НӘТИЖЕ САБАҚ

1. Зияткерлердің сыртқа кетуін тоқтату үшін мемлекет нені шешуі керек және сен болашақ ұлт маманы ретінде не істеуің керек екендігін жіктеп жаз. Жазғандарыңды пайдаланып, сөзталаста өз ойыңды ортаға сал.

2. Мәтінді оқы. Берілген мәліметтер негізінде диаграмма құрап жаз. Онда мигранттардың санын пайыздық тұрғыда көрсет. Өзің жасаған диаграмма бойынша пікіріңді айт. Онда ресми стильге тән тілдік құралдарды пайдалан.

    Ішкі істер министрлігінің мәліметінше, өткен жылы еліміздің 30 мыңға жуық азаматы тұрақты түрде өмір сүру үшін сыртқа кеткен. Қазақстандықтарды ең көп қабылдаған – Ресей, 12 ай ішінде көрші ел 26,4 мың тұрғынды қабылдаған. Бірақ 2015 жылмен салыстырғанда бұл көрсеткіш 11 пайызға азайды.
   Ал Германияға өткен жылы 2 мың адам қоныс аударды. Қазақстандықтар жиі көшкен ел – Канада, өткен жылмен салыстырғанда кеткен қазақстандықтар саны 34 пайызға көбейді.
   Ал Қазақстанда өмір сүру үшін 2016 жылы 197 мың адам келді. Бұл көрсеткіш 2015 жылмен салыстырғанда 1,4 пайызға азайды.
   Ресейден елімізге 63,7 мың адам көшіп келді, 2015 жылмен салыстырғанда көрсеткіш 4,2 пайызға азайды.
Өзбекстаннан Қазақстанға 53,9 мың адам келді, олардың ішінде қандастар – 25,1 мың адам. Өткен жылға қарағанда елімізге келген өзбекстандықтар саны 11 пайызға қысқарды.


А. Әбітай

3. Тақырып бойынша меңгерген 5 термин сөздің анықтамасын жаз. Онда ғылыми стиль нормаларын сақтауға тырыс.

4. Сызбадағы мәліметтерді қолданып, саяси-әлеуметтік шешендік сөз мәтінін жаз. Оны көпшілік алдында оқып бер.

5. Бекболат бидің жастарға айтқан мына ғибратты, нақыл өлеңі қандай ой салады? Пікір бөлісіп, талдаңдар.

Тәрбиелі бала жасынан,
Талаптыға ой табылар.
Талпынбаса жасынан,
Талығар кейін зарығар.
Ер ақылды болғанда,
Елден қайрат табылар.
Ерлігің асса майданда,
Егіліп жауың қамығар.

Орынсыз болса өз ойың,
Ойлыға билік берерсің.
Жақында досың жоқ болса,
Ойламай-ақ көрерсің.

Білімсіз болса сенгенің,
Бітер ісің бүлінер.
Бірліксіз болса жолдасың,
Болымсыз іске сүрінер.
Асыл сөз адам талғамас,
Қисын-жөні келіссе.
Ақылды адам ұмтылар,
Алдағы білім-жеміске.
Ақылдыны сыйласаң,
Одан алғыс аларсың.
Ақылсызды сыйласаң,
Одан қарғыс табарсың …

«Қазақтың би-шешендері» кітабынан

6. «Зияткерлік миграция мемлекетке пайдалы ма?» тақырыбында ойкөкпар өткізіңдер. Ойкөкпардың шарты бойынша ақтаушы және даттаушы топ құрамын сайлаңдар. Жүргізушіні, бағалаушы топ мүшелерін анықтаңдар. Ойкөкпар жұмысын бағалап, өз пікірлеріңді айтыңдар.

7. Абайдың 31-қарасөзінің мазмұны бойынша сызба құрастыр. Сызбада негізгі тірек ұғымдарды жүйелеп жаз. Қарасөздегі ауыспалы мағынада қолданылған сөздерді тауып, олардың синонимдерін айт. Өзің Абай айтқан естіген нәрсені ұмытпауға қажетті шарттардың қайсысын ұстанасың? Қайсысына мән бермей жүрсің? Тұжырымдап жаз.

   Естіген нәрсені ұмытпастыққа төрт түрлі себеп бар: әуелі – көкірегі байлаулы берік болмақ керек; екінші – сол нәрсені естігенде я көргенде ғибрәтлану керек, көңілденіп, тұшынып, ынтамен ұғу керек; үшінші – сол нәрсені ішінен бірнеше уақыт қайтарып ойланып, көңілге бекіту керек; төртінші – ой кеселді нәрселерден қашық болу керек. Егер кез болып қалса, салынбау керек. Ой кеселдері: уайымсыз, салғырттық, ойыншы-күлкішілдік, я бір қайғыға салыну, я бір нәрсеге құмарлық пайда болу. Бұл төрт нәрсе – күллі ақыл мен ғылымды тоздыратұғын нәрселер.

8. Өтілген тақырып бойынша диалог сипатындағы шағын әңгіме жаз. Әңгіме кейіпкерлері шетелге барып оқығысы келетін мектеп түлектері болсын.

Әңгімеге қойылатын талаптар:
– көлемі 270–300 сөз;
– тақырыптан ауытқымау;
– әр кейіпкердің мінезін, танымын аңғартатын детальдардың болуы;
– көркемдегіш құралдардың ұтымды қолданылуы;
– термин сөздердің ауызекі сөйлеу стиліне сәйкес орынды қолданылуы;
– орфографиялық және пунктуациялық нормалардың сақталуы.

9. «Шығу парағын» пайдаланып, сұрақтарға жазбаша жауап бер.

1) «Қазіргі қоғам: көші-қон және зияткерлік миграция» тақырыбы бойынша не меңгердің?
2) Сен үшін тақырыптың құнды жақтары қандай болды?
3) Өзіңнің және сыныптастарыңның білімін бағала (Өз жұмысыңа, сыныптастарыңның топ ішіндегі белсенділігіне көңілің тола ма?).
4) Осы тақырып бойынша тағы не білгің келеді?
5) Бұл тақырып бойынша тағы қандай ақпарат көздерін оқисың?

×
×

Cart