§27–28. «Зар заман» ағымы өкілдерінің идеологиялық құндылықтары

Оқу мақсаты:
- Қазақ ұлттық мемлекеттілігінің тарихи тағдыры туралы «Зар заман» өкілдерінің идеяларын түсіндіру;
- Қазақстандағы қоғамдық-саяси ойдың дамуына тарихи қайраткерлердің қосқан үлесін бағалау.

Тірек сөздер:

  1. «Зар заман» поэзиялық ағымы қалыптасуының алғышарттары. Қазақ халқының ХVIII ғасырдағы тәуелсіздік үшін күресі «Ерлік дәуірі» аталды. Сол кезеңдегі жыраулар жас ұрпақты жаудан қаймықпай қарсы тұруға, табандылық пен ерлікке шақырды. Эпикалық жанрда жыр толғаған Ақтамберді:

Күлдір де күлдір кісінетіп,
Күреңді мінер ме екеміз,

Жалаулы найза жанға алып,
Жау қашырар ма екеміз! –

деп халықты қаһармандық рухқа үндеді.

  ХІХ ғасырдың басында қазақ әдебиетінде бұрынғы әншілік-жыршылық дәстүр біртіндеп ығыстырылып, оның орнын жеке поэтикалық шығармашылық ала бастады. Егер бұрын батырлардың ерлік істерін дәріптеу басым болып келсе, ХІХ ғасырдан бастап күнделікті өмірдің әртүрлі салаларын, қарапайым адамды, оның ішкі дүниесі мен мінез-құлықтарын жыр етуде жаңа бастама қалыптасты. Бұл отаршылдық саясатқа қарсы ұлт-азаттық қозғалысты, халықтың қасіретін жырлаған ағым еді.

  ХІХ ғасырда қазақ-жоңғар соғыстары аяқталып, Еділ қалмақтары мен Алатау қырғыздарына жорықтар тоқтатылған болатын. 1755 жылғы қазақ-башқұрт шиеленісінен кейін екі туыс, бауырлас халықтар арасында біршама жылымық орнатылғанымен, ол оқиға әлі ұмытылмаған еді.

  Сонымен қатар қазақ даласында әскери бекіністер мен округтік орталықтарының құрылысы жүріп жатты. Кіші және Орта жүз қазақтары ежелден бері көшіп-қонып жүрген бірқатар жерлерінен қуып шығарылды. Мұның өзі бұрыннан қалыптасқан көші-қон жүйесін бұзды. Патша үкіметінің жерді баса-көктеп тартып алуы салдарынан көптеген қазақ рулары дәстүрлі мал жайылымдарынан айырылды. Бір кездегі дамыған көшпелі малшаруашылығы тұйыққа тіреліп, күрт құлдырай бастады.

Талдау жаса
Ұлт-азаттық көтерілістердің қазақ тарихындағы рөлі қандай?

  1822–1824 жылдары хандық билік жойылды. Соның салдарынан Кіші жүз бен Орта жүз қазақтары өздерінің дәстүрлі мемлекеттілігінен айырылып қалды. Қазақстан бірте-бірте Ресей империясының отарына айналды. Бөкей Ордасында хан билігі 1845 жылға дейін сақталғанымен, патша империясына толық тәуелді болып, әскери бекіністер қоршауында қалды. ХІХ ғасырдың бірінші жартысында Қазақстан аумағындағы отаршылдық іс-әрекеттер күшейе түсті. 1810 жылы патша үкіметі Кіші жүз жерінің бір бөлігін тартып алып, Жаңаелек шебін құрды. Қазақтар 600 мың десятинаға жуық ең шұрайлы жайылымдарынан айырылды. Жергілікті тұрғындар ол жерлерден күшпен ығыстырылды.

  1835 жылы осы этноаумақтық бірлестікте патша үкіметі Новолинейный (Жаңа шеп) аймағын құрып, 3 млн 400 мың жерді тағы да тартып алды. Жергілікті халық өз жерлерін өздері жалға алып, ақы төлеп тұратын болды. Осы оқиғалардың барлығы И. Тайманұлы және М. Өтемісұлы, К. Қасымұлы, Ж. Нұрмұхамедұлы, Е. Көтібарұлы бастаған бірқатар көтерілістердің басталуына себеп болды. Бұрынғы ел басқару жүйесінің жойылып, отаршылдық биліктің орнауы ХІХ ғасырдағы қазақ ақындарының шығармашылығында басты тақырыпқа айналды.

  2. «Зар заман» дәуірі поэзиясының мазмұны мен идеологиялық құндылықтары. Жазушы М. Әуезов атап кеткендей, «Зар заман» дәуірінің ақындары XIX ғасырдың ортасына дейін елдің өткен еркін өмірін аңсап, ұлтты рухани құндылықтарынан ажырамауға шақырды, халықтың тағдырын мұң-зармен жырлады. Олар патшалық Ресейдің отаршылдық өктемдігіне, халықтың өз жерінде ауыр жағдайға түскеніне көнбеді. «Зар заман» ақындары елінің ертеңі үшін алаңдады, өткенді сағынышпен, аңсаумен еске алды. Болыс басшыларының парақорлығы, кейбір қазақ билерінің әділетсіздігі, қоғамда белең алған жала жабу, өсек айту т.б. сынға алынды. Бұл тығырықтан шығу жолын кейбір ақындар о дүниемен ғана салыстыруға барды. Ел басына түскен қасіретті ақырзаманмен теңеді.

  ХІХ ғасырдың бірінші жартысында патша үкіметінің отарлау озбырлығы күшейді. Ұлт-азаттық көтерілістер басып-жаншылғаннан кейін халық ертеңгі күніне сенімсіздікпен қарады.

  «Зар заман» ақындары шығармаларындағы негізгі ортақ идея – ел бірлігі мен мемлекет тұтастығы: «Біз бірлік-берекеден айырылып барамыз, бүйте берсек құримыз», – деп қайғы-мұңға берілу сарыны да байқалды. Олар отаршылдықты айыптап, қазақтарды ұлттық санасынан, халықтық болмыс-бітімнен ажырамауға, салт-дәстүрді бұзылмаған қалпында сақтауға үндеді.

Ойлан
Зар заман ақындарының шығармаларында демократиялық сипат көрініс тапты ма?

  «Зар заман» дәуірі ақындары шығармаларының негізгі идеологиялық құндылығы – өткен және бақытты кезеңді мұқият түсіну арқылы қиындықты жеңіп, келешекке ұмтылу, халық рухын көтеру болды. Бұл дәуірдің ақындары өлеңдерінде патша үкіметінің әлеуметтік-экономикалық, саяси, мәдени, шаруашылық отаршылдығына ашық түрде қарсылық білдірді. Қазақ халқының азаттық жолындағы күресі ерекше шабытпен жырланды.

  «Зар заман» дәуірі ақындарының көз алдында дала тұрғындарының әлеуметтік-экономикалық жағдайы күрт нашарлады. Олар заман куәгерлері ретінде патша үкіметі қазақтардың жерлерін тартып алуы салдарынан мал жайылымдарының тарылуы, отаршыл биліктің озбырлығы, әртүрлі дәрежедегі шенеуніктердің парақорлығы сияқты келеңсіз құбылыстарды жырға қосты. Бұл ағымның ақындары халық үшін хандық дәуірдегі жауға қарсы аттанған хандардай билеушілерді армандады. Олардың шығармаларында өткен заманды аңсау, келер күннен үмітінің жоқтығы, отаршылдардың озбырлығы мен сұрқия саясаты жан-жақты суреттеледі.

  ХІХ ғасырдың 40–60-жылдарындағы поэзияның жарқын өкілдері қатарына Дулат Бабатайұлын, Шортанбай Қанайұлын, Мұрат Мөңкеұлын қосуға болады. Олар «Зар заман» дәуірінің ақындары аталды.

3. Дулат Бабатайұлы. Ол Шығыс Қазақстан облысы Аягөз ауданында дүниеге келген. Отарлық озбырлықтың күшейгенін, 1822–1824 жылдары хандық биліктің жойылуын, округтік орталықтар құрылуын, 1867–1868 жылдардағы әкімшілік реформаларды, ұлт-азаттық көтерілістерді көзімен көріп, жанымен сезінген Дулат Бабатайұлы өз өлеңдерінде халқының басына түскен ауыртпалықтарды жырлайды. «О, Сарыарқа, Сарыарқа» атты өлеңінде қазақтың ауыр жағдайын суреттейді. «Кеңесбайға», «Бараққа» деген өлеңдерінде әкімдердің жағымсыз образын сипаттап ашық айтады. Өз халқын жаудай талаған, сатылған әкімдерді отарлаушылардың қолшоқпарына айналды деп айыптайды. Ақын ұлы Абылай заманындағы Қазақ хандығы қалпына келтірілген күндерді армандайды. Ол өзінің шығармаларында халықтың еркіндігі үшін күрескендерді мадақтап өтеді.

Дулат Бабатайұлы

Ізден
«Зар заман» ақындарының шығармашылығын зерттеген қазақстандық ғалымдарды анықтаңдар.

  Ақын «Өсиетнама» өлеңінде халықтың өткен өмірін жырлады. Ол кезеңде далалықтардың өмірін реттеп отыратын салт-дәстүрлер, әдеп-ғұрыптардың заңнамалық маңызы зор еді. Жаңа дәуірде дәстүрлі қазақ қоғамы дағдарысқа ұшырап бара жатқанын ақын күйінішпен жеткізеді. Дулат Бабатайұлы біртұтас Қазақ хандығының жерін Ресей империясына беріп қойған хандар мен сұлтандардың іс-әрекетін, патшалық үкіметке қызмет еткен жергілікті шенеуніктерді сынады.

Шортанбай Қанайұлы

  4. Шортанбай Қанайұлы. Зар заман кезеңінің белгілі ақыны Қазақстанның оңтүстік өңірінде дүниеге келген.

  Ол өз дәуірінің көрнекті ақындарының бірі. Өзінің жырларында ақын қоғамның әлеуметтік құрылымының өзгеріске ұшыраған сырын ашып, кедей және байға жіктелудің күшейгені туралы айтады. Ресей империясының отарлау саясаты салдарынан халық саяси, экономикалық және рухани езгіге ұшырады. Осы кезеңнің ауыртпалықтары туралы Шортанбай Қанайұлы «Зар заман» атты өлеңінде мұңды жыр толғайды. Ел ішінде кең таралған осы өлеңнен бастап, олар «Зар заман» ақындары ретінде таныла бастады.

  Ақын өлеңдерінде елдігінен, мемлекеттік жүйесінен айырылған, отарлық жағдайға түскен халқының ащы зары мен өшпес өкінішін жырлайды. «Зар заман» өлеңінде қазақтардың Ресей бодандығына қабылдануы үрдісіне қарсылығын білдіріп, патша үкіметі отарлау саясатының теріс салдары: шоқындыру, шаруалардың жаппай қоныс аударуы, әскери шептер мен бекіністер салынуын батыл айыптады. Шортанбай қазақтың егіншілікке көшуімен дәстүрлі малшаруашылығына нұқсан келеді деп түсінді. Ақын жаңа өмір салты халықтың қалыптасқан сана-сезіміне қайшылық әкелгенін, елдің психологиясы мен тұрмыс-тіршілігіне жағымсыз өзгерістер туғызғанын сынға алды.

  «Билер, пара жемеңдер» деген өлеңінде ақын ел ішіндегі әлеуметтік мәселелерді жырға қосып, төрелік айтатын билердің парақорлық қылықтарын айыптады.

  Шортанбай әрдайым дін қағидаларын тірек етіп, діннен қорғаныс іздейді. Ол азаматтарға ислам құндылықтарын естен шығармай, парыздарын орындау қажеттілігін еске салады. Ақын өз дәуіріне риза болмай үмітсіздіктен өкініп жырға қосты:

Зар заман, зар заман,
Зарлап өткен бір заман.
…..
Жөн білмеген жамандар,
Ел билеген бек болды,
Көтере алмай билігін,
Ұласқан үлкен кек болды.

  Шортанбай өз замандастары арасында суырыпсалма айтыскер ақын ретінде де танымал еді. Кезінде ол Орынбай, Шөже ақындармен сөз сайысына түсіп, елдің есінде қалған. 1888 жылы Шортанбай ақынның кейбір шығармалары («Қисса Шортанбай», «Бала зары») Қазан қаласында жарық көрді. Кейінгі жылдары олар бес рет қайта басылып шықты.

  5. Мұрат Мөңкеұлы. Дәуірдің айтулы өкілдерінің бірі Мұрат Мөңкеұлы болды. Ақын «Қазтуған», «Үш қиян» жырларында елде жаппай қоныстанушылар пайда болып, қазақтардың жерінен айырылғанына қатты күйінді. Бұдан құтылудың бірден-бір жолы – жайсыз мекеннен құтты мекенге көшу, қолайлы қоныс іздеу. Ақын елдің бірлігін, жерін сақтаған бұрынғы дара билеушілер саясатының арқасында отарлауға жол берілмеген өткен күнді еске түсіреді. «Сарыарқа» өлеңінде Мұрат Мөңке ұлы отаршылдық саясатының салдарынан туған халқының ежелгі қонысынан айырылғанын ашық түрде айыптайды. Сонымен бірге ақын күнделікті өмірдегі исламның алар орнына зор мән береді. Ол мұсылмандықты күшейтуді рухани қорған ретінде көреді.

Мұрат Мөңкеұлы

  Мұрат Мөңкеұлы «Үш қиян» өлеңінде Ресейдің Қазақстанды жаулап алуы мен отарлауы кезіндегі қазақ халқының ауыр жағдайын шынайы суреттейді:

Еділді тартып алғаны –
Етекке қолды салғаны.
Жайықты тартып алғаны –
Жағаға қолды салғаны.
Ойылды тартып алғаны –
Ойдағысы болғаны.

  «Үш қиян» толғауымен жер, құтты қоныс жайлы «Әттең, қапы дүние-ай», «Қазтуған» жырлары үндес келеді. «Оқудан қайтқан азаматқа» өлеңінде білімді игермейінше елдің өркендемейтінін айтады. Ақын елінің тәуелсіздігін аңсап, отаршылдық билікке қарсы жыр жолдарын арнады. «Кең қоныс қайдан іздеп таптырады?» атты жыры ақынның отаншылдық өршіл рухын білдіреді.

  6. Әбубәкір Кердері. Аса дарынды ақындардың бірі Әбубәкір Кердері қазіргі Батыс Қазақстан облысында дүниеге келді. Ол өз заманының оқыған, білімді азаматы ретінде Орал, Ақтөбе, Ор қалалары маңындағы қазақ ауылдарында ұстаздық етіп, бала оқытты. Оның өлеңдер жинағы 1905 жылы Қазан қаласында басылып шықты.

  Ақын өз поэзиясында бұрынғы ел бірлігін, қазақтың ешқандай алауыздыққа бой алдырмаған кезін аңсайды. Ел үшін жан аямай күресуге шақырады: «Жаман қалып, жақсының еті қызар, Алаштап қырға шық та, ұран шақыр!»

Ойлан
Ақынның бұл өлең жолдарынан нені байқауға болады?

  Ақын өзінің шығармаларында ислам іліміне көп назар аударып, қазақ даласында дінді нығайтуды қолдады. Ол мықты хан билігі кезеңін аңсады. Ақын өлең-жырларында отандастарын оқу мен білім, ғылым мен өнерді меңгеруге шақырды. Қоғам өміріндегі білімнің орны мен маңызы туралы: «Бай білімсіз болса кедейшілікке ұшырайды», – деп ескертеді.

  «Зар заман» ақындары елдің жай-күйін ойлаған ұлт қайраткерлері ретінде танылды, ұлттық әдебиет тарихында лайықты орын алды. Олар өлеңдері арқылы патша үкіметінің әскери-отаршыл әрекеттерінен бұрынғы емін-еркін өмірінен айырылған қазақ халқының қайғылы тағдырын кейінгі ұрпаққа жеткізді.

1. «Зар заман» ақындарының мақсаты қандай еді?
2. «Зар заман» кезеңі қазақ мемлекеттілігі үшін күрес болды» деген пікірмен келісесіңдер ме?
3. Бүгінгі әдебиетте «Зар заман» ақындарының ықпалы байқала ма?

«Зар заман» – ХІХ ғасырда Қазақстанның Ресейге қосылуы аяқталып, патша үкіметі бұрынғы ел басқару тәртібін жойып, 1867–1868 жылдары қазақтарды басқару жөніндегі ереже бойынша жаңа тәртіп орнатқан кезде туған ағым.

Этноаумақ – бір-бірімен әлеуметтік-экономикалық байланыстағы этникалық қауымдастық тұратын аумақ.

Мұрат Мөңкеұлы (1843–1906) – қазақ поэзиясының көрнекті өкілі, айтыскер ақын, жырау.
Шортанбай Қанайұлы (1819–1881) – ақын. ХІХ ғасырда өмір сүрген қазақ халқының тарихындағы ірі тұлғалардың бірі.

Мәтінмен жұмыс.
INSERT кестесі арқылы «Зар заман» ағымы өкілдерінің қоғамдық-саяси көзқарастарына тұжырымдама жасаңдар.

Шығармашылық тапсырма. «Зар заман» өкілдері бірінің шығармашылығы жайлы эссе жазыңдар.

Мұрат Мөңкеұлы
«ҮШ ҚИЯН»

Замана қайтіп түзелсін:
Қоңсыдан туған би болды,
Бұ сықылды күй болды,
Көрген жұртқа таң болды.
Азамат ердің баласы
Айдарына малы жоқ,
Топ көрерге зар болды.
Қара кісі хан болды,
Қоспақтан туған қортықша

Қатарға шығып нар болды.
Асылзада баласы,
Дәулеті кетіп қолынан,
Қоңсысына құл болды.
Асылсыздың баласы,
Ақшасына сүйеніп,
Айтқан сөзі пұл болды.
Замананың адамы,
Заманың мұндай сұм болды!

***

Мен қауіп еткеннен айтамын:
Ақ борықтай иілген,
Кейінгі туған баланың
Ұстай ма деп білегін,
Шая ма деп жүрегін,

Шашын, мұртын қойдырып,
Ащы суға тойдырып,
Бұза ма деп реңін.
Адыра қалғыр заманның
Мен жаратпаймын сүреңін!..

 

  Қазақ әдебиеті. Хрестоматия. 8-сыныпқа арналған. – Алматы, 2018, 46–47-беттер.  

Өлең жолдары бойынша сол кезеңдегі қоғамдық өмірге сипаттама беріңдер.

×
×

Cart