Табиғат және музыка

1-тапсырма. Тыңдау. Талдау.

Табиғат біздің әлемімізді әдемілейді. Орманның сиқырлы сыбдырын, бұлақтың нәзік сылдырын, құстардың сайрағанын біз қашан да сүйсініп тыңдаймыз. Ал таулардың асқақ шыңдарына, даланың дарқандығына, өзен -көлдің айнадай айдынына сүйсіне қараймыз. Осындай ғажап көріністер композитор, музыканттардың қиялын оятып, шығармашылық шабыт бе ре ме? Сен қалай ойлайсың?

Интернет желісінен немесе бейнетаспада берілген көріністерді көр. Мына сұрақтарға жауап бер:

• Табиғат дегеніміз не?
• Жанды табиғатқа не жатады? Жансыз табиғатқа не жатады?
• Бірінші сыныпта «Дүниетану» сабағында өткен ақпараттарды есіңе түсір. Түсінгеніңді айтып бер.

2-тапсырма. Зерттеу. Талдау.

«Табиғат әуені»

   Ойынның шарты. Сөзжұмбақта «табиғат» сөзін құрастыратын «жанды табиғатқа» қатысты сөздер. «Жансыз табиғатқа» қатысты сөздер «әуені» деген сөзді құрастырады. Ұсынған сөздерден керектілерді тауып, сөзжұмбақты сыныппен бірге шеш. Таңдаған сөздерге өз түсінігіңді айтып бер.

   Жанды табиғат: құстар, жемістер, мал, жан-жануарлар, балық, ағаш, адам, көгөніс, бидай, тауық.

   Жансыз табиғат: су, теңіз, тас, түн, тау, күн, таң сәрі, ай, құм, жел, бұлттар.

3-тапсырма. Зерттеу. Ақпарат іздеу.

Табиғат пен музыка

(интербелсенді ойын)

   Ойынның шарты. Оқушылар үш топқа бөлінеді: «Жанды табиғат өкілдері», «Жансыз табиғат өкілдері», «Музыканттар». Бірінші топ: «Жансыз табиғат (мысалы: су, ауа, күн) жоғалып кетсе , адам баласы, жанжануарлар, өсімдіктер өмір сүре ала ма?» деген сұраққа мәлімет іздейді және мысалдар келтіріп, жауаптарын дәлелдейді. Екінші топ жанды және жансыз табиғаттың байланысын, мәлімет пен мысалдар ке лтіріп көрсе теді. «Музыканттар» тобы табиғаттың композиторлар шығармашылығына беретін әсеріне және музыка мен табиғаттың байланысына түсінік береді. Үш топтың орындайтын соңғы тапсырмасы – табиғат пен музыканың бір-бірімен байланысын мысалдар келтіріп, дәлелдеп, түсінік беру.

   Табиғатқа қатысты: қоршаған орта, жан-жануарлар, өсімдіктер, жер, ауа, күн мен түн, ай мен жұлдыздар, су, өзендер мен көлдер, таулар мен дала, орман және адам. Ол жанды және жансыз табиғатқа бөлінеді.

   Жанды және жансыз табиғат бір-бірімен тығыз байланысты. Себебі, жан-жануарлар, өсімдіктер және адамның өзі күн, жылу, су, ауа болмаса өмір сүре алмайды.

   Табиғатқа қатысты емес: адамның қолымен жасалынған заттар (мысалы, музыкалық аспаптар, музыкалық шығармалар, әндер).

• Суреттерді анықтап қара. Қай суреттер табиғат құбылыстарын, ал қай суреттер адам қолымен жасалынған музыкалық аспаптарды бейнелейді?
• Адам жасаған музыкалық аспаптар мен нота жазбаларын табиғат заттарына жатқызуға бола ма?
• Табиғат пен музыканың байланысын табиғатқа арналған әндер мен түрлі музыкалық шығармалар арқылы көруге бола ма?
• Музыкалық аспаптар табиғат құбылыстарының дыбыстарын сала ала ма?

4-тапсырма. Тыңдау. Талдау.

Қазақ жері

(«Тұран» этнофольклорлық ансамблінің орындауында үзінді)

• Шығарма орындалғанда көз алдыңа нені елестеттің?
• Қандай аспаптардың дыбыстарын естідің? Суреттерден тауып ал.

• Асп аптар табиғаттың қандай көріністерін бейнелейді. Түсінгеніңді айтып бер.
• Аспаптар дыбыстарының айырмашылығы неде?
• Аспап дыбысының шығуы немен байланысты?
• Осы аспаптардың дыбысын кемпірқосақ түстерімен салыстыр.
• Қай аспаптардың дыбысын жылы түстер қатарына жатқызуға болады?
• Қай аспаптарды суық түстер қатарына жатқызуға болады?
• Екінші сыныпта сен тембр (дыбыс бояуы), регистр туралы түсінік алған болатынсың. Есіңе түсір.

Регистр – музыкалық дыбыстардың түрлі биіктігі: жоғары, ортанғы, төмен.

Аспаптар үні, адам дауысы үш регистрге бөлінеді: жоғары, ортанғы, төмен.

Тембр – дыбыс бояуы (сапасы).

5-тапсырма. Әнді үйрену.

Кемпірқосақ

Өлеңін жазған: А. Асылбек
Әнін жазған: Ә. Бүшікова

Жаңбыр жауып, басылды,
Күннің көзі ашылды.
Өзен, көлдің үстіне
Кемпірқосақ асылды.

Қайырмасы:

Қызыл түсі қызғалдақтай,
Сары түсі сарғалдақтай,
Көгілдірі көк аспандай,
Көгі жайлау жарасқандай,
Ел қызыға қарасқандай,
Кемпірқосақ ғажап қандай!

Кемпірқосақ тамаша,
Көз тоймайды қараса.
Бейне әжем тоқыған
Түрлі түсті алаша.

Қайырмасы.

1. Әннің бірінші шумағы мен қайырмасын мұғалім қойған талаптар бойынша үйрен.
2. Оны мәнерлеп, әдемі айтуға тырыс.
3. Әннің ырғағын шапалағыңмен ақырын сүйемелде.
4. Ән туралы өз пікіріңді айт.

6-тапсырма. Суырыпсалма

«Көңілді кемпірқосақ»

(суырыпсалма ойын)

   Ойынның шарты. Топтық жұмыс. Өз тобыңмен бірге мына тақпаққа до, ми, соль ноталарды пайдаланып, қарапайым бір жол әуен құрастыр. Оны тақпақтың әр жолына пайдалан.

   Мазмұнына қарай көркемдеуіш құралдарды (екпін, ырғақ, дыбыс биіктігі, форте, пиано сияқты динамикалық белгілерді) пайдалан. Көтеріңкі көңіл күйде мәнерлеп әдемі орында, шулы аспаптармен сүйемелде.

Күн күркіреп аспанда,
Найзағай көкте ойнады.
Жел бұлтты алып қашқанда,
Кемпірқосақ жайнады.

7-тапсырма. Бағалау.

1. Ойынның шарты бойынша тақпақты құрастырған әуеніңмен қосып орында.
2. Мына сұрақтарға жауап бер:
    • Әуенді шығару барысында қандай қиындықтарға тап болдың?
    • Өз таныстырылымыңды қалай жақсартар едің?

×
×

Cart