ҚАЗІРГІ ҚОҒАМДАҒЫ МӘДЕНИЕТ ПЕН ӨНЕР ҚҰНДЫЛЫҚТАРЫ

1. Суреттерге қарап, өнер түрлері, олардың ерекшеліктері туралы айт. Өнер мен құндылықтардың өзара байланысы жайлы өз көзқарасыңды білдір. Ұлттық өнеріміздің әр саласындағы танымал тұлғалар туралы пікір бөлісіңдер.

2. Мәтінді оқып, автордың ойын өз сөзіңмен таратып айт. «Мәдениет – Құндылық – Өнер» бірлігіне назар аудар. Ғалымның пікірін дәйексөз ретінде қолдан.

   «Құндылықтардың мазмұны қоғамның мәдени жетістіктерімен шарттастырылған. Құндылықтар әлемі – сөздің кең мағынасында мәдениет әлемі деген сөз. Ол адамның рухани қызмет аясы, оның санасының дұрыстығын айғақтаушы, адамның рухани байлығының өлшеуіші іспетті».

(Кеңес Биекенов)

3. Мәтінді тыңда.

4. Мәтінді тыңдай отырып, Димаш ұлттық өнерді насихаттаған жерлердің картасын сыз.

5. Мәтін бойынша Димаштың атынан өмірбаян мәтінін жаз.

6. Жағдаят: сенің мектебіңе кездесуге келген Димаш Құдайбергеннен оқушылар атынан сұхбат алу саған жүктелді. Оған қоятын сұрақтарыңды жазып ал. Өзіңді неге дәл осы сұрақтар қызықтыратынын айт.

7. Д. Құдайбергеннің орындауындағы өзің қалаған ән мәтінінде қандай құндылықтар жайлы айтылатынын топта талдаңдар.

8. Мәтінді түсініп оқы.

    Мәдениеттің қоғамдағы қарым-қатынастық қызметі мен міндетінің сан алуан қыры бар. Ал біздің өркениеттілігіміз жаппай компьютерге көшумен сипатталмауы керек, мәдени диалогтің түрін жасап, оны сақтай білу қабілетімізбен көрінуі керек. Тек жоғары деңгейде мәдениеті бар өркениет ғылым мен техниканың дамуындағы теріс салдарларды жоя алады. Егер біз ғылым арқылы шындықты ашсақ, өнер арқылы әсемдікке ұмтыламыз, ал құндылықтар арқылы жақсылық пен жамандықты айырамыз.
   Адамдардың қарым-қатынасы, мәдениеттер сұхбаттасуы – әлеуметтік шындықтың басым көрінісі. Қазіргі құндылықтар белгілі бір әлеуметтік-мәдени қауымның немесе халықаралық қауымдастықтың қандай да бір құндылықтарды насихаттауы барысында қалыптасады. Онда адам ерекше бір өрісте – қарым-қатынас өрісінде болады. Руханилық пен ізгілік, әдемілік пен жақсылық тербелісі адамды нәзік тормен қоршаған; қоғамдық өмірде тек зат пен тауар ауысуы ғана емес, ең алдымен идеялар, мамандық, шеберлік тәжірибелерімен, сезімдік үлгілерімен ауысу толастамақ емес.
   Мәдениеттің өзекті бөлігі – өнер. Әр халықтың шығармашылық рухынан туған сұлу дүниелерсіз, өнер әлемінсіз, қандай мәдениеттің болсын рухын сезіне алмаймыз. Өйткені өнер – мәдениеттің алтын қазынасы, адамның ұлылығын білдіретін ғажап көріністердің бірі. Өнер – адамның әсемдікке, сұлулыққа ұмтылуы. Осыған дейін қарастырылған анықтамалардан бір түйінді ой айтуға болады: мәдениет – адам әлемі. Мәдениет көріністерінде адамдық парасат, ақыл-ой, ізгілік пен әдемілік заттандырылып, игіліктер дүниесі, құндылықтары құралған.
   Мәдениет – адамды тұлға деңгейіне көтеретін негізгі құрал. Әл-Фараби айтқандай, адам – мәдениетке құштар тіршілік иесі. Адам саналы әрекетінің арқасында өзінің мәдени деңгейін көтереді. Әрекеттену – жалпы адам мен қоғамның өмір сүру тәсілі, тіршіліктің тірегі. Мәдени әрекет деп, әдетте, мәдениет игіліктерін өндіруге, таратуға, тұтынуға бағытталған мақсатқа сәйкес әлеуметтік іс-қимылдарды атайды. Мәдени игіліктердің толассыз жасалуы нәтижесінде ғана адамзаттың өзінің де мәдени деңгейі көтеріледі. Осы әрекеттің қайнары, түпкі қозғаушы күші ретінде ғылым адамның талап-мұқтаждарын, мәдени қажеттіліктерді бөліп қарастырады. Олардың қатарына мынадай адамдық қажеттіліктер жатқызылады: өмірдің мәні мен мағынасын іздеу, өмірден өз орнын табуға ұмтылу, шығармашылыққа талпыныс, альтруизм, гумандылық және тағы басқалары.
   Биік талғамға сай келетін өнер мен шынайы мәдениет жалпыадамзаттық игілікке айналады. Ол жеке бір ұлттық құндылықтан адамзатқа ортақ ізгілікке ұласады. Мысалы, қазақтың қаршадай баласы Димаш Құдайбергеннің өнері осыған дәлел.


(С. Нұрсейітқызы) 

9. Мәтіннің соңғы абзацындағы «Ол жеке бір ұлттық құндылықтан адамзатқа ортақ ізгілікке ұласады» сөйлемін өз ойыңмен жалғастырып жаз.

10. Мәтіннен термин сөздерді теріп жаз. Олардың жасалу жолымен жазылу ережелерін түсіндір. Мәтіннің қай стильде жазылғанын дәлелдеп айт.

11. Мәтіндегі тұжырымдық сипаты бар сөйлемдерді теріп жазып, олардың мағынасын түсіндір.

Үлгі: Мәдениет – адамды тұлға деңгейіне көтеретін негізгі құрал. Себебі мәдениетті тану, оны меңгеру адамның жан дүниесін жетілдіреді. Мәдениет құндылық ретінде тұлғаның бағалау қасиетін дамытады, талғамын тәрбиелейді.

12. Мәтін мазмұнына сүйеніп, ғалым мен оқушының арасындағы модальдық диалог мәтінін жаз.

13. «Қос жазба күнделігі». Мәтін мазмұны бойынша кестені толтырыңдар.

14. «Өнерде жоқ шегара» тақырыбында ой бөлісіңдер. Өз пікірлеріңді дәлелдеу үшін әртүрлі ақпарат көздерінен өнер саласы мамандарының әлемге танымалдығын растайтын деректер мен мәліметтер келтіріңдер

15. Мағжан Жұмабаевтың өлеңін мәнерлеп оқы. Мазмұнын түсін. Ақын қолданған «от» сөзінің қандай құндылықтық мәні бар деп ойлайсың? Ұлттық салт-дәстүр мен ұлттық рухтың арасында қандай байланыс бар? От құндылықтың қай түріне жатады деп санайсың? Өз пікіріңді дәлелдеп айт. Отқа қатысты мақал-мәтелдер мен тыйым сөздерді тауып жаз.

               От

Күннен туған баламын,
Жарқыраймын, жанамын.
Күнге ғана бағынам.
Өзім – Күнмін, өзім – от,
Сөзім, қысық көзімде от,
Өзіме-өзім табынам.
Жерде жалғыз тәңірі – от.
Оттан басқа тәңірі жоқ.

Мен де отпын – мен жанам.
От – сен, тәңірім, табынам.
Әдемі отпен аспаның,
Бәрі жасық басқаның.
Жалын жұтам – тез тоям.
Әулием, ием, құтыма,
Теңсіз, тәңірім, отыма
Әлсін-әлсін май құям.

Май құямын – өрлейді.
Құлашын көкке сермейді.
Кейде жылан арбайтын,
Кейде аждаһа жалмайтын.
Сескенбес, сірә, кім сенен;
Шынында, менің өзім де – от,
Қысылған қара көзім де – от.
Мен – оттанмын, от – менен,
Жалынмын мен, жанамын.
Оттан туған баламын.

16. «Менің сабақтан кейінгі әсерім» кестесін толтыр.

×
×

Cart