ТҮС ЖӘНЕ СИМВОЛ

       Сен сан алуан түстерді бірнеше рет байқадың. Табиғаттағы белгілі заттар өздеріне ғана тән түске ие. Сен түспен түрлі сезімді, көңіл күйді және көптеген құбылыстарды көрсетуге болатынын білесің. Түс символ да бола алады. Символ – кез келген бір түсінікті, құбылысты білдіретін шартты белгі. Оны кейде қазақ тілінде нышан немесе рәміз деп атаймыз. Әрбір халықтың, адамдар тобының өз символдары болады. Бейнелеу өнерінде де, өмірде де түстер символ ретінде жиі қолданылады. Қызыл, қара, ақ түстер символ ретінде жиірек кездеседі. 

      Қызыл түс махаббаттың, сұлулықтың, қуаныштың, байлықтың, жеңістің, жастықтың белгісі ғана емес, сондай-ақ соғыс пен қандыда білдіреді. Көп елдерде қара түс үрей мен түнді, жұмбақ белгісіздікті меңзейді. Ақ түс жарықты, өмірді, тазалықты, бейбітшілікті паш етеді. Айбынды жауынгерді ақ боз аттың үстінде бейнелейді. Ақ көгершін – бейбітшіліктің символы.

     Қазақтың қолөнерінде көгілдір түс – аспанның символы. Жасыл түс – өсімдіктердің, өмірдің белгісі. Ақ түс – адалдықтың, құдіретті аспан күштерінің символы. Қызыл түс отты, өмірді, сұлулықты, ал сары түс кең даланы, даналықты білдіреді. Қазақ халық шығармашылығында қара түс күш-қуаттың (қара күш), жердің (қара жер), молшылықтың (қара орман) белгісі. Бұл түстер қазақтың ұлттық кілемдерінде жиі кездеседі.

П. Пикассо. Көгершін​

×
×

Cart