Біріккен сөздер

· Мәтіннің тақырыбы мен мазмұнының өзара сәйкестігін анықтаймын.
· Мәтіндегі негізгі ойды табамын.
· Біріккен сөздердің жазылу ерекшелігін үйренемін.

35. Максим Зверевтің «Мен қалай жазушы болдым?» мәтінін түсініп оқы.

  1903 жылы мен сегізде едім. Әкем «Баламды көктемгі аңшылыққа апарам» дегенде шешемнің көзі шарасынан шықты. Сонда қос ат жеккен арбаның лайсаң батпаққа күпшегінен* кіріп келе жатқанын ұмытпаппын. Табиғатпен қоян-қолтық келгенім* – тасыған су жиегіндегі көгалда қарсы алған таңым жадымда өшпестей болып қалыпты. Үйге келген соң, жаңағы сапарымды жазғым келді. Үлкен сызықты дәптерге тұңғыш рет «әңгіме» жазып, әкеме көрсеттім. Менің емле қателерімді көргенде, әкем жағасын ұстап, қызыл қарындашпен түзете бастады.
  Арада бірнеше жыл өтті. Жаздыгүні тал түсте иісі аңқыған пішен маясының төбесіне шықтым. Тұс-тұстан құстар сайрайды. Өз көзіммен көргенімді жазсам қайтеді деген құштарлық ерікке қоймады. Бір өшіріп, бір жаздым. Қате қаптап жүр екен. Қателерімді түзеп, жазғанымды әдемілеп көшірдім. Содан кейін барып әкеме көрсеттім. Ол кісі оқып шықты да, көзілдірігінің үстінен маған таңдана қарады.
  Мен ғалым-зоолог болсам да, жазсам-ау деген құмарлығым бәсеңдеген жоқ. Бүгін, міне, балалар, менің табиғат жайында жазған 120 кітабым бар.
  Менің кішкентай оқырмандарым, оқудан, үйренуден жалықпаңдар.

Аударған Мұзафар Әлімбай

Мәтіндегі негізгі ой мен тақырыптың не туралы екенін анықта.
Мәтіннің соңғы бөлігіне ат қой. Қойған атың негізгі ойдың қысқаша атауы екенін дәлелде.
Мәтіннен біріккен сөзі бар сөйлемді тауып жаз.

36. Мәтінге қатысты парталас жұбыңның пікірін білу үшін сұрақтар құрастыр. Сұраққа жауап беруге дайындал.

Үлгі: Бала Максимнің қай қасиеті оны жазушылыққа әкелді?
Сұрақтарың мен олардың жауабын жаз.

37. Жазушы болу үшін қажетті қадамдарды мәтінге сүйеніп, толықтырып жаз.

1. Болашақ жазушы көп оқуы және үйренуі керек.
2. …
3. …
4. …

38. Берілген біріккен сөзді пайдаланып, сурет бойынша сөйлемдер құрап жаз.

Жүсіпбек.
Жүсіпбек сөзінің айтылуы мен жазылуын салыстыр.
Жүсіпбек сөзінің қандай сөздерден құралғанын айт. Олардың дыбыстық құрамында болған өзгерісті байқа.

39. «Біріккен сөздер» кестесін толтыр.

Өзіңе ұнаған біріккен сөз туралы ақпарат жина.
Таңдаған сөзіңнің неліктен олай аталатындығына жауап іздеп, хабарлама дайында.

×
×

Cart