ӘЛЕМДІ ТАҢҒАЛДЫРҒАН ӨНЕРТАПҚЫШ БАЛАЛАР

1. Өтілетін тақырып бойынша сыныпты аралап, бір-біріңмен ақпарат алмасыңдар.

2. «Атаулар туралы үш сұрақ». Сызбадағы терминдерге қатысты сұрақтардың жауабын жаз.

3. Мәтінді мұқият тыңда. Тақырыпқа қатысты термин сөздер мен ұғым- дарды тауып, олардың мағынасын анықта.

4. Пікіралмасу. Тыңдалым мәтіні бойынша парталасыңмен сұхбаттас.

5. Мәтіндегі тілдік құралдарды стильдік ерекшеліктеріне сай орынды қолданып, рецензия жаз.

6. Әртүрлі дереккөздерден «Әлемді өзгерткен ұлы тұлғалар» туралы деректер тауып, сызбаны толтыр. Олардың бірі ашқан ерекше жаңалық туралы хабарлама жаса.

7. Тыңдалым мәтініндегі негізгі ойды анықтап, соған байланысты шағын хабарламалық мәтін құрап жаз. Оны сынып оқушыларының алдында оқып бер.

8. Қосымша дереккөздерден «Әлемді өзгерткен қазақстандықтар» туралы мәліметтер тауып, кластерді толтырыңдар.

9. Мәтінді оқып, публицистикалық стильге тән ерекшеліктерді тап.

Теріден жасалған құлаққап

    15 жастағы американдық Честер Гринвуд 1873 жылы суықта қолдануға болатын құлаққап ойлап тапты. Әжесі бұл құлаққаптың сыртын кәмшат терісінен, ішкі жағын барқыттан тігіп берді. 1877 жылдың 13 наурызында Честер өз өнертабысын патенттеу мүмкіндігіне ие болды. Өмірінің соңына дейін ол құлақты сыртқы шудан, суықтан қорғайтын жаңа заттарды шығарумен айналысты. Мэн штатында 1977 жылдан бастап, өнертапқыштың құрметіне орай Честер Гринвуд (21 желтоқсан) күні атап өтіледі.

Қалың қарда жүруге арналған көлік

   Канадалық Жозеф-Арман Бомбардье 1922 жылы 15 жасында бір аптаның ішінде ескі «Фордтың» бөліктерінен қалың қарда жүруге арналған көлік жасап шығарды. Құрылғы шамамен бір миль жерді жүріп өткен. Арманның ағасы Леопольд құрылғыны табанына байланған екі арқан арқылы жүргізсе, Арманның өзі қолдан отын салып отырды. Өнертапқыш кейін де бірнеше техниканы жасаумен айналысып, тек 1957 жылы ғана баяғы қарда жүретін көлігіне оралды. Көлік «Ski-Doo» атын алып, бірнеше данасы шығарыла бастады. Қазір бұл көлік қарда жүретін техниканың ішіндегі ең танымалы болып саналады.

Брайль қарпі

   Көзі көрмейтін жандардың оқи алу мүмкіндігіне жол ашқан рельефті-нүкте жазуын 1824 жылы 15 жастағы француз Луи Брайль ойлап тапқан. Ол әкесінің шеберханасында етік тігуге арналған бізбен көзін жарақаттап алған соң, 3 жасында көру мүмкіндігінен айырылған еді. Осы қаріппен басылған алғашқы кітап «Франция тарихы» 1837 жылы жарыққа шықты.

Аляска туы

    1926 жылы Аляска губернаторы 7 мен 13 жастағы балаларға жалаудың эскизін салу жөнінде байқау жариялайды. Оның нәтижесінде 13 жастағы Аляска тұрғыны Бенни Бенсон үздік деп танылды. Ол салған жалауда аспан түстес көк түс пен аляскалықтарға түнде жол сілтейтін поляр жұлдызы, Кіші аю жұлдызы бейнеленген. 1927 жылы Беннидің ұсынған жалауы ресми символ ретінде көпшілікке таныстырылды.


EL.kz сайтынан

10. Мақалалардың тақырыппен байланысын дәлелдеп айт.

11. Мәтіндердің негізгі идеясын анықтап, тірек сөздерді теріп жаз. Мәтіндерге басқа қандай тақырып қоюға болады?

12. «Түсінік» ойыны.

1) Мәтіндегі негізгі тірек-термин сөздерді анықта. Олардың әрқайсысына 2–3 ассоциация сөз жаз.
2) Оның ішіндегі негізгі 1 сөзді белгіле.
3) Белгілеген сөзді өзің қалай түсінетініңді жаз.
4) Оқушылар тірек сөзге берген анықтаманы кезекпен оқиды. Жалпы ұқсастықтарды атайды.
5) Ортақ түсінікті жазып, салыстырады.

Үлгі: «Ту» сөзі.

13. Қосымша дереккөздерден суреттегі өнертапқыш балалар ойлап тапқан заттар туралы ақпараттарды тауып, «Әлемді өзгерткен өнертапқыш балалар» деген тақырыпта таза ғылыми стильде тұсаукесер дайында.

14. «+», «–» , «қызықты» әдісі бойынша оқылым мәтініндегі ақпараттарды үзгіден өткіз.

15. Әртүрлі ақпарат көздерінен еліміздегі өнертапқыш балалар туралы мәліметтерді жинап, пікір алмасыңдар.

16. «Егер мен ...» ойыны. «Егер мен өнертапқыш болсам...» деген тақырыпта әлемді өзгертетін қандай жаңалық ойлап табатыныңды жүйелеп айт.

    17 қаңтарда әлем бойынша Өнертапқыш балалар ашқан жаңалықтар күні аталып өтіледі. Қазақстандық жас өнертапқыштар ашқан жаңалықтар да бар.
   2013 жылы Алматы қаласындағы дарынды балаларға арналған №10 мектеп-интернатының 11-сынып оқушысы Хәкім Садуақас «Ламабатэл» атты мобильді аппарат ойлап тапты. Медициналық құрылғы диагностикамен терапияда төрт түрлі қызмет атқарады: лазеротерапия, магнитотерапия, биологиялық белсенді нүктелерді табу мен электромассаж. Құрылғы электр қуаты, аккумулятор және қарапайым батареямен жұмыс істейді.
Осы жылы Қостанай облысының кішкентай тұрғыны Олег Лило «Ай» атты зертхана жасады. Сегіз жасар ғалымның айтуынша, Айдың бетіндегі жағдайды анық көруге болады. Құрылғының камерасы, лазері бар. Олегтің жаңалығы Елордада өткен ғылыми-техникалық форумда «Аэроғарыштық техника, авиация және ғарыш ісі» номинациясы бойынша бірінші орын алды.
  Семей қаласының 7-сынып оқушысы Виктор Хегай зағип адамдардың қозғалуына көмектесетін робот ойлап тапты. Роботтағы сенсор алдынан кедергі кездескенде иесіне белгілі бір дыбыс береді. Салмағы 200 грамдық бұл құрылғы киімге немесе баскиімнің алдына тағылады.
  Астанамыздың 10-сынып оқушысы Темірлан Нәби жасанды бал ойлап тапты. Жасанды бал тұмауға қарсы ем және аллергия шығармайды. Оның құрамына су, қант, лимон қышқылы мен аздаған эфир майы кіреді. Ал дәмі жағынан ментолға ұқсайды.


«Егемен Қазақстан» газетінен

17. Ақпарат көздерін пайдаланып, Қазақстанды әлемге танытқан өнертапқыш және өнерпаз балалар жайлы мәлімет тауып, жинақы мәтін (компрессия) жаз. Ақпарат бойынша постер құрастыр.

18. «Әлемді кімдер өзгерте алады?» деген сұраққа қатысты берілген пікірлерді оқып, «Келісемін/Келіспеймін» әдісімен өз ойларыңды айтып, дәлелдеңдер.

19. Төмендегі сұрақтарға жауап жазып, оны түсіндір.

1-сұрақ: Не пайдалы?
2-сұрақ: Не қажет?
3-сұрақ: Нені есте сақтау керек?

×
×

Cart