Жарықтың шағылу қасиеті

жарықтың шағылу қасиетін зерттеп, түсіндіре аласың.

Қайталау сұрақтарына жауап бер

1. Көлеңкенің түсуіне жарық көзі мен кедергінің арақашықтығы қаншалықты әсер етеді?
2. Көлеңке неге пайда болады?
3. Көлеңке неге кедергінің сұлбасын қайталайды деп ойлайсың?

Олжас жұптық жұмыс ұсынады.

Зерттеңдер

  1-зерттеу жұмысы
  Мақсаты: жарықтың кез келген кеңістікке түскенде шағылатынын анықтау.
  Болжам жасаңдар
  Кедір-бұдыр жазық бетке қарағанда тегіс бетте жарық жақсы шағылады. Өте тегіс жазық бет айнадай жарқырайды.
  Болжамдарыңды тексеріңдер
  1. Айнаны тігінен қойып, қолшамның жарығын айнаға түсіріңдер. Айнаның қарсы алдына қалың қатырма қағазды қойыңдар.
  2. Жарық сәулесі айнаға түскенде не болатынын бақылаңдар.
Қорытынды жасаңдар. Оларды жазыңдар. Нәтижесін сыныптастарыңмен бөлісіңдер.

2-зерттеу жұмысы
  Мақсаты: жарық сәулесі заттарға түскенде шағылады, сондықтан біз оларды көретінімізді анықтау.
  Болжам жасаңдар
  Болжамдарыңды мынадан бастаңдар: «Егер жарық болмаса, біз затты көре алмаймыз, себебі…».
  Болжамдарыңды тексеріңдер
  1. Үстелде өшіргіш, қарындаш, түйрегіш жатыр.
  2. Осы заттарды қалың орамалмен жауып, заттарға қараңдар.
  Қорытынды жасаңдар. Оларды жазыңдар. Нәтижесін сыныптастарыңмен талқылаңдар.

Білу үшін оқы
«Инсерт» әдісін қолдан.

  Электр лампасы бүкіл бөлмені жарықтандырады, себебі жарық бөлмедегі барлық затқа түседі де кері шағылады.
  Күннің сәулесі де дәл солай көптеген алуан түрлі заттарға түскенде шағылады. Күндіз түнге қарағанда жарық, себебі Күн сәулесі айналадағы барлық заттармен шағылысады.

  Сен табиғатта табиғи жарық көзі бар екенін және адамның жасанды жарық көзін ойлап тапқанын да білесің. Алайда денелердің көпшілігі жарық шығармайды әрі жарық түсірмейді. Жарық шығармайтын заттар бетінен жарықтың шағылуы салдарынан көрінетін болады.
  Жарық жазық беттен доп ыршығандай шағылады. Жарық жазық бетке қалай тік түссе, солай тік шағылады. Тегіс жазық бетке түскен жарық сәулесі одан шағылып, толық бір бағытқа кетеді.
  Ал жарық кедір-бұдыр, тегіс емес бетке түссе, жан-жаққа шашылып шағылады.
  Айна өте тегіс әрі жылтыр болғандықтан бетіне түскен жарық жақсы шағылады. Алайда айна біздің түрімізді дәл басып көрсете алмайды. Мысалы, сен оң қолыңды көтерсең, айнада сол қолыңды көтеріп тұрғандай боласың. Айнадағы кескін бәрін керісінше көрсетеді.
  Жалпақ айнаға жарық тік түскен кезде ондағы кескін бұрмаланбай, дұрыс көрінеді. Беті шығыңқы айна дөңес айна деп аталады. Автомобильдердің есігіндегі айналар дөңес, олар жүргізушінің жан-жағын көріп отыруына мүмкіндік береді.
  Беті ішке қарай батыңқы айна ойыс айна деп аталады. Ойыс айналар кейбір телескоптарда қолданылған.

Қызықты деректер

• Ай жарық шығармайды. Біз оны Күн сәулесі шағылғандықтан ғана көреміз.
• Қажет болған жағдайда айна апат дабылдарын беру үшін де қолданылады.
• Ашық күні айнаға шағылған жарық сәулесі 40 км-ге дейін жетеді.

Сабақты қорытындылау

1. Сен жарықтың қандай қасиетін білдің?
2. Неліктен біз айналамыздағы заттарды көре аламыз?
3. Айнаның қандай қасиеттері бар? Түсіндір?

×
×

Cart