Терме – нақыл, өсиет

1-тапсырма. Сыныпта талқылау.

   Музыкалық өнердің өзің білетін (ән, күй, би) және алдағы сабақтарда танысатын басқа түрлері де бар. Өнердің осындай бірнеше түрге бөлінуін жанр деп атайды. Жанр (genre) француз тілінен аударғанда түр, тек деген мағынаны білдіреді.

• Суреттегі сахнада қандай музыкалық өнердің жанрлары көрсетілген ?
• Терме жанры туралы не білесің?

   Терме атауы қазақтың ең асыл, ең мәнді нақыл, өсиет сөздерін теріп айту деген мағынаны білдіреді. Терме әуенге қосып айтылады және оны орындаушыны термеші деп атайды. Әдетте термеші әуенді өзі таңдайды.

2-тапсырма. Орындау.

Жақсы менен жаман

(терме)

А. Рахметов

Жақсы адамның жалпыға
Жарқын болар қабағы.
Кеудесіне сыйғызар
Байтақ жатқан даланы.
Жабырқаған жан көрсе ,
Оларға қамқор болады.
Еңбекке әр кез ұмтылып,
Уәдесінде тұрады.
Осындай жақсы адамды
Көргендер мақтап жырлайды.

Жаман адамның жалпыға
Ашылмайды қабағы,
Көңілі тар қызғаншақ,
Көре алмайды басқаны.
Жабырқаған жан көрсе ,
Өз пайдасын ойлайды.
Өтірік, ұрлық, алдаумен ,
Жаман жолды таңдайды.
Айтыңдаршы өздерің,
Мұндайды кімдер мақтайды!?

• Термеде адам бойындағы қандай жаман және жақсы қасиеттері аталған?
• Термені әуенімен орында.
• Қалай ойлайсың, термеде басты көңіл әуенге берілген бе немесе сөзіне ме?
• Термеде әндегідей қайырма кездесті ме?
• Терме жанрының ән жанрынан ерекшелігі неде?

3-тапсырма. Музыка тыңдау және талдау.

Ата-ананың қадірі

(үзінді)

Майлықожаның термесі

Атасы жақсы қандай-ды,
Перзент қамын ойлайды.
Перзентім адам болсын деп,
Қылығына тоймайды.
Анасы жақсы қандай-ды,
Қамқорлығы таудай-ды.
Қалқам деп шықса алдыңнан
Кеудеңде қайғы қалмайды.
Ағасы жақсы қандай-ды,
Алдыңда асқар таудай-ды.
Сүйеген де сүйеніш,
Құлағанда қолдайды.

• Бейне жазбадағы Майлықожаның термесін екі орындаушының нұсқасында тыңда.
• Термеде ата-ананың балаға, ағаның ініге қамқорлығы қалай баяндалған? Сыныптастарыңмен бірге пікіріңді ортаға сал.
• Терме домбыра, қобыз, сырнай (баян) немесе эстрадалық сүйемелдеуде орындалады. Саған тыңдаған терменің қай нұсқасы ұнады?

4-тапсырма. Өлең құрастыру.

1. Өлеңнің мазмұны мен ұйқасына қарай сөздерін қой.

Үлгі :
Жақсы бала қандай-ды,
Сабағынан … (болмайды, қалмайды, бармайды, алдайды).

Жаман бала сабаққа
Ауырдым деп … (болмайды, қалмайды, бармайды, алдайды).

2. Сыныптастарыңмен бірге екі топқа бөлініп, оқушылардың жақсы және жаман жақтарын сипаттайтын өлең құрастыр.

5-тапсырма. Таныстыру және бағалау.

   Әрбір топ өзінің шығарған өлең жолдарын таныстырады, біріне-бірі баға береді.

×
×

Cart