ИНДУСТРИЯЛАНДЫРУ: ҰЛТТЫҚ ӨНДІРІС ТАРИХЫ

1. Сұрақтарға жауап жаз.

1. Индустрия, индустрияландыру деген не?
2. Елдің дамуында индустрияның маңызы қандай?
3. Қазақстандағы тарихы терең қандай индустриялық өнеркәсіптерді білесің?
4. Жер байлығы құндылықтың қандай түріне жатады?

2. «Сен білесің бе?» Суретте қандай отандық өнімдер бейнеленген? Олар еліміздің қандай өңірлерінде өндіріледі? Сызба бойынша өнім түрлері мен олардың ұлттық экономиканы дамытудағы рөлі туралы әңгімелесіңдер.

3. Әртүрлі дереккөздерді пайдаланып, еңбек, жер байлығы туралы мақал-мәтел тауып жаз. Олардың мағынасын құндылықтармен сабақтастырып түсіндір.

4. Мәтінді тыңда.

5. Тыңдалған мәтін бойынша конспект жаз. Соңында кеңестік кезеңдегі отандық өндірістің дамуы туралы өз тұжырымыңды жаз.

6. Рөлдік ойын. «Ардагермен әңгіме». Тыңдалған мәтін бойынша сұрақ дайындаңдар. Репрессия, жаппай қуғын-сүргін, колхоздастыру науқандарына қатысты өздерің білетін басқа да мәліметтермен толықтырып, еңбек ардагері мен оқушының диалогін құрыңдар.

7. Мәтінді стильдік ерекшелігіне сай интонациямен оқы.

Ұлттық индустрия тарихы

   1928 жылдың 1 қазанынан шартты түрде басталатын бірінші бесжылдық жылдарында Қарсақбай, Риддер сияқты кәсіпорындар, Ембі мұнай өндірісі, Степняк алтын кені және т.б. қайта қалпына келтірілді. Өңдеу өнеркәсібінің Семей тері, кірпіш, Петропавл ет-комбинаты сияқты байырғы түрлері жөнделіп, қайта іске қосылды. Ал бес жылдың ішінде жаңадан салынғандары: Іле ағаш тілу, Балқаш мыс балқыту, Шымкент қорғасын, Ақтөбе фосфор тыңайтқыштары, Орал мен Алматыда еткомбинаттары, Гурьевте (қазіргі Атырау) балық консервілеу комбинаты, Мерке, Жамбыл және Талдықорғанда қант зауыттары ғана болды. Олардың өзі, негізінен, шағын аумақты қамтамасыз етуге бейімделген кәсіпорындар еді.
   Кеңес үкіметінің басшылары да патша заманындағыдай Қазақстанға бай шикізат көзі ретінде қарады. Табиғат байлықтарының күрделі ошақтарын табу мақсатында бірінші бесжылдық жылдарында КСРО Ғылым академиясы кешенді ғылыми экспедициялар ұйымдастырды. Академик Н.С.Курнаков басшылық еткен Орталық Қазақстандағы геологтар мен геофизиктер тобы «Қазақстан Республикасы Кеңес Одағының тұтас металлогенді провинциясы болады » деген тұжырым жасады. Орал-Ембі аймағын зерттеген академик И.М. Губкин бастаған топ оның мұнайға аса бай екенін дәлелдеді. Кеңес үкіметі осы байлықтарды пайдалануға баса көңіл бөлді. Соның барысында соғыс басталғанға дейінгі кезеңде Қарағанды шахталары, Ембінің мұнай кәсіпшіліктері, Алтай мен Ащысай кәсіпорындары қайта жабдықталып, Зырянов, Риддер полиметалл, Балқаш пен Жезқазған кен-металлургия комбинаттары салынды.
   Қазақстандағы түсті металлургия өнеркәсіптің жетекші саласына айналдырылды. Бірақ олар негізінен руда күйінде қазып алынған түсті металдарды өңдеумен айналысты. Тазартылып, өңделіп дайындалған түсті металл өнімдері шикізат ретінде орталықтағы ірі өнеркәсіп орындарына жөнелтіліп отырды. Мысалы, Орталық Қазақстан Оңтүстік Оралдың ірі кәсіпорындарын рудамен, металмен, көмірмен жабдықтады. Кенді Алтай өңірі Сібірдегі кәсіпорындарды қамтамасыздандырды. Ембі мұнайы Орск сияқты мұнай өңдейтін зауыттарға жіберілді. Балқаштың мысы мен Шымкенттің қорғасыны да Қазақстаннан тыс жерлерге тасып әкетілді. Жоғарыдан жүргізілген индустрияландыру негізінен шикізат көздерін игеруге және оларды Ресейге жіберіп отыруға бағытталды. Қазақстандағы зауыт-фабрика делінгендер халық тұтынатын дайын өнімдер шығармады. Оларды Кеңес Одағының басқа аймақтарынан, Ресейден алып отыруға мәжбүр болды. Мәшине жасау, металлургия және қорғаныс өнеркәсіптері болмады. Энергетика базасы мен құрылыс материалдарын жасайтын өнеркәсіптер жетіспеді.


(«Қазақстан тарихынан»)

9. 3 топқа бөлініп, абзацтардағы жалқы есімдер емлесіне мән беріңдер және мәтін абзацтарына ат қойыңдар.

10. Мәтінде айтылған ірі кәсіпорындар орналасқан аймақтарды Қазақстанның картасына белгілеп, «Қазақстан индустриясының даму тарихы» тақырыбында интонацияның негізгі компоненттерін сақтап, ауызша баяндама жаса.

11. Мәтіндегі қарамен жазылған сөздердің құрамына талдау жаса. Мәтіннен өзге де туынды сөздерді тауып айт.

12. Басқа да дереккөздерді пайдаланып, өзің тұратын аймақтағы 1928–1991 жылдардағы отандық индустрия дамуының хронологиялық кестесін жаса. Оны төмендегідей кесте түрінде жаз.

13. Бұл өнер туындысы қалай аталады? Суретте қандай тарихи оқиға көрініс тапқан? Ақпарат көздерінен оның авторы мен тарихи оқиғаға қатысты материалдарды тап.

14. Картинадағы көріністі сипаттап жаз. Суретшінің талғамы, шеберлігі жайлы ой бөлісіңдер. Оның құндылықтық мәні туралы айт. Туынды кейіпкерлердің көңіл күйін оқиғаға қатыстырып сипатта. Интонацияның негізгі компоненттерін сақта.

15. Суреттерден тарихи кезеңдерде отандық өнеркәсіпті дамытуға үлес қосқан ұлт қайраткерлерінің бірін таңдап, «Ұлттық индустрияны дамытуға еңбек сіңірген ұлы тұлғалар» тақырыбында ақпарат беретін фотоколлаж дайындаңдар. Оны сынып алдында қорғаңдар. Үш топ арасынан басым түскен топты «Фотоколлаж шебері» атаңдар.

Смағұл Сәдуақасов

Тұрар Рысқұлов

Қаныш Сәтбаев

16. «Менің сабақтан кейінгі әсерім» кестесін толтыр.

×
×

Cart