ЭКОТУРИЗМНІҢ ЕРЕКШЕЛІКТЕРІ

1. Экотуризм – «экология» және «туризм» сөздерінің бірігуінен жасалған атау. Сенің ойыңша, бұл туризм саласының атауына «экология» сөзінің қосылу сыры неде? Өз болжамыңды нақты екі дәлелмен айт.

2. Көрсетілген ғылым салалары қандай мәселені зерттейді? Сала мен зерттеу нысанын сәйкестендір. Олардың экотуризмге қандай қатысы болуы мүмкін? Кестедегі мамандандырылған тар аяда қолданылатын термин сөздерді анықта. Өз пікіріңді дәлелде.

Ой айқындылығы. Сөз дәлдігі

   Ойдың құралы – тіл. Ойдың қабылдануына сөздің дұрыстығы, дәлдігі, жатықтығы, тазалығы т.б. сипаттар ықпал етеді. Сондықтан жұрт алдында сөйлеудің басты талабы – сөздерді орынды жұмсай білу.
Ойлау әркімнің табиғи болмысына қарай сан алуан. Дегенмен өз ойы мен көзқарасын жеткізуге байланысты белгіленген тілдік сапалар бар. Олар: сөздің грамматикалық жағынан дұрыс құрылуы; сөз дәлдігі; ойға сыйымдылығы; өзіндік сөйлеу ерекшелігі, шешендік қасиеті т.б. Бұлардың шешен сөзінде сақталуы тілдің ажарын ашып, әсерлілігін арттырып отырады.
   Сөздің грамматикалық құрылысын дұрыс құру үшін теориялық білім керек. Грамматиканың заңдылықтарын игеру би-шешендер мен сөз зергерлерінің ойды беру тәсілдерінен үнемі үлгі алу, мәтіндермен жан-жақты жұмыс істеу нәтижесінде қалыптасады. Ол үшін мынадай жұмыс түрлерін жасап, жаттығу қажет: нақты тақырып бойынша мәтін құрап жазу; сөзі жұтаң мәтіндерді редакциялау; мәтінді оқып, оның мазмұнын өз сөзімен байыта әңгімелеу; шешендердің сөздерін мәтін ретінде алып, грамматикалық жағынан ауызша және жазбаша талдау және т.б.
   Сөзде дәлдік болмаса, шешеннің жеткізейін деген идеясы тыңдаушыға көмескі болып қала береді. Әртүрлі құбылыстар мен заттарды нақтылап көрсететіндей сөздерді дұрыс таңдай алу да сөз мағынасын жетік білуден басталады. Бұл сөйлеушінің сөздік қорды игеруіне келіп тіреледі.
   Ой сөздердің дұрыс тіркесуіне байланысты болса, ал сөздерді тіркестіру ондағы әр сөздің орын тәртібін, мағынасын нақты ажырата білуді қажет етеді. Оған дағдылану жұмыстары: көпмағыналы сөздерді әртүрлі сипаттарына қарай қолдана алу; синонимдес сөздердің ішінен сөз тіркесіне, сөйлемге қатыстылығы жағынан ең қажеттісін іріктей алу; ойды әсерлеп беруде антонимдерді жарыстыра қолдануға үйрену, тұрақты тіркестерді ойды құбылтып берудің құралы ретінде пайдалана білу.

3. Теориялық мәтіннен таза ғылыми стильге тән салалық терминдерді тап.Сол терминдердің мағынасын анықта.

4. Өлең үзіндісін оқы. Онда сөз дәлдігіне, ой айқындылығына қатысты жолдарды анықтап, пікіріңді айт. Ақын өлеңі бойынша сөзге қойылатын талаптарды диаграмма түрінде рәсімде. Ондағы әр талапқа талдау жаса.

Сөйлейін сөзді ерінбей,
Бойымды бұлаң керілмей…
Жылы қылып сөйлейін,
Жазғы желдің лебіндей.
Анық қылып сөйлейін,
Ақ теңгенің мөріндей.
Шалықтатып сөйлейін,
Айдынның шалқар көліндей.
Асыл қылып сөйлейін,
Базардың алтын беріндей.
Жабыстырып сөйлейін,
Тұтқыр сары желімдей.
Сұлу қылып сөйлейін,

Қос жорғаны мініп ап,
Түскен жаңа келіндей.
Жатық қылып сөйлейін,
Жазыққа біткен ыраңдай.
Жарастырып сөйлейін,
Сәукеленің бетіндей,
Тымақта шаңқан қылаңдай.
Өлең айтып, ән салу –
Бұл да көңіл көтермек,
Не бар бізде құнарлы-ай.
Құдайдан жәрдем болмаса,
Біздей қулар шулайды-ай…


Мұрат Мөңкеұлы

5. Мәтінді тыңдап, конспект жаз.

6. Тыңдалым мәтіні бойынша тірек сөздер мен терминдерді жаз. Олардың жасалу жолдарын түсіндір.

7. Мәтін бойынша экотуризмнің дамуына ықпал етіп отырған факторлардың ретін анықта. Көтерілген мәселе туралы көзқарасыңды өз қалауың бойынша келісу/келіспеу эссесі түрінде жаз.

8. Үш топқа бірігіңдер. Әр топтағы оқушылар №1, №2, №3 деп белгіленеді. 1-кезеңде (әр топ) мәтіннің өздеріңе тиесілі бөлігін оқыңдар. 2-кезеңде оқыған мәтін бөлігінің мазмұнын бірігіп талдап, мазмұн жүйесі бойынша ой бөлісіңдер. 3-кезеңде топ мүшелері мәтін мазмұны бойынша кеңесіп, өздерің қалаған тәсілмен (тірек сөздер кестесі, кластер, диаграмма, сурет, карта және т.б.) ойларыңды жинақтаңдар. 4-кезеңде (әр топ өз бөлігі бойынша) оқиғаны баяндап беріңдер.

    1. Қазіргі уақытта әлемдік деңгейдегі туризм түрлерінің ішінде экологиялық туризмнің үлесі 60 %-ға дейін жетіп отыр. Экологиялық туризмадамның танымдық әрі ғылыми қажеттіліктерін өтеп, табиғат аясында болуымен ерекшеленеді.
Экологиялық туризмнің негізгі мақсаты:
   – халықтың экологиялық білімін, табиғатпен өзара қарым-қатынас мәдениетін арттыру, табиғи ортада этикалық нормаларды сақтауға баулу, табиғаттың тағдыры үшін жеке жауапкершілік сезімін тәрбиелеу;
  – адамның рухани және тән саулығын қалпына келтіру, қоршаған ортада толыққанды демалысты қамтамасыз ету.
     Әлемдік тәжірибеде экологиялық туризм ерекше қорғалатын табиғи аумақтарда (ЕҚТА) іске асырылады. Экологиялық туризм ЕҚТА-ның барлық түрінде дамуы мүмкін, алайда қорықтарға келу тәртібі басқа аумақтармен салыстырғанда өте қатаң. Осыған байланысты табиғатты қорғау ережесі және нақты келушілердің саны белгіленіп, экологиялық туризмді ұйымдастыруға барынша шектеу қойылуы тиіс.
    2. Экологиялық туризмді дамытудың аса маңызды әлеуетіне ерекше қорғалатын табиғи аумақтар саналатын ұлттық табиғи парктер ие. Олардың қызмет бағыттарының бірі – рекреациялық және туристік қызметті дамыту. Осы мақсаттарда көркем ландшафтар мен табиғи ескерткіштерді және басқа да қызықты нысандарды көрсету арқылы туристік және рекреациялық аймақтарды дамыту көзделеді.
   Экологиялық туризмнің өзі іштей бірнеше түрге бөлінеді: жаяу, атты, велосипедті туризм түрлері, альпинизм, рафтинг, дайвинг, ғылыми туризм, орнитологиялық және аңшылық туризм.
   Экологиялық туризм қоршаған ортадан пайда табуға бағытталмайды.
Аталмыш туризм түріне мынадай ерекшеліктер тән:
   – туристік аймақтарды мәдени тұрғыдан жетілдіруге қамқорлық жасап, жанашырлықпен пайдалану;
   – қоршаған ортаға залал келтіретін жағдайларды шектеу немесе төмен деңгейде болуын қадағалау. Адамдар тұмса табиғатпен тығыз байланыста болады. Адам табиғаттың әміршісі емес, оның кішкентай бөлшегі екенін түйсінеді.
    Экологиялық туризмнің негізін қалаушы Й. Криппендорфтың пайымдауынша, адам тынығу үшін табиғатпен тығыз байланыста болуы қажет.
   Экологиялық туризмнің қалыптасуы нәтижесінде тыныш, техникасыздандырылған кәсіп түрлері пайда болды. Оған жаяу жүру, велосипед- пен немесе атпен серуендеу, суда жүзу, шаңғымен сырғанау және тағы басқалары жатады.
Экологиялық туризмнің басты міндеті – адамгершілік қасиеттерді қалыптастыру. Табиғи туризммен байланысты 4 стратегиялық компонент: техникасыздандырылған туризм, өзіндік аймақтық даму, әлеуметтік жауапкершілік, мәдени жауаптылық адам бойындағы ізгі қасиеттердің оянып, дамуына ерекше ықпал етеді.
   3. Экологиялық туризм – айтарлықтай орнықты туризм түрі. Ол белгілі аумақта шоғырланудың нәтижесінде жергілікті тұрғындарға экономикалық пайда әкеледі. Жергілікті тұрғындар мен қонақтар арасында өзара түсіністікті қалыптастырады, сонымен қатар не ландшафтқа, не әлеуметтік ортаға зиянын тигізбейді, керісінше, техногендік ортаға машықтанған адамдардың табиғатты қорғауға деген дүниетанымын өзгертеді.

  Қазіргі таңда экологиялық туризм – әлемдік экономиканың құлдырауы әсер етпейтін сала. Себебі экотуристік өндіріс таусылмайтын ресурстармен жұмыс істейді. Шетелдік экономистердің есебі бойынша, 100 мың турист қалада орташа есеппен екі сағат болған кезде, кемінде 350 мың доллар немесе адам басына бір сағатта 17,5 доллар жұмсайды. Демек, экотуризмді дамыту арқылы ұзақмерзімді экономикалық тұрақтылықты қалыптастыруға болады. Шетел валютасының құйылуын қамтамасыз етеді және төлем теңгерімі сияқты экономикалық көрсеткіштерге, сонымен қатар халықтың жұмыспен қамтылуына оң әсерін тигізеді. Туризм тура немесе жанама түрде экономиканың 32 саласының дамуына ықпал етеді. Елдің инфрақұрылымын дамытуға септігі тиеді.
  Қорыта келгенде, экотуризмнің жылдам және тұрақты өсуін, оның қоршаған ортаға, экономиканың барлық секторлары мен қоғамның әл-ауқатына әсерін назарға ала отырып, мемлекет ұзақмерзімді даму бағдарламасында туристік салаға басымдық беруі керек. Туризмнің экологиялық түрі мемлекетіміздің жекелеген аймақтарында әлеуметтік-экономикалық дамудың маңызды элементі және табиғатты қорғаудың құралы бола алатынына кәміл сенуге болады.


К. Сабырова

9. Мәтіндегі тыныс белгілерінің қойылу себебін түсіндір.

10. Жағдаят: сенің мектебіңдегі экстремалды туризмге қатысушыларды анықтау қажет. Осы шара туралы хабарландыру жаз. Ол үшін экстремалды туризм туралы ақпарат жина. Оның ерекшелігі туралы сызба құрастыр. Хабарландыру мәтінінде қызықты мәліметтерді жинақтап қолдан. Сөздердің мағынасына сай дәлдікпен қолданылуына назар аудар.

11. Мәтін мазмұны бойынша пікірталас ұйымдастырыңдар. Өз идеяларыңның артықшылығын, қарсы пікірлердің кемшілігін айтыңдар. Соңында екіжақты келісім жасалады. Ол «Мүмкін» деген бөлікке жазылады.

12. Топ басшысы қағазға жазылып, ортаға тасталған экотуризм өткізілетін аймақтың бірін таңдап алады. Топ бірігіп, сол аймақтағы экотуризмнің артықшылығын жарнама түрінде жазуы тиіс. Қай топтың жарнамасы әсерлі әрі сауатты болса, сол топ жеңеді.

13. «Кез келген адам жүрген жерде табиғаттағы экологиялық тепе-теңдік бұзылады. Сондықтан табиғи ортаға барынша араласпауға тырысу керек» деген пікірге «Келісемін/Келіспеймін» әдісімен ойыңды тұжырымдап айт.

14. Сұрақтарға жауап бер.

1) Маған … қиын болды.
2) Мен … тапсырмаларын орындадым.
3) Мен … екендігін түсіндім.
4) Мен … үйрендім.
5) Мені … таңғалдырды.

×
×

Cart