НӘТИЖЕ САБАҚ

1. «Экология: ядролық және мұнай өндірістері» тақырыбына байланысты меңгерген білімдеріңді сұрақ-жауап түрінде тексеріңдер. Дұрыс жауап бермеген оқушы ойыннан шығады. Ең соңында жеңімпаз анықталады.

2. Қазіргі айтыскер ақындардың «Қара алтындай көремін қадіріңді, Сары алтындай дер едім сабырыңды» деген сөзінің мағынасын түсіндір.

3. «Синектика». Ядролық жарылыстар мен экологиялық зардаптардан қалжыраған, оған қоса Жер-ананың қадірін білмейтін жастардың жауапсыздығының салдарынан түрлі қасіретті бастан кешіп отырған Табиғаттың атынан сыныптастырыңа хат жаз. Хат мазмұнында статистикалық деректерді, нақты мәліметтерді келтір. Хатта шешендік сөз тәсілдерін, көркемдегіш құралдарды орынды қолдан.

4. «Аквариум». Мәтінді оқып, мазмұнын түртіп алу әдісімен дәптерге жазыңдар. Термин сөздердің мағынасын анықтаңдар. Мәтін мазмұны бойынша ғалым мен журналистің сұхбатын рөлдік ойын түрінде көрсетіңдер. Сұхбат ғылыми-көпшілік стильде жүргізілсін.

Мұнайға серiк газдар

   Мұнайға серiк газдар табиғи газдарға жатады. Олардың ерекше аталу себебі мұнай кенiмен бiрге кездесуiне байланысты. Олар мұнайда ерiген күйде болады немесе мұнай кенiнiң үстiн «бүркеп» жатады. Мұнай жоғары көтерiлгенде, қысым кенет төмендейдi, газдар сұйық мұнайдан оңай бөлiнiп шығады.
   Ертеректе мұнайға серiк газдар пайдаланылмайтын, мұнай өндiретiн жерде оны жағып жiберетiн. Қазiр ондай газдарды жинап алады, өйткенi олар табиғи газ сияқты жақсы отын және бағалы химиялық шикiзатболып саналады. Құрамында метанмен бiрге басқа да көмiрсутектер болатындықтан, серiк газды пайдалану мүмкiндiгi табиғи газға қарағанда едәуiр жоғары. Сондықтан заттарды химиялық өңдеу жолымен серік газдан көп мөлшерде алуға болады.


«Зерде» журналынан

5. Қосымша дереккөздерді пайдалана отырып, «Экология: ядролық және мұнай өндірістері» тақырыбына шағын шығарма жаз. Ескерту: пайдаланған дереккөздерді сілтемеде көрсету қажет.

6. Осы бөлімде берілген ақпараттар мен теориялық материалдар бойынша сөзжұмбақ құрастыр.

7. Ақын А. Өтегеновтің өлеңін осы бөлімде оқып, тыңдаған мәтіндерден алған ақпараттарды қолдана отырып, жалғастырып көр.

Не қиындық болса дағы шыдайды ұл,
Өзіңді-өзің төзімге сап сынай біл.
Туған жердің жарып шыққан құрсағын,
Мұнай – дәулет,
Мұнай – сәулет,
Мұнай – жыр …

8. Төмендегі мәліметті оқып, өздерің де қосымша дереккөздерді қарап шығып, «Мұнайдан не жасалады?» тақырыбында пікір алмасыңдар.

    Бүгінгі жастар түрлі жоғары технологиялы гаджеттерді армандайды. Мысалы, имек экранды смартфон немесе 3D-принтер. Аталған құралдарды жасау үшін де мұнай қажет екен. Біз қолданып жүрген смартфондарды құрастыратын заттардың 40 пайызы мұнайдан жасалады. Сонымен қатар мамандар әр компьютерді жасау үшін 11 литр мұнай жұмсалатынын айтуда.

9. «Ақылдың алты қалпағы» әдісі бойынша бөлімдегі барлық тақырыпты қамти отырып, қорытынды пікір айтыңдар.

10. «Экология: ядролық және мұнай өндірістері» тақырыбы бойынша төмендегі сөйлемдерді толықтырыңдар.

1) Мені … таңғалдырды.
2) Мен үшін … қиын болды.
3) Маған … ұнады.
4) Мен алдағы уақытта …

×
×

Cart