Атадан қалған жауһар жыр

1-тапсырма. Ойтолғау. Ақпарат іздеу.

   Бұрынғы жаугершілік замандарда сыртқы жаулардан қорғанып, тыныштықта тіршілік ету– ел-жұрттың негізгі арманы болған. Мұндай кезеңдерде халық елін-жерін қорғайтын, суға салса батпайтын, отқа салса жанбайтын хас батырды аңсаған. Сөйтіп, халық өз арасынан Алпамыс, Қобыланды, Ер Тарғын, Қамбар т.б. батырларды шығарған. Олардың ерліктерін домбыраға, қобызға қосып, кейде аспапсыз-ақ тақпақ, терме түрінде екпінді әуен мен баяндайтын.
   Мұндай халық өмірінен алынған оқиғалы, ұзақ өлеңдерді «жыр» деп атаған. Батырлар жыры көп халықта сақталған. Оны гректер «эпос» десе, қазақтар «жыр», қырғыздар «ыр» дейді.

Өзің қандай батырлар жырын білесің?

2-тапсырма. Жырдан үзінді тыңдау.

«Алпамыс батыр» жыры

(үзінді)

Бұрынғы өткен заманда,
Дін мұсылман аманда,
Жиделі Байсын жерінде,
Қоңырат деген елінде
Байбөрі деген бар екен,
Байбөрі малға бай екен,
Төрт түлігі сай екен,
Бір перзентке зар екен.
Көңілі мұңды, қайғылы,
Көкірегі шерлі екен,
Бір перзенттің жоғынан,
Дәйім қайғы жер екен.
Сөйтіп жүргенде дүниеге Алпамыс келеді.

• Жырдың сөзін мәнерлеп оқы.
• Қазақтың жыр-дастандары көбіне 7-8 буынмен жазылады. Жыр сөздерінің буындарын анықта.

3-тапсырмаЗерттеу.

   Жырды шығарушы және орындаушы адамды жырау деп атайды. Жыршы дайын жырды орындайды.

Белгілі Бұқар жырау Қалқаманұлы туралы ақпарат ізде.

   Бұқар жырау Қалқаманұлы – қазақтың ұлы ханы Абылайдың ақылшы-кеңесшісі. Жырау эпостық жырларды жеткізумен қатар, тәуелсіздік пен ел бірлігін сақтап қалуға айрықша күш салған.

Берілген сызбаға қарап, жырау ұғымына анықтама бер.

4-тапсырма. Терме орындау.

Биік тауға жарасар

Бұқар жырау

Биік тауға жарасар,
Ығынан тиген панасы.
Терең сайға жарасар,
Тобылғылы саласы.
Ер жігітке жарасар,
Қолына алған найзасы.
Би жігітке жарасар,
Халқына тиген пайдасы.

Терме, термеші ұғымдарын есіңе түсір.
• Бұқар жырау термесінде қандай құндылықтар айтылған?
• Термені әуеніне қосып орында.

5-тапсырма. Бағалау.

Топтық орындауларыңды таныстыр және бағала.

• Қай топтың орындауында терме немесе жыр үзіндісі әсерлі, көркем орындалды?

×
×

Cart