Музыкант болу – арманым!

1-тапсырма. Ойтолғау.

   Музыка – ғажап әлем. Музыканы кім жақсы көрмейді? Қазақ халқы әрқашан музыка өнеріне жақын болған. Тарихи мәліметтер, музыкант-этнограф ғалымдардың зерттеулері– қазақтың керемет әнші, суырыпсалма халық екенін дәлелдеген. Ата-бабаларымыз мұраға қалдырған әндер мен күйлер, жыр-термелер қазір де біздің өмірімізде үлкен орын алады. Ал музыкалық қазынамызды бізге жеткізген кімдер? Әрине, халықтың өзі және кәсіби мамандар– сал-серілер, әншілер мен күйшілер, жыраулар. Міне, қарасаң, өткен заманда да кәсіби музыка мамандары болған екен.

• Заманымызға сай қандай музыкалық мамандықтарды білесің?
• «Музыкант» деген сөз қандай мағынаны білдіреді?
• Осы тақырыпқа байланысты сөзжұмбақты шеш.

2-тапсырма. Ақпарат іздеу. Талдау.

«Музыкантпын!» (сөзжұмбақ)

Сөзжұмбақты шеш.

1. Домбыра тартатын музыкант.
2. Гусли аспабында ойнайтын музыкант.
3. Қобыз аспабын тартатын музыкант.
4. Сырнай аспабында ойнайтын музыкант.
5. Скрипка аспабында ойнайтын музыкант.
6. Дабыл аспабында ойнайтын музыкант.
7. Пианино аспабында ойнайтын музыкант.
8. Флейта аспабында ойнайтын музыкант.
9. Музыканы жазатын маман.
10. Әнге өлең жазатын маман.
11. Ән айтатын маман.

3-тапсырма. Тыңдау. Зерттеу. Талдау.

Мамандығым туралы музыкалық әңгіме

Музыкасын жазған: Н. Хинков-Айтбаева

   Сен тыңдайтын музыкалық шығарманың авторы бала кезінен бастап музыкант боламын деп армандайтын. Бір күні кішкентай Наргиз анасымен бірге қыдырып жүріп, музыка мектебінің алдынан өтіп бара жатады. Бір кезде ол аспаптың әдемі, нәзік дауысын естіп, тоқтап, аяғына дейін мұқият тыңдайды. Ұнаған аспабы – скрипка. Содан оның арманы скрипкашы болу екен.
   Тағы бір күні олар балаларға арналған концертке барады. Онда домбыра тартқан баланың, екі қыздың флейта мен рояльды шебер ойнағандарына және керемет ән салған әншінің дауысына таңғалады. Анасына: «Мен музыкант боламын», – деп, музыка мектебінің «фортепиано» сыныбына түседі.
   Көп жылдар бойы музыкалық білім алып, қазір Наргиз өзі қалаған композитор мамандығы бойынша жұмыс істеп жатыр. Бала жасынан есте қалған оқиғаларды нотаға түсіріп, сендерге «Мамандығым туралы музыкалық әңгіме» деген шығарма сыйлады.

Музыка тыңдау талаптары бойынша шығарманы бірнеше рет тыңда және талда.
• Автор шығармасында музыка арқылы өз мамандығы туралы әңгімелеп берді ме?
• Шығарманың негізгі әуенін сыныппен бірге «ля» буынына салып, әдемі нақышта айт. Ырғағын шапалақ соғып сүйемелде.
• Мүмкіндігің болса, мұғалімнің көмегімен нотамен айтып көр. ¾ өлшеміне дирижёрле. Осы өлшемді дирижёрлеуді сен екінші және үшінші сыныптарда үйрендің.

• Шығармада композитор қандай музыкалық мамандықтар туралы әңгіме жүргізді? Торкөздерді толтырып, айтып бер.

4-тапсырма. Әнді орындау.

Әнші балапан

Өлеңін жазған: Қ. Қазыбеков
Әнін жазған: М. Омаров

1. Білім, ғылым, өнерге
Қанат қағар кездерің.
Ата салтын ертеңге
Жеткізетін өздерің,
Жеткізетін өздерің.

Қайырмасы:
Әнші, биші, әнші балапан,
Әнші, жыршы, күйші балапан.

2. Даңқын елдің көтерер
Ән мен күймен өздерің.
Ойың алға жетелер,
Арман қуған кездерің,
Арман қуған кездерің.

Қайырмасы:
Әнші, биші, әнші балапан,
Әнші, жыршы, күйші балапан.

• 1-сыныпта үйренген «Әнші балапан» әнін есіңе түсір, көңілді орында.
• Қиялдап көр. Әннің қайырмасында музыкаға жақын қандай мамандар туралы айтылады? Осылардың ішінен қандай мамандықты таңдаған болар едің?

   Музыкант – музыка саласында жұмыс істейтін маман, кәсіби түрде музыкамен шұғылданады. Олар: композитор, дирижёр, әнші, аспапта орындаушы және т.б.
   Аспаптық музыка – арнайы музыкалық аспаптарда орындауға арналған шығарма.

5-тапсырма. Идеялар және ақпараттар жинау.

   «Музыкант болғым келеді» атты музыкалық шығармашылық жұмыс және оған дайындық. Мұғалім оқушыларды «Әншілер», «Бишілер», «Домбырашылар», «Композиторлар» деген төрт топқа бөліп, келесі сабаққа дайындайтын тапсырмаларды беріп, бірге талқылайды.
   Әр топ жұмыс бағытына қарай ғаламтор желісінен, кітапхана және т.б. дереккөздерден мына тапсырмалар бойынша ақпарат іздейді:
• Мамандық және оның ерекшелігі туралы қысқаша мәлімет;
• Мамандық адамға қандай кәсіби талаптар қояды?
• Мамандық бойынша қандай атақты адамдарды білесің?
• Мамандыққа байланысты қандай әндер мен тақпақтарды білесің?

×
×

Cart