Туған жердің қадірі

Шығарманың құрылымын өз ойымша жетілдіремін.

1. Мақал-мәтелдерге ортақ тақырып ойластыр. Дәлелде.

1. Сары ала қаз көлін аңсайды,
    Ер жігіт елін аңсайды.

2. Туған жерге туың тік.

3. Туған жердің қадірін
    Шетте жүргенде білерсің..

2. Мәтінді түсініп оқы.

Қарабатыр

(Ертегі)

  Орал тауын мекендеген елдегі бір шалдың баласы Қарабатырды жас күнінде жортуылшылар ұрлап алып кетіп, еліне апарған соң, қой бақтырып қойыпты. Ол балаға жөнді тамақ бермегендіктен, бала далада қой сауып, қорықтық ішіп, күнін көріп жүріпті. Бір күні бала далада қамығып жылап отырса, қасына қарғалар қонады. Бала қарғаларға айтады:

– Қарғалар-ау, қарғалар,
Қанды көрсе жорғалар.
Тұмарымды ал сана,
Біздің елге бар сана.
Сағынып жүрген әкеме
Тұмарымды беріп қуантып,
Жүрекжарды ал сана.

  Қарға бір «қарқ» етеді де, ұшып кетеді. Бір мезгілде сауысқан келіп қонады.

– Ей, сауысқан, сауысқан,
Өлексе жеп тауысқан.
Тұмарымды ал сана,
Біздің елге бар сана…

  Сауысқан да «шық-шық» етеді де, ұшып кетеді. Тырна келіп қонады.

– Ұзын мойын тырналар,
Қайырымды мырзалар.
Тұмарымды ал сана,
Біздің елге бар сана…

Кейбір ертегіні шығарушы автор белгілі болғандықтан, әдеби ертегі деп атайды.

  Тырналар да «тырау-тырау» дейді де, ұшып кетеді. Қаздар келіп қонады.

– Ей, қаздар-ау, қаздар-ау,
Сіздерге айтқан наз бар-ау.
Тұмарымды ал сана,
Біздің елге бар сана…

  Қаздар «қаңқ-қаңқ» деп, ұшып кетеді. Аққу келіп қонады.

– Көлден ұшқан қуларым,
Құс төресі туларым.
Тұмарымды ал сана,
Біздің елге бар сана…

  Аққулар тоқталыңқырап, көлденеңдеп тұрады да, ұшып кетеді. Біраздан соң, қарлығаш келеді.

– Әй, қарлығаш, тамыр-ай,
Жауда қалдым жабыдай.
Тұмарымды ал сана,
Біздің елге бар сана…

  Қарлығаш ұшып олай кетіп, бұлай кетіп, ақырында қимайды, баланың тізесіне келіп қонады. Бала ойлайды:«Әкем тұмарымды көріп таныса да, қай елде екенімді біле алмас, бұған бір белгі салайын» деп, өзінің қолын қанатады да, қанымен тұмарүстіне жауының таңбасын салады. Сөйтіп, тұмарды қарлығаштың мойнына байлап, елінің, әке-шешесінің, жалғыз қарындасының барлығын айтып, ұшырып қоя береді.
  Қарлығаш ұшады аспанмен, баланың айтқан жоспарымен, асқар-асқар таулармен, айдын-шалқар көлдермен, батпақтылай жерлермен, алуан-алуан шөлдермен, түрлі-түрлі өрлермен, қос қанатын қамшылап, аспаннан қатер төнсе, таса жерді тасалап, үстінен тері тамшылап, неше мерзім өтеді, неше елді өтеді, нақ отыз күн болғанда бір ауылға ол жетеді, баланың айтқан ауылы осы ма деп мегзейді…
  Бұл ауылға келген соң, қарлығаш әр үйдің төбесіне қонып, адамын байқап көрсе де, баланың айтқанына ешқайсысы ұқсамапты.  Сөйтіп, шаршап қалғып отырғанда бір кемпірдің ыңырсыған дауысы шығады. Қарлығаш құлағын салып тыңдаса, кемпір айтады:

– Ау, шырағым, құлыным,
Маңдайымда тұлымым,
Көлге біткен құрағым,
Жалғызым-ау, шырағым!
Жау алды ма білмедім,
Су алды ма білмедім,
Аң алды ма білмедім.
Жөніңді біліп, шырағым,
Құрбаның болып өлмедім!
Жиырма төрт ай болды,
Мен жалғызымды көрмедім…

  Қасында отырған шалы: «Сен қоя тұршы», – деп оны жылатпай, тоқтау айтқан кісі болып, өзі де еңкілдеп жылай береді:

– Жалғыз біткен тал шыбық,
Келбетің келген қарағым.
Бір дерегің білінбей,
Дүниені кезіп қарадым,
Аш бурадай жарадым.
Он екі мүшем сөгілді,
Аш күзендей белім бүгілді.
Таулардың тасат тасындай
Берік-ақ еді сүйегім.
Өрт шалғандай егілді,
Қайда кеттің, сұңқарым,
Үміт еткен тұлпарым?
Бір көрсетіп алмады,
Сол ғана болды-ау, іңкәрім!

  Сонан кейін бір жас қыз бала әке-шешесін тоқтатып сөйлейді:

– Наркескен деген алмастай,
Асыл еді негізің,
Бірге туған егізім!
Сен тұрғанда ойлаушы ем,
Арғымақ ат мінермін,
Асыл киім киермін,
Тең құрбымнан ілгері
Мен жарқырап жүрермін.
Биіктен талап тілермін.
Ойын-күлкі сауықпен,
Қызық дәурен сүрермін!
Егізімнен айырылып,
Ақша беттен қан кетті,
Денемнен қызу жан кетті.
Желкілдеп шыққан көк шөптей,
Жап-жас қана күнімде
Міне, бізден сән кетті.

…Ай, қартымыз, қартымыз,
Көзіңнің жасын тартыңыз!
Мен бүгін бір түс көрдім,
Әжептәуір іс көрдім.
Түсіме жору айтыңыз!
Қолдан ұшқан сұңқарым,
Қайта келіп жүр екен,
Тетелес туған бауырым,
Үйге келіп жүр екен.
Бізге Құдай берген-ді,
Кісі көрмес өлгенді,
Бабатүкті шашты Әзіз
Нақ сарт болып кетпесе,
Өтірік елес етпесе,
Хабар алып, алыстан
Бір қарлығаш келген-ді!

  Бұл сөзді естіген соң, қарлығаш сап етіп жетіп келіп, бай-бәйбішенің алдына қонады. Мойнында жүрген тұмарды көріп, олар қуанғаннан жылап жіберіпті. Тұмарды алып, таңбасынан Қарабатырдың түрікмен қолына түскенін біліп, ат жаратып, адам жиып барып, көп тарту-таралғылар беріп, алып қайтыпты.

Ыбырай Алтынсарин

отқа қыздырылған тастарды салып пісірілген сүт.

берік, қатты

3. Ыбырай Алтынсарин туралы білетініңді пайдаланып, кесте құрастыр.

Ыбырай Алтынсарин
1841–1889

  • Жазушы, ақын, ағартушы.
  • Балаларға арналған тұңғыш оқу құралының авторы.
  • «Қазақ халқының азаматтық тарихында және бүкіл қоғамдық ойпікірде Ыбырай Алтынсариннің алатын орны ерекше».

Серік Қирабаев

4. Оқиға желісіне қарай ертегіні бөліктерге бөліп, жоспар құр.

5. Берілген суреттер жоспардың қай бөлігіне қатысты екенін айт.

6. Ертегінің мазмұнына тағы бір құс қосып, оған арнап Қарабатырдың атынан 4 жол өлең құрастыр.

7. Ертегінің құрылымына өз бетіңше өзгертулер енгізіп айт.

Ойға салу:
Ертегінің атауы.
Тырнаның көмектеспей кетуі.
Аққудың көмектеспей кетуі т.б.

8. Сабақтың басында берілген мақал-мәтелдермен ертегінің байланысын анықта. Өзің тағы қандай мақал қосар едің?

×
×

Cart