БЕЙНЕЛЕУ ӨНЕРІНІҢ ТҮРЛЕРІ

    Бейнелеу өнерінің бірнеше түрі бар. Оның негізгі түрлері: кескіндеме, графика, мүсін, сәндік-қолданбалы өнер. Туындының бейнелеу өнерінің қай түріне жататындығын білу үшін, ондағы басты әсерлегіш құрал не екендігін анықтап алу қажет.

   КЕСКІНДЕМЕ

      К ескіндеме – бейнелеу өнерінің түрі. Мұндағы басты әсерлегіш құрал – түс. Кескіндеме туындыларындағы түс көп нәрседен, атап айтқанда, көңіл күй, жыл мезгілі, ауа райы туралы сыр шертеді.Түс арқылы адамның мінезі мен музыканың көңіл күйін беруге болады. Кескіндемеші-суретші майлы, акварель, гуашь және т.б. бояулармен жұмыс істейді.

А. Дүзелханов. «Қыз Жібек» сериясынан

Д. Әлжанов. Жаңаарқа тынысы

А. Ғалымбаева. Егіздер

1. Акварель және гуашь бояулары туралы не білесің? Айтып бер.
2. Өзің салған суреттердің қайсысын кескіндеме деп айта аласың? Жауабыңды түсіндір.
3. Кескіндеме жұмыстарын қандай материалдармен орындағанды ұнатасың?

                                        ГРАФИКА

     Графика туындылары тек ақ-қара болып қана қоймай, түрлі түсті де болады. Тіпті «түсті графика» деген түсінік те бар. Түсті графиканы сен балаларға арналған кітаптарды ашып, ішіндегі суреттерді тамашалаған кезде көресің.

Е.Сидоркин. Батырдың дүниеге келуі

О. Таңсықбаев. Қала сыртындағы пейзаж

Ю. Васнецов. Ертегілерге иллюстрация

1. Өзіңді кім деп атар едің? Кескіндемеші ме әлде график пе? Жауабыңды түсіндір.
2. Графикалық туындылар жасаудың қандай жолдарын білесің?
3. Қандай графикалық жұмыстар жасап үлгердің?

                                           Мүсін

       Мүсін – бейнелеу өнерінің ерекше түрі. Оның басты әсерлегіш құралдары – пішін мен көлем. Мүсінді кескіндеме және графикадан ерекшелейтін нәрсе – оны жан-жағынан қарауға болады. Сондықтан мүсінді бейнелеу өнерінің үшөлшемді түрі деп атайды. Мүсін туындыларын тек мұражайлардан ғана емес, сонымен қатар қала көшелерін аралаған кезде де көре аласың. Олар шағын бақтар мен саябақтарға, алаңдарға сән береді. Белгілі бір адамға не оқиғаға арналған мүсін ескерткіш деп аталады. Мысалы, Алматы вокзалының алдында Абылай ханға арналған ескерткіш бар. Ал орталық бақтардың бірінде Әлия Молдағұлова мен Мәншүк Мәметоваға арналған ескерткіш тұр.

Абылай хан ескерткіші

Құрманғазының ескерткіші

Әлия Молдағұлова мен Мәншүк Мәметованың ескерткіші

Сен тұратын жерде ескерткіштер бар ма? Оларды суреттеп бер.

     Мүсін туындылары алуан түрлі материалдан:металдан, балшықтан, тастан, ағаштан, пластикадан жасалады. Мүсіндер ірі және шағын болып келеді. Шағын мүсіндер сенің бөлмеңді безендіре алады. Мұндай шығармаларды шағын пластика деп атайды. Сен жануарлардың мүсінін жасағанда шағын пластикамен таныстың. Сонда оларды немен жасап едің?

                          СӘНДІК-ҚОЛДАН БАЛЫ ӨНЕР

     Бағзы заманнан бері адамдар өз тұрмысына қажетті заттарды жасайды. Олар желден, аптап ыстық пен қатты суықтан қорғану үшін теріні илеп, оны суреттермен, өрнектермен сәндеген. Сондай-ақ қару-жарақтары мен еңбек құралдарын да әшекейлеген. Кейінірек адамдар кілем тоқып, киім тігіп үйренді. Тұрмыстық заттарды әшекейлеу арқылы сәндік-қолданбалы өнер пайда болды. Онда түс, көлем, сызық, пішін және т.б. әсерлегіш құралдар қолданылады. Бейнелеу өнерінің бір түрі ретінде сәндік-қолданбалы өнердің әлем мәдениетінде алатын өзіндік орны бар. Халқымыздың бейнелеу өнерінің қалыптасуында қолөнер түрлерінің маңызы зор. Қолөнер бұйымдары алуан түрлі ою-өрнектерімен, құлпырған айшықты бояу түстерімен белгілі. Шебердің ісмер қолдары дорба мен ыдыстарды, қару-жарақтар мен аспаптарды тартымды етіп әшекейлеген.

Сен екінші сыныпта қолөнер бұйымдарын жасадың. Қалай жасағаныңды есіңе түсір.

×
×

Cart