ПОРТРЕТ ТҮРЛЕРІ

      Ертеде суретшіге портретін салдыруға атақты әрі бай адамдардың ғана шамасы келген. Олар өздерін әдемі киіммен көрсетуге құмар болған. Портреттің бұл түрі салтанатты портрет деп аталған. Адамдар мұндай портреттерде тәкаппарланып, өзінің қоғамдағы орнын көрсеткісі келгендей бейнеленген. Модель – суретші бей нелейтін адам.

Ж.Клуэ. Король I Францисконың портреті

Мына портретке қара. Оны салтанатты портрет деп атауға бола ма? Жауабыңды түсіндір.

                             Камералық портрет 

    Портреттердің көпшілігінде адамдардың кейбір сәттері ғана бейнеленеді. Адамдар өздерін суретші бейнелеп жатқанын білмейтін де сияқты. Олардың назары мүлде басқа жақта. Киімдері мен дене қозғалысы да қарапайым, табиғи қалыпта. Бұл портреттердің көлемі де шағын. Мұндай портреттерді камералық деп атаған («камера» – латын сөзі, «бөлме» деген мағынаны білдіреді).

С. Айтбаев. Қыздың портреті

1. С. Айтбаевтың портретін суреттеп бер.
2. Егер сен танымал суретшіге өз портретіңді салуға тапсырыс берсең, өзіңді қалай салғанын қалар едің? Салтанатты түрде ме, камералық түрде ме? Жауабыңды түсіндір.

                                                                             Топтық портрет

   Портреттерде көбінесе бір ғана адам емес, екі немесе бірнеше адам бейнеленеді. Егер портретте екі адам бейнеленсе, ол жұптық портрет деп аталады. Егер екі адамнан көп болса, топтық деп аталады.

Ғаламтордан фотосурет өнерінің қашан пайда болғаны туралы мәліметтерді тауып оқы.

     Абай Құнанбайұлы – қазақтың ұлы ақыны. Абай өлеңдерін талай ұрпақ көкірегіне тоқып, шығармашылығымен сусындап өсті.

Ә. Қастеев. Абай жайлауда

    Бұл портреттің тарихы өте қызық. Жиырмасыншы ғасырдың басында әлі танылып үлгермеген екі жас ғалым әйгілі суретшіге келіп, портреттерін салуды өтінген. Олар суретшінің тек атақты адамдарды ғана салатынын білгендіктен, әзірше танымал емес екендерін, алайда міндетті түрде танымалдыққа қол жеткізетіндерін айтады. Суретші сәл ғана жымиып, олардың портретін салады. Жас жігіттердің ақшасы болмағандықтан, суретшіге бір қап бидай мен әтеш беріп құтылыпты. Ең қызығы, олар сөздерінде тұрып, әлемге әйгілі ғалым болды.

Б. Кустодиев. П. Капица мен Н. Семеновтың портреті

     Саған атақты адамдардың бірі келіп (нақты бір тұлғаны таңда), портретін салып беруді сұрады делік. Осы тақырыпқа шағын әңгіме құра. Оны қалай бейнелер едің, қандай портрет түрін таңдайсың? Бірінші кезекте қандай мінез ерекшеліктерін берер едің? Оған деген сезіміңді қалай көрсетесің? Қандай әсерлегіш құралдарды пайдаланасың?

Адамдарды портреттерде былайша бейнелеуге болады:

        Ертеде бір қаһарлы сұлтан өмір сүріпті. Бір күні ол суретшілерге өз портретін салуды тапсырады. Суретшіге қиын болғаны – оның бір көзі соқыр екен. Бірінші суретші сұлтанның портретін өзінен айнытпай салған, бірақ екі көзі де сау. Қаһарланған сұлтан байғұс суретшінің басын алуды бұйырады. Сөйтіп, сұлтанның портретін салуға екінші суретші кіріседі. Ол сұлтанның шынайы, бір көзі жоқ портретін салады. Мұны көрген сұлтан одан сайын ашуланады. Ал үшінші суретшінің салған портретіне сұлтан риза болыпты.

Суретші сұлтанды қалай бейнелеген деп ойлайсың?
Портреттердің бірінен осы сұрақтың жауабын табасың.

      Қазақтың ұлы ғалымы Шоқан Уәлиханов та сурет салған. Оның суреттерінде өзі өмір сүрген кездегі адамдардың алуан түрлі портреттері бейнеленген. Біз ол суреттерден сол замандағы қазақтардың кескін-келбеті, киім киісі, тұрмысы жайлы мол мағлұмат аламыз.

      Суретші үшін ең бастысы – батылдық. Тіпті сен өте танымал тұлғаның суретін салатын болсаң да, оның атағынан жасқанба. Ол адам туралы көбірек біліп, оның түр-әлпетін зертте, суретіңде сен үшін ең маңызды нәрсе мен өз сезіміңді көрсете біл.

АТАҚТЫ ТҰЛҒАНЫҢ ПОРТРЕТІНЕ ЖАҚТАУ ЖАСАЙМЫЗ

     Саған қатырма қағаз, қайшы, өткір пышақ, сызғыш, қарындаш, түрлі түсті фломастерлер керек.

                                                                  ЖҰМЫСТЫҢ РЕТІ


1. Суретіңді не фотосуретіңді қатырма қағаздың теріс жағына қойып, айналдырып сыз.
2. Суреттің шетінен ішке қарай 1 см өлшеп, жақтаудың ішкі жағын сал.
3. Суреттің шетінен 3–5 см өлшеп, жақтаудың сыртқы жағын жаса.
4. Үлкендерден пышақпен жақтаудың ішкі жағын кесіп беруін сұра.
5. Жақтаудың ішкі жағын қайшымен қиып ал. Оны оң жағына аудар.
6. Жақтауды ол адам немен айналысатыны түсінікті болатындай етіп әшекейле. Егер ол композитор, әнші, музыкант болса, жақтауға нота, музыкалық аспаптарды бейнелеуге болады. Спортшы болса, әр алуан ойын түрлері мен оған қажетті құрылғыларды сала аласың. Жақтауды безендіру үшін әртүрлі табиғи және жасанды материалдарды пайдалан.

         Мына портретте кім бейнеленген? Музыкант па, ғалым ба? Спортшы ма әлде жазушы ма? Жақтау дұрыс жауапты табуға көмектесті ме?

×
×

Cart