Асыл сөз

Шығармадағы оқиға жүйесін анықтаймын және кейіпкерлерді сипаттаймын.

1. Сызба бойынша топтастыр.

2. Түсініп оқы.

Ажалдан құтқарған асыл сөз

(Аңыз-әңгіме)

  Ерте кезде бір хан шеру тартып келе жатады. Бір шөлейт, сусыз далаға кездесіп, әскері де, аттары да шөлдейді. Осылай зарығып келе жатқанда, алыстан бір кішкене бұйрат көрінеді.
  Хан жігіттеріне:
  – Адырлы жер ауызсусыз болмайды, барып қараңдар, – дейді.
  Шапқыншылар адырдың үстіне шықса, қойнауда бір қора қой жайылып жүр екен. Жігіттер қойдың шетіне келсе, мосқал тартқан қойшысы бар екен. Қойшыны олар кісі ғұрлы көріп амандаспайды.
  – Су қайда? – деп зіркілдейді.
  – Су дегенің көл ме? – дейді қойшы.
  – Өзің қалай қисық сөйлейсің? Бізге, ана ханға ауызсу керек, – дейді ежіреңдеген шабармандар.
  – Мен хан ішеді деп қасқиып жатқан бұлақ көргенім жоқ, – дейді қойшы.
  Шабармандар одан әрі ызаланып, күш көрсетпек болады.

  – Мен де сендердей кісімін, су емеспін. Жерден бұлақ ағызар су иесі Сүлеймен де емеспін, – деп, қойшы шабарманның аузын аштырмайды.
  – Әйда, хан алдына жүр, сенімен сонда сөйлесеміз, – дейді шабармандар.
  – Мен сендердей ерігіп жүргем жоқ. Мына баққан малымды тастап, ешқайда бармаймын. Бір топ қураған қамыс желден ықтады деп барам ба? – деп, қойшы жүрмей отырып алады.  
  Шабармандар ханға келеді. «Қойшы – бір кесір, жөн айтпайды. Күш жұмсамай, өз әміріңізге келдік», – дейді.
  – Ұрмай, соқпай, барып алып келіңдер, – деп, хан үш жігітті жібереді. Хан әмірі екі болмайды, жігіттер барады да, қойшыны еріксіз алып келеді.
  – Шақырғанда неге келмейсің, неге судың жөнін айтып бермейсің? Қазір басыңды алғызайын. Ал мынаның басын! – деп, жендеттеріне әмір етеді хан. Жендеттер қылышын көтере бергенде қойшы басын иіп:

  – Тақсыр, хан, дат! – дейді.
  – Е, датың болса, айт! – деп, хан жендеттерін тоқтатып, қойшыға сөйле деп ишарат білдіреді.
  – Мен сізге бір сұңқар мен шөже торғайдың хикаясын айтайын, – деп, қойшы сөз бастайды. – Ерте кезде бір сұңқар жем таба алмай ашығып, өзен бойын өрлеп ұшып келе жатса, алдынан бір шөже торғай ұша жөнеліпті. Сұңқардың көзіне қан толып, торғайды қуып жетіп, енді жеуге айналғанда, торғай: «Сұңқар мырза, бір ауыз арыз тыңдаңыз, соны айтып болған соң, жей беріңіз», – депті.
  – Айт! – депті сұңқар. Сонда торғай:
  – Мен шөже торғаймын. Қорбиған жүнім болмаса, сіздің бөтегеңізге жұғын болатын қызылым жоқ. Менің қалжама не қарық боласыз? Жарымайтын нәрсеге асыл тұмсығыңызды босқа былғайсыз. Ол да ештеңе емес. «Қарны ашқан сұңқар қармауы жоқ шөже торғайға түсіп, тұмсығын былғапты» деген өзіңізге жаман атақ емес пе? Бұл сіздің атағыңызға нұқсан келтіреді ғой деймін.

  Шөже торғай осыны айтып болып, «жей беріңіз» дегендей көзін жұмып, қанатын жайып жата кетіпті. Сұңқар көп ойланып отырып, шөже торғайды қоя беріпті. Сол сияқты мен де мына азғана қойды бағып жүрген қойшымын. Не атаным жоқ, не атағым жоқ. Менің басымды алғаныңызды елеп, сондай бір жауды жеңіпті деп, сіздің батырлығыңызды ешкім елей ме? Қайта «қолында қаруы жоқ, қасында қорғаушысы жоқ қойшыны өлтіріпті» деп күледі. Жауына әлі келмеген соң, кегін сол қол астындағы қойшыдан алыпты дейді ғой, естіген елге мазақ боласыз ғой деп аяймын. Аламын десеңіз, міне, басым, – деп, қойшы тізерлеп отыра кетіпті.
  Хан райынан қайтып, қойшыны босатқызыпты. Сонда қойшы:
  – Ей, тақсыр хан-ай, жердегі бос жатқан суды таба алмайтын басшы алып шығыпсыз. Көшпелі қос өзеннің адыры ана тұрған. Соны таппай, қолыңызды қаңсытып келесіз, келешекте қалай жол табасыз? – депті.
  Осыны айтқан қойшы атын тебініп қалып, қойына жүріп кетіпті. Хан қапа болып, сөзден жеңіліп, қала беріпті.

Ел аузынан жазып алған:
Сапарғали Бегалин

төбелері дөңгеленіп келген адыр.

биік, дөңес жер.

біраз жасқа келген егде.

Әңгіме-дебат барысында пікірлерде алшақтық болады. Әр топ өз шешімдерінде қалады.

3. Аңыз-әңгімені бөліктерге бөл. Әр бөлікке ат қой.

4. Кейіпкерлерді салыстыра сипатта.

1-топ. Хан мен сұңқар.
2-топ. Қойшы мен шөже торғай.
3-топ. Сұңқар мен шөже торғай.

5. Аңыз-әңгіме бойынша «Қойшының жеңіске жетуінің себебі» деген тақырыпта ой өрбіт.

6. Мәтін мазмұнына сай берілген суреттерді пайдаланып, аңыз-әңгіменің қалаған бір бөлігін әңгімеле.

7. Пікірсайыс: Ханның қойшыны жазалауы туралы әмірі дұрыс/бұрыс. Әр пікірге 3 айғақтан келтіріңдер.

×
×

Cart