Музыкадағы жанды табиғат көріністері

1-тапсырма. Әңгімелесу.

Мына сұрақтарға жауап бер:

• Табиғат адамға қалай әсер етеді?
• Табиғаттан қандай дыбыстарды естуге болады?
• Табиғат дыбыстарын сазсырнай және сыбызғы сияқты үрлемелі музыкалық аспаптар арқылы жеткізуге бола ма?

2-тапсырма. Тыңдау. Ақпарат іздеу. Орындау.

• Сыбызғы мен сазсырнай аспаптарының дыбысталуын тыңда.
• Сыбызғы, сазсырнай аспаптары арқылы қандай табиғи құбылыстарды бейнелеуге болады деп ойлайсың?
• Осы аспаптар арқылы қандай жанды табиғат дыбыстарын дыбыстауға (көрсетуге) болады?

Сыбызғы аспабы

(Шоғанбай. «Ұлар» күйінен үзінді)

Авторы: А. Құдайбергенов

Сыбызғы – үрлемелі аспап. Қамыстан, ағаштан жасалады.

Сыбызғы

(қысқа қайырым)

Өлеңін жазған: А. Асылбек
Әнін жазған: А. Исағұлова

Қамыс, қурай, ағаштан
Түтікше боп ысылған.
Үрлемелі ойықты,
Дыбысы нәзік сызылған.

Сазсырнай аспабы

(«Балдырған» күйінен үзінді)

Авторы: А. Құдайбергенов

Сазсырнай – үрлемелі аспап. Күйдірілген сазбалшықтан жасалады.

3-тапсырма. Тыңдау, орындау және талдау.

Сыбызғы, сазсырнай аспаптарының нәзік дауысы талай адамды таңғалдырған. Оларға арнайы өлең-тақпақтар, жұмбақ және әндер шығарылған. Солардың бірі – «Сыбызғы, сазсырнай» әні.

Сыбызғы, сазсырнай

Өлеңін жазған: Ш. Сариев
Әнін жазған: В. Питерцев

Өзіңмен сырласам, жүрегім, жырлашы,
Сыбызғы, сазсырнай, үнімді сен тыңдашы.
Жұлдыздар тамсанған, кеудемде қанша арман.
Сызылтып ән салам, бақытым осындай.
Сен десе жүрегім-ай, сыбызғы, сазсырнай.

• Әнді мұқият тыңда, сөздеріне , әуеніне көңіл бөл. Ән адам бойындағы қандай сезімдерді оятады?
• Әннің шумағын үйрен , мәнерлеп орындауға тырыс.
• Бұл әнде жанды табиғат қалай сипатталған?
• Әнді орындағанда қандай көркемдеуіш құралдарды пайдаланар едің?

4-тапсырма. Тыңдау және талдау.

Бұлбұл

Бибігүл Төлегенованың орындауындағы Л. Хамидидің «Бұлбұл» әнін тыңда.

• Әншінің орындауында қандай жанды табиғат бейнесін (дауысын) көз алдыңа елестетуге болады?
• Орындаушы әннің көңіл күйін не арқылы жеткізіп тұр?

5-тапсырма. Суырыпс алма. Таныстыру.

«Жанды табиғат көрмесі»

(суырыпсалма ойын)

Ойынның шарты. Суреттерде берілген жанды табиғат көріністерін өз дауысыңмен, шулы аспаптар немесе түрлі дене (пантомима, би және т.б.) қимылдары арқылы көрсет. Топпен ақылдасып, таныстырылымға дайындал.

Жұмысыңды сыныптастарыңмен ортаға сал:

• Өзіңе таныс қандай музыкалық аспаптар арқылы көрмедегі суреттерді бейнелеуге болады? Мысалы: сазсырнай, сыбызғы, қобыз, шаңқобыз, домбыра, даңғыра және басқа таныс аспаптар. Түсінгеніңді айтып бер.
• Суреттегі бейнеге лайықтап өз дауысыңмен немесе шулы, музыкалық аспаптармен келтіріп көрсет.

×
×

Cart