§35–36. «Мәңгілік Ел» жалпыұлттық идеясының тарихи негізі

Оқу мақсаты:
- «Мәңгілік Ел» жалпыұлттық идеясының тарихи негіздерін анықтау.

Тірек сөздер:

Тақырыпқа шығу:

«Мәңгілік Ел» – түркі жұртының данагөйі, үш бірдей қағанның кеңесшісі болған атақты Тоныкөк негізін қалаған идея…»

Түркітанушы, ғалым Қ. Сартқожаұлы

Автордың пікіріне қатысты өз ойыңды білдір.

  1. Ұлттық идеяның маңызы. Отандық және халықаралық тәжірибе көрсеткеніндей, өзінің тарихи даму жолының әрбір кезеңінде елді біріктіруде ұлттық идея маңызды рөл атқарады. Мысалы, ХХ ғасырдың басында «Алаш» идеясы өзекті еді.

  Кеңес одағы ыдырағаннан кейін елімізде жаңа қоғамды орнатудың маңызды бөлігі болуға тиіс жаңа ұлттық идея қағидаларын қалыптастыруға әрекеттер жасалды. Коммунистердің кеңінен жариялаған «жарқын коммунистік болашақ құру» идеясы социалистік лагерьдің және тоталитарлық жүйенің құлдырауымен келмеске кетті. Коммунистік кезеңнен кейін енді елімізде жаңа мемлекеттік идеологияны анықтау мәселесі күн тәртібіне қойылды. Кез келген қоғамның жалпыұлттық идеологияға мұқтаж екені анық. Қоғамды біріктіруші идеяның жоқтығы әлеуметтік, экономикалық, саяси, конфессиялық және мәдени қайшылықтарға әкелуі мүмкін. Халыққа біртұтас идея, алға өрлейтін бағыт керек.

  Қазіргі кезеңде әлемде кең етек алып отырған экстремизм материалдық қана емес, рухани мешеуліктің салдарынан да таралады. Жастарға түрлі секталық ағымдар үлкен қауіп төндіруде. Жалған діни бірлестіктер үгіт-насихат жасап, жастардың санасын уландырып, көптеген отбасының бұзылуына әкеп соқтырады. Кейбір діни секталар мемлекеттің тұтастығы мен тұрақтылығына нұқсан келтіреді.

  Жаһандану жағдайында еліміз халықаралық қатынастар жүйесінде қандай орын алады? Біз көршілерімізбен қарым-қатынасты қалай орнатамыз? Мұның бәрі жалпыұлттық идеяға және оның мазмұнына байланысты. Ұлттық идея этникалық, діни, тілдік тегіне, саяси көзқарасына қарамастан ұлттық құндылықтар арқылы елде барша халықты ортақ мүддеге топтастыра алады.

Есіңе түсір
Алаш ұлттық идеясының негізгі тұжырымдамалары қандай еді?

2. Ұлттық идея төңірегіндегі пікірталас. Жалпыұлттық ауқымдағы идея мәселесі тәуелсіз Қазақстанда ХХ ғасырдың 90-жылдары әсіресе ХХІ ғасырдың басында көтеріліп, бірнеше үлгілер ұсынылды. Ұлттық идея төңірегінде қызу пікірталастарға көрнекті ғалымдар, қоғам және мемлекет қайраткерлері: Ә. Кекілбаев, М. Жолдасбеков, А. Сейдімбек, С. Қасқабасов, М. Әшімбаев, Ә. Нысанбаев т.б. қатысты. Ұлттық идеяны анықтауда әртүрлі нұсқаулар мен көзқарастар ұсынылды.

  Ұлттық идея елді және бүкіл қоғамды топтастырушы фактор болуы тиіс. Ол Қазақстанның жаһандық дүниеге лайықты кірігіп, әлемдік күрделі үрдістерге оңтайлы қатысуына жағдай жасауы керек. Жаһандану жағдайында ұлттық идеяны іске асыру барысында бүкіл қоғам мен әрбір қазақстандықтың игілігі тұрғысынан еліміздің одан әрі өркениетті дамуын қамтамасыз ету қажет. Ұлттық идея адамзаттың жиынтық болмысынан дараланып тұратын ерекше ұлттық мазмұнға ие бола отырып, әлемдік қауымдастыққа оның толыққанды мүшесі ретінде енуді көздейді.

Ә. Кекілбаев

  Көрнекті жазушы Ә. Кекілбаев ұлттық идеяның өзегі ретінде тұтас қазақ болмысын зерделеуге және ұлттық сананы жандандыруға айрықша көңіл бөлді. Оның тұжырымы бойынша, ең алдымен, отаршылдық ой-пікірден арылып, халық санын көбейту үшін елімізде бала туу көрсеткіштерін жоғарылату қажет. Сондай-ақ ұлттық мемлекет құру, халықтың санасын жаңғырту, шетелдердегі қазақтарды елге оралту, батыс демократиялық құндылықтары мен либерализм т.б. мәселелерді көтеріп, қазақ халқының тарихи-рухани келбетін ашып көрсетуге ұмтылды.

  ҚР ҰҒА академигі С. Қасқабасов ұлы ақын, ойшыл А. Құнанбайұлының поэзиясы мен философиясына сүйеніп, «ұлттық идея» ұғымын «мемлекеттік идея» мағынасында қабылдауды ұсынды. «Мемлекеттік идеяны» жүзеге асыру – тәуелсіздікті сақтау; ұлттың сана-сезімін жетілдіру; салиқалы сыртқы және ішкі саясат; қазақ халқының ауызбірлігі мен ұлттық менталитеті; елімізде тұратын басқа этникалық ұлттар өкілдерінің қазақтармен және өзара бір-бірімен тату тұруы болып табылады.

  3. Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасы Н.Ә. Назарбаевтың ұсыныстары. Қазақстанның тәуелсіздігін нығайтып, елімізде мекендейтін әртүрлі ұлт пен дін өкілдерін ұйыстыратын ұлттық идеяны қалыптастыруда ҚР Тұңғыш Президенті – Елбасы Н.Ә. Назарбаевтың еңбегін айрықша атап өту керек. 2001 жылы ұлттық идеяның бес қағидаты ұсынылды: 1. Полиэтникалық Қазақстан халқының теңдігі; 2. Қазақ халқы – ұлт пен мемлекет құраушы этнос; 3. Діни төзімділік; 4. Заңға бағынатын азаматтарды тәрбиелеу; 5. Орта және кіші бизнесті дамыту.

  2005 жылы Елбасы Н.Ә. Назарбаев ұлттық идея ретінде тәуелсіздік және азаматтардың әл-ауқатын арттыру сияқты негізгі ұғымдарды ұсынды. Одан кейін ұлттық идея негізінде еліміздің индустриялық-инновациялық даму бағдарламасы белгіленген болатын. Елбасы өз ұсыныстарында заман талабы мен халықтың мақсат-мүддесін толық ескерді. Ұлттық идеяны талқылауда елдің белгілі азаматтарына да өз пікірін білдіруге мүмкіндік берілді.

  2014 жылы «Мәңгілік Ел» ұлттық идеясының жаңа нұсқасы ұсынылды. Елбасы оны ұлттық идея деп атай отырып, барша қазақстандықтарды «Қазақстан–2050» Стратегиясын жүзеге асыру жұмыстарына белсене атсалысуға шақырды.

Қазақстан–2050 «МӘҢГІЛІК ЕЛ»

  «Мәңгілік Ел» халық арасында түсіністік пен қолдау тапты. Оны кеңінен талқылап, көпшілікке ұсыну үшін ЕҰУ-нің базасында бірнеше жылдардан бері үштілді көптаралымды «Мәңгілік Ел» журналы шығарылып, бірқатар елдерге таратылады.

Ойлан
Неге «Мәңгілік Ел» идеясы «Қазақстан–2050» Стратегиясымен бірге ұсынылды?

  4. «Мәңгілік Ел» жалпыұлттық идея. Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасы Н.Ә. Назарбаев 2014 жылы «Қазақстан жолы–2050: бір мақсат, бір мүдде, бір болашақ» атты Жолдауында жаңа біріктіруші «Мәңгілік Ел» ұлттық идеясын ұсынды: «Біздер, қазақстандықтар – бір халықпыз! Біз үшін ортақ тағдыр – бұл біздің «Мәңгілік Ел», лайықты әрі ұлы Қазақстан!

  «Мәңгілік Ел» – жалпықазақстандық ортақ шаңырағымыздың ұлттық идеясы. Бабаларымыздың арманы. Егеменді дамудың 22 жылында барша қазақстандықтарды біріктіретін, ел болашағының іргетасын қалаған басты құндылықтар жасалды».

«Мәңгілік Ел» салтанат қақпасы, Нұр-Сұлтан қаласы

  Шындығында, біздің ежелгі жерімізде қазақ халқының көп ғасырлық мемлекеттігінің тарихи тәжірибесі қалыптасқаны анық. Тәуелсіздігін алған Қазақстан ұлттық мемлекеттілігін нығайту жолына шықты. Бұл туралы Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасы Н.Ә. Назарбаев: «Менің арманым, ойым – Қазақстанның мәңгілік болуы. Сондықтан «Мәңгілік Ел» деген идеяны ұсындым. «Мәңгілік Ел» болу үшін бәрін жасап жатырмыз. Қазақстанның ең үлкен патриоты да, елді алға сүйрейтін де солар болады деп сенемін», – деді. Бұл идеяның бастауы тым тереңде жатыр. Орта ғасырда Моңғолияның Өтікен жерінде арғы бабаларымыз – түркілердің тарихы тасқа мәңгілікке қашалып, жазылып қалған. Тарихи «Мәңгілік Ел» ұғымы Қазақстанның тәуелсіздік рухымен үндес келеді. Тәуелсіздігімізді көздің қарашығындай сақтап, ұрпаққа қалдыруымыз керек.

  Ұлттық құндылықтар арқасында біз әрдайым жеңіске жеттік. Бұл идея – қазақ елінің ғасырлар бойы армандаған мақсаты, тәуелсіздік жылдарында уақыт сынынан өткен Қазақстандық тарихи даму тәжірибесі.

  5. Ұлттық идея қабылдаудың тарихи маңызы. «Мәңгілік Ел» ұлттық идеясын қабылдаудың тарихи маңызы зор. Елбасы барлық азаматтарға түрлі этникалық және дін өкілдеріне бірегей ұлттық идеяны ұсынды. Ол қоғам алдында тұрған стратегиялық міндеттерді орындау әлемдегі дамыған 30 елдің қатарына кіру үшін халықты біріктірудің маңызды құралы мен қуатты тетігі ретінде қабылданды.

  ҚР Тұңғыш Президенті – Елбасының айтуынша: «Ұлттық идея қоғамның өзінде пісіп-жетіледі. Онда сырттан таңылған сипат болмайды».

  Жер көлемі жағынан республикамыз әлем елдерінің ішінде 9-орын алады. Мыңдаған жылдардан астам уақыт бойы Қазақ мемлекеттілігі сақ, ғұн, түркі, қыпшақ-қазақ негізінде қалыптасқанын білеміз. Әртүрлі тарихи дәуірлердегі мемлекеттік құрылымдар әркелкі аталып келді. Жергілікті тұрғындардың тілі, антропологиялық келбеті, ділі, діни сенімі, әдет-ғұрып, салт-дәстүрлері, шаруашылық-мәдени жүйесі өзіндік дәстүрлі ерекшеліктерін сақтап қалды.

  Қазіргі таңда бүкіл Батыс Еуропа немесе бес Францияны қамтитындай орасан зор аумақты қорғап қалу тек рухы мықты, жауынгерлік қасиетке ие тұрғындар, берік идеологиясы бар қуатты мемлекеттің ғана қолынан келеді.

  «Мәңгілік Ел» ұлттық идеясының негізіндегі маңызды жалпыұлттық 7 құндылық:

  Біріншіден, бұл – Қазақстанның тәуелсіздігі мен Астанасы.
  Екіншіден, бұл – қоғамымыздағы ұлттық бірлік, бейбітшілік пен келісім.
  Үшіншіден, бұл – зайырлы қоғам және жоғары руханият.
  Төртіншіден, бұл – индустрияландыру мен инновацияларға негізделген экономикалық өсім.
  Бесіншіден, бұл – Жалпыға Ортақ Еңбек Қоғамы.
  Алтыншыдан, бұл – тарихтың, мәдениет пен тілдің ортақтығы.
  Жетіншіден, бұл – еліміздің ұлттық қауіпсіздігі, бүкіләлемдік, өңірлік мәселелерді шешуге жаһандық тұрғыдан қатысуы.

  Біз мыңдаған жылдарды артқа тастап, тағдыр соқпағынан сүрінбей өтіп, мемлекеттігіміз, тіліміз, мәдениетіміз бен жазуымызды сақтай отырып аман қалдық. Келешекте осы құндылықтарымызды ғасырлар мен мыңжылдықтар бойы жоғалтпай, «Мәңгілік Ел» идеясын болашақтың бағдаршамы ретінде ұстанатын боламыз.

  Ұлттық идея қоғамның өзекті мәселелерін шешуге бағытталып, ұлтпен бірге өмір сүреді. Келешекте еліміздің ұлттық идеясы заман талабына орай өзгерістермен толықтырылуы мүмкін, ал қазіргі уақытта ол халық арасында кеңінен қолдау тауып отыр.

1. «Ұлттық идея» мағынасын қалай түсінесіңдер?
2. «Мәңгілік Ел» ұлттық идеясын жүзеге асыруда қандай ұсыныстарың бар?

Идея – ілім, ой, теориялық жүйені, логикалық құрылымды анықтаушы түсінік. Адам санасындағы бір нәрсенің бейнесі, сол нәрсе туралы таным, ұғым.
«Мәңгілік Ел» – Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасы Н.Ә. Назарбаевтың 2014 жылғы Жолдауында ұсынылған ұлттық идея.

Жолдасбеков Мырзатай (1937) – мемлекет және қоғам қайраткері, ғалым, филология ғылымының докторы, профессор.
Кекілбаев Әбіш (1939–2015) – көрнекті мемлекет және қоғам қайраткері, Қазақстанның халық жазушысы, Қазақстан Республикасы Мемлекеттік сыйлығының лауреаты, Қазақстанның Еңбек Ері.

Шығармашылық тапсырмалар.

1-тапсырма. «Қазақстан – Мәңгілік Ел!» тақырыбында 80–100 сөзден тұратын эссе жазыңдар. Тірек сөздер: Тәуелсіздік, ұлттық идея, автономия, «Мәңгілік Ел», татулық, болашақ.

2-тапсырма. GROW әдісін қолданып, «Мәңгілік Ел» жалпыұлттық идеясының тарихи негізіне талдау жасаңдар.

Goal – мақсаты
• Бағдарламаның негізгі мақсаты неде?
• Нәтижесінде неге қол жеткізуді қалайсыңдар?
• Мақсатқа қол жеткізу үшін қанша уақыт бересіңдер?
• Мақсатқа қол жеткізген соң біз қандай боламыз?

Reality – іске асырылуы
• Қазіргі уақытта не іске асырылып жатыр?
• Бағдарламаның жүзеге асырылуын қалай басқаруға немесе өзгертуге болады?
• Бағдарламаның жүзеге асырылуына қосымша қандай ресурстар қажет?

Options – мүмкіндіктері
• Бағдарламаның жүзеге асырылуында қандай ішкі қайшылықтар туындауы мүмкін?
• Ұзақ мерзімді бағдарламаны қабылдау қандай мүмкіндіктер береді?
• Егер сендерде уақыт пен материалдық құралдар, басқа да әдістер жеткілікті болса нені өзгертер едіңдер?

Way forward – алға қарай әрекет ету
• Сендерді қандай іс-әрекеттер қанағаттандырды?
• Жетістікті қандай критерийлер бойынша өлшейсіңдер?
• Алға қарай әрекет ету үшін қандай қолдау қажет деп санайсыңдар?

3-тапсырма. Қосымша деректерді пайдалана отырып, Орталық Азияның басқа мемлекеттерінде қандай жалпыұлттық идея бар екенін анықтаңдар. Салыстырыңдар.

  «Мәңгілік Ел – ата-бабаларымыздың сан мың жылдан бергі асыл арманы. Ол арман – әлем елдерімен терезесі тең қатынас құратын, әлем картасынан ойып тұрып орын алатын Тәуелсіз Мемлекет атану еді. Ол арман – тұрмысы бақуатты, түтіні түзу ұшқан, ұрпағы ертеңіне сеніммен қарайтын бақытты Ел болу еді. Біз армандарды ақиқатқа айналдырдық. Мәңгілік Елдің іргетасын қаладық.

  Мен қоғамда «Қазақ елінің ұлттық идеясы қандай болуы керек?» деген сауал жиі талқыға түсетінін көріп жүрмін. Біз үшін болашағымызға бағдар ететін, ұлтты ұйыстырып, ұлы мақсаттарға жетелейтін идея бар. Ол – Мәңгілік Ел идеясы. Тәуелсіздікпен бірге халқымыз Мәңгілік Мұраттарына қол жеткізді. Біз еліміздің жүрегі, тәуелсіздігіміздің тірегі – Мәңгілік Елордамызды тұрғыздық. Қазақтың Мәңгілік Ғұмыры ұрпақтың Мәңгілік Болашағын баянды етуге арналады. Ендігі ұрпақ – Мәңгілік Қазақтың Перзенті. Ендеше, Қазақ Елінің Ұлттық Идеясы – Мәңгілік Ел!

  Тәуелсіздікке қол жеткізгеннен гөрі, оны ұстап тұру әлдеқайда қиын. Бұл – әлем кеңістігінде ғұмыр кешкен талай халықтың басынан өткен тарихи шындық. Өзара алауыздық пен жан-жаққа тартқан берекесіздік талай елдің тағдырын құрдымға жіберген. Тіршілік тезіне төтеп бере алмай жер бетінен ұлт ретінде жойылып кеткен елдер қаншама. Біз өзгенің қателігінен, өткеннің тағылымынан сабақ ала білуге тиіспіз. Ол сабақтың түйіні біреу ғана – Мәңгілік Ел біздің өз қолымызда. Ол үшін өзімізді үнемі қамшылап, ұдайы алға ұмтылуымыз керек. Байлығымыз да, бақытымыз да болған Мәңгілік Тәуелсіздігімізді көздің қарашығындай сақтай білуіміз керек.

  «Қазақстан–2050» – Мәңгілік Елге бастайтын ең абыройлы, ең мәртебелі жол. Осы жолдан айнымайық, сүйікті халқым! Әрбір күніміз мерекелі, әрбір ісіміз берекелі болсын! Дамуымыз жедел, келешегіміз кемел болсын! Жарқын іспен күллі әлемді таң қылып, Жасай берсін, Елдігіміз Мәңгілік!»

Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасы Н. Ә. Назарбаевтың Жолдауынан, 2014 жыл, 17 қаңтар, Нұр-Сұлтан қ.

1. Идея неге «Мәңгілік Ел» деп аталады?

2. «Мәңгілік Ел» идеясының біріктіруші рөлі неде?

×
×

Cart