Публицистикалық стиль
Публицистикалық стиль – қоғамдық-саяси, үгіт-насихаттық әдебиетте, бұқаралық ақпарат құралдарында қолданылатын функционалдық стильдердің бірі. Публицистика – қоғамның әлеуметтік маңызы бар мәселелерді шешуіне атсалысатын айбынды құралы. Бұл стиль тыңдарман мен оқырмандардың арасына кең таралуымен, бейнелілігімен, баяндаудың шешендігімен сипатталады. Тілші-ғалымдар публицистикалық стильдің жазбаша түріне газет, журналдардағы мақалалар, памфлет, очерк т.б. шығармаларды, ал ауызша түріне шешендік сөздерді жатқызып жүр.
Публицистикалық стильге қойылатын талап – қандай тақырыпқа жазылса да, логикалық жағынан дәлелді, көңілге қонымды болуы қажет. Ол тілдік құралдарды қолдана білуден байқалады.
Тіл деңгейлеріне байланысты публицистикалық стильдің ерекшеліктері болады. Лексикада қоғамдық-саяси терминдер мен сөздердің (митинг, ереуіл, демократия, парламент), эмоциялық баға беруші сөздердің (еңбек озаты, көшбасшы, еңбеккер, дем беруші), экспрессивтік бояуы бар сөздердің (қоян-қолтық, нық қадаммен), фразеологияда перифразалардың (ақ алтын – мақта, күріш; қара алтын – көмір, мұнай; екінші тың – қойшаруашылығы, көгілдір тың – құсшаруашылығы); морфологияда қос сөздердің (қоғамдық-әлеуметтік, бұқаралық-саяси, үгіт-насихаттық); бұйрық рай тұлғасының (орындайық, табысқа жетеміз), синтаксисте сөйлемдегі сөздердің орын тәртібінің, қаратпа сөздердің, риторикалық сұрақтардың, жай сөйлем бөліктерінің, сан алуан қайталамаларының т.б. жиі қолданысқа түсуі публицистикалық стильдің басқа стильдерден өзгешелігін көрсетеді.
«Қазақ тілінің стилистикасы» оқулығынан