Музыка және форма

1-тапсырма. Қайталау. Ақпарат іздеу.

   «Сәулет өнері» атты төртінші бөлімде Қазақстандағы және әлемдегі сәулет өнерінің түрлі формадағы белгілі нысандарымен таныстың. Сонымен бірге музыкалық формалардың бірі – шумақтық форма туралы жалпы түсінік алдың.

Мына сұрақтарға жауап бер:

• Форма дегеніміз не?
• Сәулет өнерінде қандай формада нысандар бар?
• Музыка өнерінде әндерге байланысты қандай формаларды білесің?

2-тапсырма. Тыңдау және талдау.

Бейнетаспадан А. Құнанбайұлының өзіңе таныс «Желсіз түнде жарық ай» және Ақан серінің «Қараторғай» әндерін жеке әнші мен хордың орындауында тыңда. Әндерді талда және салыстыр.

• Екі әннің қандай айырмашылығы мен ұқсастығы бар?
• Мазмұнында?
• Екпінінде?
• Дыбыс күшінде (динамика)?
• Көңіл күйінде?
• Қайсы ән шумақ пен қайырмадан, ал қайсысы тек шумақтан тұрады?

   Ән вокалдық музыкаға жатады.
   Вокалдық музыка – музыка аспабының сүйемелдеуімен немесе сүйемелдеуінсіз жеке әншіге, хорға арналып жазылған музыкалық шығармалар.
   Шумақтық форма – вокалдық музыкадағы ең қарапайым форма. Шумақтық формада музыка (әуені) қайталана береді, ал өлеңі өзгереді.
   Шумақ және қайырма – вокалдық музыкада негізгі формалардың бірі.

3-тапсырма. Ақпарат іздеу, зерттеу.

   Айналаңа қарасаң, біздің күнделікті өмірімізде пайдаланатын әртүрлі пішіндегі (форма) заттарды көресің. Суретте көрсетілген шеңбер, үшбұрыш, шаршы немесе тікбұрыш сияқты геометриялық пішіндерге тағы қандай заттарды ұқсатуға болады?

   Музыкалық шығармалардың да алуан түрлі формалары бар. Бірақ оларды көре алмайсың, тек тыңдағанда ғана есту арқылы сезуге болады.
   Музыкалық формалар қарапайым және күрделі деп бөлінеді. Сабақтың тақырыбына байланысты біз қарапайым формалардың ішінен бір бөлімді (период), екі бөлімді (шумақ, ән), үш бөлімді формаларды зерттейміз.
   Шаршы пішіні арқылы түсінік алайық.

Бір бөлімді музыкалық форма

A

   П. Чайковскийдің «Болезнь куклы» («Қуыршақтың науқасы») пьесасы бір бөлімді формада жазылған. Ол шаршы ішінде А әрпімен белгіленген. Шығарманың музыкалық бейнесі басынан аяғына дейін бір қалыпта болады, өзгермейді.

?! Тыңда, пікіріңді айт.

Екі бөлімді музыкалық форма

A

B

   П. Чайковскийдің «Неополитанская песенка» («Неополитан әні») пьесасы екі бөлімді формада жазылған. Көп әндер осы формада жазылады. ШУМАҚ (А) + ҚАЙЫРМА (В) = ӘН

?! Тыңда, пікіріңді айт.

Үш бөлімді форма

A

B

A

   П. Чайковскийдің «Вальс» («Вальс») пьесасы үш бөлімді формада жазылған. Бірінші (А) мен үшінші (А) бөлімдердің музыкасы қайталанады, кейбір кезде үшінші бөлімде сәл өзгереді. Екінші (В) бөлімнің музыкасы өзгеше болады.

?! Тыңда, пікіріңді айт.

Музыкалық шығарманы тыңдағанда оның атауына көңіл бөл және қанша бөлімнен тұратынын естуге тырыс. Себебі, композитор музыкалық бейнені ашу үшін шығарманы бөлімдерге бөлген. Музыкалық бейне шығарманың мазмұнын, кейіпкерлердің және автордың ой-толғанысын, сезімін ашады.

   Петр Ильич Чайковский – ұлы орыс композиторы. Балаларға арналған көптеген музыкалық шығармалар жазған. Соның бірі – «Детский альбом». Ол фортепиано аспабына арналып жазылған.

4-тапсырма. Ән үйрену.

Геометриялық пішіндер

(қазақтың халық әні)

Өлеңін жазған: А. Асылбек
Әнін жазған: Ә. Бүшікова

1.

Балақайлар, қараңдаршы шеңберге,
Ертеден-ақ білесіңдер сендер де.

Көк аспандай әп-әдемі дөңгелек,
Киіз үйдің шаңырағы ол, демек.
(2 рет)

(шеңбер)

 

2.

Көрдіңдер ме тырналардың қосағын?
Ұшады олар үшбұрыштап аса бір.

Қызығамын, көз алдыма тосамын,
Көрем сонда киіз үйдің ошағын.
(2 рет)

(үшбұрыш)

 

3.

Таңғажайып төртбұрышқа қарасаң,
Сонда бәрі небір қызық, тамашаң:

Мультфильмдер, кино көріп отырам,
Ол – кәдімгі теледидар, экран.
(2 рет)

(шаршы)

 

Әнді үйрену барысында:

• Мазмұнына, әуенін таза айтуға, мәнерлеп орындауға көңіл бөл.
• Әнді қандай формаға жатқызуға болады?

   Музыкалық форма – музыкалық шығарманың құрылымы, композициясы.
   Бөлім (период) – ең қысқа музыкалық форма.
   Бір бөлімді форма (А) – қарапайым музыкалық форма, бір бөлімнен тұрады.
   Екі бөлімді форма (АВ) – қарапайым музыкалық форма, екі бөлімнен тұрады. Мысалы: шумағы мен қайырмасы бар әндер.
   Үш бөлімді форма (АВА) – қарапайым музыкалық форма, екі (АВ) бөлімнен тұрады. Екінші (А) көбінесе, бірінші (А) бөлімін сәл өзгертулермен қайталайды.

5-тапсырма. Суырыпсалма.

«Геометриялық пішіндер» (Әнін жазған: Ә. Бүшікова, өлеңін жазған: А. Асылбек) әнінің формасына геометриялық пішіндер арқылы суырыпсалма (импровизация) жаса.

6-тапсырма. Таныстыру және бағалау.

Құрастырылған суырыпсалманы сынып алдында орында және бағала. Өзара бағалау жүргіз.
Мына сұрақтарға жауап бер:
• Сабақта не ыңғайлы болды?
• Қайсы тапсырма қиын болды?
• Сабақта нені әлі де жақсарту қажет?

×
×

Cart