ТУРИЗМ САЛАСЫ: ӨТКЕНІ МЕН БҮГІНІ

1. «Ассоциограмма». «Туризм» сөзіне ассоциограммалық кесте жаса. Жазған сөздеріңнің дәл осы ұғыммен байланысын түсіндір.

2. Сұрақтарға жауап бер.

1) Адамзат тарихында туризм қай кезден басталған?
2) Саяхат пен туризмнің қандай байланысы және ерекшелігі бар?
3) Сенің ойыңша, «саяхатшы», «жиһанкез», «турист» терминдері қандай мағыналарды білдіреді?
4) «Турист ұсынғанды көреді, саяхатшы қалағанын көреді» дегенді қалай түсінесің?
5) Өзің тұрған жерде қандай туристік орындар бар? Олар туралы не айта аласың?

3. Суреттерге қара. Бұлар туризмнің қай түріне жатады деп ойлайсың? Пікіріңді дәлелде.

Әңгіме және «Дөңгелек үстел»


   Әңгіме – нақты тақырыпта екі не одан да көп адамның еркін тілдесіп, өзара ақпарат алмасу әдісі. Ол көбінесе әлеуметтік мәртебесітең адамдар немесе қызметтестер арасында, ал ресми жағдайларда мекеме басшылары мен клиенттер я жұмыс іздеушілер арасында жүргізіледі.
Әңгімелесушілерге қойылатын талаптар:
– ойды нақты, түсінікті жеткізу;
– пікірді қысқа да нұсқа түрде айту;
– өте жылдам немесе өте баяу сөйлемеу;
– сөзталасқа әкелетін тартысты мәселеден аулақ болу.
  Жүргізілу тәртібі, өзіндік ережелері, қатысушылардың саны да әртүрлі болатындықтан, полилогтік пікірталастар іштей бірнеше түрге бөлінеді. Олардың әрқайсысының мақсаты әртүрлі болатындықтан, тілдік, ұйымдастырушылық тұрғыдан өзгешеліктің болуы заңды.
  «Дөңгелек үстелге» бірнеше адам қатысатындықтан, әр қатысушыдан мәдениеттілік, жалпы әңгімені үзбей өрбітіп отыру талап етіледі. Ең бастысы – «үстелде» талқыланатын тақырыпты таңдау. Тақырып аудиторияға түсінікті, оларды қызықтыратын өзекті мәселе болғанда ғана сенім туғызады. «Дөңгелек үстелге» сол тақырыпты зерттеп жүрген не осы мәселені қоғамдық ортада жиі көтеріп жүрген, оған қатысты ақпараттық көзі жеткілікті, өзіндік көзқарасы бар арнайы маман шақырылады. Сонда ғана «үстел» басындағы әңгіме дұрыс бағытта өрбиді. Егер маман мәселені егжей-тегжейлі түсіндіре алса, тыңдаушылар да өзін толғандырған жайтты сауатты түрде түсініп, дұрыс бағдар алады. Егер талқыланатын мәселе даулы нәрсе төңірегінде болса, маманның оларға толығырақ тоқталып, қайсысы дұрыс, қайсысы бұрыс екендігін ғылыми түрде саралап түсіндіруі шарт.
   «Дөңгелек үстелді» ұйымдастырудағы бір маңызды мезет – қатысушылардың дөңгелене қойылған үстел басында бір-біріне қарап отырып, бетпе-бет сөйлесуі. Бұл аудиториядағы психологиялық күйді өзгертеді: өзара теңдік және ынтымақтастық атмосфера туғызады; бір-бірінің көзқарасын жақсы түсінуге септеседі, қатысушылардың белсенділігін арттыруға әсер етеді.

4. Теориялық мәтінге сүйеніп, әңгіме және «Дөңгелек үстелдің» ерекшеліктері мен ортақ белгілерін «Венн» диаграммасы түрінде рәсімдеп жаз.

5. Мәтінді тыңда.

6. Тыңдалым мәтініне тақырып қой. Тірек сөздерді анықта. Мәтіндегі тер- миндер мен ұғымдарды, тілдік оралымдарды тауып, талдау жаса.

7. Мәтінде туризмнің қандай даму кезеңдері туралы айтылғанын анықта. Ертеде туризмнің қандай түрлері болғанын және оның туу себептерін айт. Суреттегі туризм соның қай түріне жатады?

8. Тыңдалым мәтіні бойынша кестені толтыр.

9. Мәтінді оқы.

   Туризм – өзге елде ақы төленбейтін, мәдени-ағарту, спортпен айналы- су, демалыс үшін ұйымдастырылатын қолжетімді саяхат түрі. Саяхат – адамдардың әртүрлі мақсатына сәйкес кеңістіктегі қозғалысы.
  Адамзат тарихында саяхат сауда жасау, жаңа жерлерді жаулап алу және игеру, ресурстарды іздеу және т.б. себептерге орай пайда болды. Адамның қажетіне қарай саяхат түрлері көбейе түсті. Туризмнің даму тарихы көне дәуірлерде жатыр десек те, Қазақстан аймақтарында туризмнің пайда болуы өздеріңізге мәлім, Ұлы Жібек жолымен тығыз байланысты. Дегенмен бұл сала уақыт өткен сайын жанданып, дамып, өрісін кеңейте түсуде. Бүгінгі таңда туризм өз ішінен бірнеше түрге бөлінеді: әлеуметтік, экологиялық, спорттық, іскерлік, конгрестік, емдік-сауықтыру, мәдени-танымдық, діни және тағы басқалары.
   Туризмге қатысты еңбектердің ішінде саяхат түрлерін жіктеуде әртүрлі факторлар басшылыққа алынады. Соның ішіндегі ең басты фактор – адамның саяхатқа аттануына түрткі болатын негізгі себептер.
   Туризмнің ең алғаш пайда болуына адамдардың өз денсаулығына көңіл бөліп, табиғаты бүлінбеген, аса бір шипалы орындарға арнайы баруы ықпал етті. Оны «емдік-сауықтыру туризмі» деп атауға болады. Сонымен қатар бұл топқа емделіп, әл-ауқатын қалпына келтіруге климат, теңіз суы секілді табиғи құбылыстар пайдаланылатын алыс-жақын жерлердегі демалыс та енеді.
   Мәдени-танымдық туризм өз елінің және өзге елдердің рухани құндылықтарын, мәдениетін, тарихын зерттеп, білуге бағытталады. Ол танымдық және діни-табынушылық сипатта болады. Танымдық туризм тарихи, мәдени және географиялық құндылықтарды зерттеп, көруге байланысты ұйымдастырылады. Саяхатшылар көбінесе өздері барған елдің әлеуметтік, экономикалық қатынастарына қызығушылық білдіреді. Ал табынушылық мақсаттағы туризмге киелі жерлерді көруді қалайтын адамдар барады.
   Ғылыми әдебиеттерде әлеуметтік туризм түрі де кездеседі. Әлеуметтік туризм саяхатшының шалғайдағы туыстары мен таныстарына, достарына қонақ болу мақсатында жүзеге асырылады. Бұл топқа клубтық туризмдіде жатқызуға болады. Клубтық туризмнің ерекшелігі – саяхатшы саналы түрде арнайы бір топпен ғана демалыс түрін өзі таңдап алады.

    Ерекше кең таралған туризмнің бірі – спорттық туризм. Спорттық туризмге белгілі бір спорттық іс-шараға белсенді қатысуға бағытталған жолсапарлар жатады. Мысалы, біреу спорттың кез келген түрі бойынша әлемдік жарысқа қатысу үшін өзге елге аттануы мүмкін. Ал екінші біреу жанкүйер ретінде өзінің сүйікті командасының ойынын көріп, қолдау көрсетуге ойын өтетін елге сапар шегіп жатады.
   Сонымен қатар адамдар экономикалық, іскерлік немесе конгрестік (саяси) туризмге, кәсіптік және коммерциялық мақсатта сапарға шығады. Мысалы, халықаралық биржа, көрме, жәрмеңке және т.б. жиындарға қатысу үшін ұйымдастырылатын мәдени шаралар осы топқа енеді. Дипломатиялық туризм белгілі бір елдегі экономикалық, әлеуметтік жағдайларға талдау жасау, баға беруді көздейді. Туризмнің аталған түрлері іштей тағы да бірнеше бағытқа жіктеледі.
   Қазіргі заманда елдегі туризм саласының дамуы сол елдің бәсекеге қабілеттілігін ғана емес, нарық заңына бейімделе алу іскерлігін де танытатын маңызды көрсеткіш болып отыр. Оған қоса ғаламдық экологиялық жағдайлардың ушығуы, тарихи-мәдени ескерткіштерге жұртшылық назарының аууы, халықтың өз тарихына қызығушылығының артуы – туризмнің келешегі жарқын болатынының кепілі.


«Туризм негіздері» кітабынан

12. Таза ғылыми стильдегі мәтіннің жанрлық ерекшеліктеріне талдау жаса. Мәтін мазмұны бойынша туризм түрлерін және олардың ерекшелігін көрсететін кластер жаса. Пікіріңді дәлелде.

13. Егер сендерге туризм туралы «Дөңгелек үстел» өткізу тапсырылса, жұмысты неден бастар едіңдер? Оның жоспарын құрыңдар. Алдымен «Дөңгелек үстелдің» жүргізілу жүйесін анықтаңдар. Туристік агенттік жұмысының бағыттары және ерекшеліктерімен танысыңдар.

14. Рөлдік ойын. Жұмыс беруші мен жұмыс іздеген адамның арасындағы іскерлік әңгіме құрыңдар. Ол үшін ақпарат көздерінен өздерің қалаған мекеменің жұмыс бағытын, шақырылып отырған маманға қойылатын кәсіби талаптар туралы материалдарды тауып оқыңдар. Әңгімеге ұлттық тарих, заманауи даму, рухани байлыққа қатысты сұрақтарды да енгізіңдер.

15. Өзің тұрып жатқан аймақта қандай туризм саласын дамытуға болады деп санайсың? Неліктен? Ойыңды ұсыныс ретінде жүйелеп жаз. Дәлел мен деректерді орынды кірістіріп, көпшілік алдындағы сөйлеу талаптарына сай айтып бер.

16. «Туризм – бәсекелестікке бейім сала» деген тақырыпта ойталқы өткізіңдер. Ол үшін қажетті дереккөздерді зерттеп, туризмді дамытуға қатысты мәліметтерді жинаңдар. Ойталқының жоспарын құрыңдар.

17. Сабақ тақырыбы бойынша сөйлемдерді толықтыр.

1) Бүгін мен … білдім.
2) … қызықты болды.
3) … қиын болды.
4) … тапсырманы орындадым.
5) … екенін түсіндім.

×
×

Cart