынасын анықтап, жазулар осы билеушімен байланысты деген қорытынды жасады.

  Күлтегін құрметіне оның айтқан сөздері тасқа қашап жазылған. «Өлімші халықты тірілттім, жалаңаш халық тонды, кедей халықты бай қылдым, аз халықты көп қылдым. Тату елге жақсылық қылдым», – деген жолдардан Күлтегіннің түпкі мұраты – ел бірлігі мен оның бақытты өмірін аңсауы қазіргі мемлекет басшыларының үлгісіне айналып отыр. Күлтегін батыр – Түрік қағанатының құдіретті тұлғасы. Оның билігі кезінде қағанаттың күш-қуаты артты, жері барынша кеңейді, ел тұрмысы түзелді. «Түнде ұйықтамадым, күндіз отырмадым. Қызыл қанымды төктім, қара терімді ағыздым. Күш-қуатымды аямадым», – деген Күлтегін сөздері оның түркі елі үшін аянбай қызмет еткенін айшықтайды.

Ойлан
Қазақ халқының жерге қатысты қандай даналық сөздері мен мақал-мәтелдерін білесің?

Күлтегін ескерткіші

  Ортағасырлық ұлы ойшыл, жырау, қобызшы Қорқыт Ата ел бірлігін нығайтқан кемеңгер қайраткер, түркі дүниетанымының негізін қалаған ғұлама ретінде белгілі. Қорқыт Ата халыққа мәңгілік бақыт әкелетін жерұйықты іздеген данагөй ойшыл. Ол уақытты қадірлеуге шақырды, ұрпағына өлмес күйлерін қалдырды.

Түрік қағанатының күшеюіне ықпал еткен тұлғаларды атаңдар.

  3. Әбу Насыр әл-Фараби және оның мұрасы. Әбу Насыр Мұхаммед ибн Мұхаммед ибн Ұзлағ ибн Тархан әл-Фараби – Шығыстың ұлы ойшылы. Оның еңбектері Шығыс пен Батыстың ғылыми ойының дамуына ықпал етті.
  Әл-Фараби грек ойшылдары Платон мен Аристотельдің саяси және этикалық көзқарастарына сүйенді және ежелгі Шығыстың әлеуметтік идеяларын одан әрі жетілдіріп, қоғам туралы құнды қағидасын ұсынды.
  Ойшылдың пікірінше, қайырымды қала билеушісінің даналық, азаматтық қасиеті мен ойлау қабілеті жоғары тұруы керек.
  Әл-Фараби мемлекет басшысы ақылды, әділ, рухани жағынан жетілген, күнделікті өмірде өзін қарапайым ұстағаны дұрыс дейді. Адамгершілік қасиетін сақтап, өсек-аяңға, заңсыз жолмен байлық жинауға қарсы тұруы, өз басының мүддесін қоғам мүдделеріне бағындыруы туралы айтады.
  Әрбір ел басшысы осы қасиеттерге лайықты болса, халық бақытты да бай өмір сүреді. Мұндай қоғамда азаматтар әрдайым мемлекеттің қамқорлығында болады. Әрбір азамат мемлекеттің байлығынан өз үлесін алуы тиіс. Әл-Фарабидің пікірінше, «азаматтар өзара көмегі мен бірлігі арқылы бақытты, ізгі өмірге қол жеткізеді».

  Зорлықсыз, бақытты қоғам орнату сол елдің мемлекет басшысының ақылы-білімі мен адамгершілігіне байланысты. Ізгі қала тұрғындары тату-тәтті өмір сүріп, ғылым мен білімді дамытып, бір-біріне көмектесіп тұрады. Ғұлама қайырымды қалалармен бірге надан, бұзылған, қайырымсыз қалалардың да болатынын ескертеді.
  Әл-Фарабидің саясат туралы айтқан құнды ойлары Еуропа және араб Шығысы мен Орта Азия елдерінде саяси-құқықтық ілімнің дамуына ықпалын тигізді.

Анықта
Елімізде әл-Фарабиге көрсетілген құрметті неден байқауға болады?

Жүсiп Баласағұни

  4. Жүсіп Баласағұни. Белгілі түркі ақыны және ойшылы Жүсіп Баласағұнидің есімін әлемге танытқан «Құтадғу білік» («Құт негізі – білік») дастаны болды. Баласағұни дәулетті отбасынан шыққан. Данышпанның ақыл-парасаты мен қабілеті, патша сарайындағы хас-хажиб (бас уәзір) қызметі мен кейінгі жинақталған әдебиет саласындағы терең білімі оған адамның қоғамдағы орны, мінсіз қоғам, мемлекет туралы парасатты ой-тұжырымдар жасауға мүмкіндік берді.
  Ойшылдың пікірінше, ел басқаруда білімнің күш-құдіреті зор. Ақынның еңбегінде білім өмірдің мәні және қоғамның мәдени, рухани деңгейінің өлшемі ретінде көрсетіледі. Ұлы ойшыл оқу мен білімді кез келген мемлекет пен қоғам дамуының негізі ретінде қарастырды. Мемлекетті басқару жүйесі, қоғамдық қатынастар білім мен ғылымның дамуына сәйкес келуі туралы айтты.
  «Құтты білік» дастанында Ж. Баласағұни өмірдегі ең өзекті мәселелерді көтереді. Жеке адам мен қоғам, бақытқа жету жолы және кемел мемлекет құру туралы ғұлама ойының қазіргі қоғам үшін де маңызы зор. Ойшыл мемлекет басшысы ақылды, мейірбан болу керек деп, адал билеуші Күнтуды (Қарахан мемлекетінің билеушісі) – әділдіктің символдық бейнесі ретінде ұсынады. Бұл бектің тұсында ел бақытты өмір сүрген. Ізгілікті қоғамның мәңгілік арқауы – әділеттілік. Ол бақытқа апарар жол. Өз халқын ізгілікке жеткізген билеуші ғана бақытты болмақ. Баласағұнидің ел басқарған бекке (басшыға – авт.) қояр талабынан мінсіз билеуші бейнесі көрінеді.

  Ж. Баласағұни «Құтты білік» еңбегінде мінсіз әділ заң-ережелерге сүйенген ізгі, кемел қоғам үлгісін ұсынады. Сонымен қатар ақын өтпелі өмір мен өлім жайында терең толғанады. Оның пікірінше, адам өмірге – қонақ, дүние қызығы мен тән тілегі жетегінде кетпей, Алланы сүю, ізгілікке жету, білімге ұмтылу керек. Ол: «Кісі мәңгі болмас, мәңгі қалар оның жақсы аты», – деп жазады.
  Баласағұни ескерткендей, білім мен парасат адам мен қоғам өмірінде кездесетін зұлымдықтардың алдын алу үшін қажет. Білім – адамның өмірдегі өз орнын табуға және қайырымды болуға жол ашады.

Пікірің қажет
Ж. Баласағұни еңбегіндегі қоғам құндылықтарын қазіргі біздің қоғаммен салыстыруға бола ма?

Махмұт Қашғари

  5. Махмұт Қашғари. Қарахан әулетінің билеушісі Сатұқ Боғра ханның ұрпағы Махмұт Қашғари «Диуани луғат-ат-түрік» («Түркі тілдерінің сөздігі») еңбегін жазды. Түркі халықтарын түгелге жуық аралап, араб-парсы тілдерін, әдебиеті мен мәдениетін меңгерген.
  Алғашқы болып сол дәуірдегі түркі тілдерінің ғылыми грамматикасын жасады. Бұл кітапта ХІ ғасырда өмір сүрген көптеген түркі тайпаларының өмірі мен тұрмыс-тіршілігі жайында құнды мәліметтер қамтылған. Зерттеуші қазіргі қазақ тілінде айтылып жүрген сол замандағы мақал-мәтелдерді келтірген. Махмұт Қашғари түркі тілін әлемдегі ең таза тілдердің бірі деп есептейді: «Мен – түркі боламын», түркі тілі – «ең ашық-айқын әрі тура – түзу тіл». Ғұлама таза тіл деп өзге тілдің ықпалында кетпеген тілді атайды.

  М. Қашғаридың пікірінше, қоғамның дамуы адамгершілік қасиеттерге байланысты. Ол үшін елдің азаматтарын патриоттық сезім, Отанға деген сүйіспеншілік, батырлық пен батылдық рухында тәрбиелеу қажет. Түркілер ұғымында Отан – туған жері, дәстүрі мен ұлттық мәдениеттен тұрады.
  Адам баласының бәріне бейбіт өмір, тыныштық пен бақыт тілеп, Қашғари замандастарын өздігінен жетілуге шақырды: «Ізгілікке талпын, өркөкірек болма». Түркі сөздер жинағы туралы өзі: «Бұл кітап ұрпақтан ұрпаққа халықтық мұраны қаз-қалпында жеткізу мақсатымен қиянға қанат қағып, мәңгілік өмірге біржола жолдама алды», – деп жазды.

Ойлан
М. Қашғаридың еңбегіндегі мақал-мәтелдер қазіргі қазақ қоғамында айтылады ма? 

Қожа Ахмет Ясауидiң «Даналық кiтабының» мұқабасы

  6. Қожа Ахмет Ясауи. Белгілі сопылық ақын Қожа Ахмет Ясауи еңбектерін түркі әдеби тілінде жазды. Ясауи ілімі тек Түркістанда ғана емес, сонымен қатар Мауараннахр, Хорасан, Еділ бойы, Әзірбайжан, Анадолыға дейін жеткен. Қожа Ахмет Ясауи басты еңбегі «Диуани хикметте» («Даналық кітабы») ислам қағидаларын түркілер дүниетанымымен байланыстырады. Кітап түркі тілінің қыпшақ диалектісінде жазылған. Ол өзінің даналық кітабында адамзатты имандылыққа, әділдікке, адалдыққа, мейірімділікке үндейді.
  Ахмет Ясауи сопылық идеяларын жергілікті салт-дәстүрлерімен үйлестіре дәріптейді. Ақын хикметтерінде о дүниедегі бақилық жайында: «Дүние менікі дегендер – жаһан малын алғандар, пара алған әкімдер – арамдықпен жүргендер, алтын тақта отырса да, топырақ астына түседі, сенген құлдар – адалдар, садақамен тұрады», – деп жазады.
  Ясауи мұрасы сопылық түркі халықтардың рухани танымында маңызды орын алды. Ойшыл-ақын халықты мүсәпірлерге қайырымды болуға, қиыншылыққа төзіп, Жаратушыға деген сенімін кемітпей, шүкірлік етуге шақырады. Ясауи ілімі әрбір адамның өмірде алатын орнын оның ішкі жан дүниесі тазалығымен анықтайды. Елдің бірлігін, халықтың татулығын, адамгершілік пен имандылықты ту етіп, адалдыққа үндеген Қожа Ахмет Ясауи түркі жұртының қасиетті әулиесі атанды. Ол өзінің бар қабілетін туған еліне, өскелең ұрпақтың тәлім-тәрбиесіне жұмсады.

  Тәуелсіздік алған жылы ашылған Түркістан қаласындағы университетке Қожа Ахмет Ясауи есімінің берілуі ұлы ойшыл бабамызға деген үлкен құрметтің белгісі және ұрпақ парызы болып табылады. Түркістан қаласы бүгінде Түркістан облысының орталығы саналады.
  Әл-Фараби, Қожа Ахмет Ясауи, Жүсіп Баласағұни, Махмұт Қашғари т.б. ортағасырлық ғұламалардың еңбегі арқасында қазақ қоғамының қоғамдық-саяси ой-санасы қалыптасып, мемлекеттік құрылымы нығая түсті.

Ойлан
Басқа қандай шығыс ғұламаларын білесің?

1. Ежелгі көшпелілердің Жер-Анаға деген құрметі қандай болды?
2. Неліктен орта ғасырларда әлеуметтік-саяси ойдың дамуы қарқын алды?
3. М. Қашғаридың «Түркі тілдерінің сөздігі» («Диуани луғат-ат-түрік») еңбегін жазуына не себеп болуы мүмкін?
4. Қазіргі таңда қазақ даласының ойшылдары өз дәрежесінде ұлықталып жүр ме?
5. Ежелгі және ортағасырлық ойшылдар көзқарасының бүгінгі күні өзектілігі неде?

Ежелгі түркілер (прототүркі) (грек. protos) – алғашқы. Алғашқы түркі немесе түркілердің ата-бабалары.
Сопылық – ислам діні ағымдарының бірі. Сопы деп дін жолына түскен құдайшыл, тақуа адамды айтады.

Күлтегін – Шығыс Түрік қағанаты әскерінің бас қолбасшысы, саяси қайраткер.

Шығармашылық тапсырмалар.

1-тапсырма. Қосымша материалдарды пайдаланып, антикалық және түркі
ойшылдарының қоғамдық-саяси көзқарастарын салыстырыңдар.

2-тапсырма. «Ортағасырлық Қазақстанда қоғамдық-саяси ойдың қалыптасуы мен дамуына ислам дінінің ықпалы» тақырыбына ой-толғау жазыңдар.

Қожа Ахмет Ясауи
ДАНАЛЫҚ КІТАБЫ

Дүние-мүлікке құмартып жаһан малын жиғандар,
Құзғын жемін жегендер арамға әбден батпақшы.
Молла, муфти болғансып, жалған дұға қылғандар,
Ақты қара дегендер тамұққа барып жатпақшы.
Қазы, имам атымен қол қойса нақақ жалаға,
Сол үкімнің салмағы өздерін басып қалмақшы,
Арам жеген әкімдер, құныққандар параға,
Өз бармағын тістелеп, өкініш отқа жанбақшы.
Таңдап тәтті жегендер, атлас-қамқа кигендер,
Алтын таққа мінгендер жер мен жер боп жатар-ды.

Қазақ әдебиеті. Хрестоматия. Жалпы білім беретін мектептің 8-сыныбына арналған. – Алматы, 2018. 30-бет.

Ғұлама ойшыл қоғамды қандай жаман қылықтардан сақтандырады?

×
×

Cart