ХАНДЫҚ КЕҢЕС
(жалғасы)


Оқу мақсаттары:
  11.1.2.1 әдеби шығармадағы көтерілген мәселелерді қазіргі өмірмен байланыстырып, ұлттық мүдде тұрғысынан ашу.
  11.2.4.1 көркем шығармадағы ғаламдық тақырыптарға креативті ой қосып, шығармашылық жұмыс (эссе, әңгіме, өлең, әдеби және еркін тақырыптарға шығарма) жазу.
  11.3.3.1 шығарманың идеясын көркемдік-эстетикалық құндылық тұрғысынан талдап, әдеби эссе жазу.
  11.3.4.1 шығарманы идеялық жағынан мазмұндас әлем әдебиеті үлгілерімен салыстыра талдап, әдеби сын жазу.

  Тірек сөздер: Хандық Кеңес, билер мен сұлтандар, шешім, хандық ережесі, соғыс.

Мақсатқа қол жеткізу үшін:
  – шығарманың негізгі идеясын анықтау;
  – көркемдік-эстетикалық сипатына талдау жасау;
  – әдеби эссе жазу үшін негізгі құндылықтарды анықтау;
  – әдеби сын жазу үшін идеясын басқа да шығармалармен салыстыру.

  Үш күн бойы батырлар, сұлтандар, ақсақал, билер жаңа хандықтың қандай болуын талқылап, төрт мәселе қарап, мынандай қорытындыға келді:
  Бірінші шешкендері – әскер мәселесі. Бұрын Кенесарының қарамағында сегіз мың атты әскер болатын. Және бұлар жаз жиналып, қыс тарқайтын. Сұлтан маңында қорған боп қыстыгүні бес жүздей ғана сарбаз қалатын. Кеңес енді әскер санын жиырма мыңға жеткізуді жөн деп тапты. Және бұл әскердің бес мыңы қысы-жазы хан ордасының маңында болады. Әр жүзбасы, мыңбасы өздерінің қарамағындағы әскеріне осы жаздан бастап орыс әскерлерінің тәртібімен соғысу әдістерін үйретеді. Мылтық атуды, найза, сойыл пайдалануды, жаяу соғысуды тегіс өтеді. Жүзбасылардан төменгі жауынгерлер кеудесіне үш қатар жасыл жуан жіп іліп, иығына тілдей жіңішке жасыл шүберек тағатын болады. Жүзбасылардан бастап одан жоғарғылары мұндай белгіні қызыл шұғадан етеді. Ал ең жоғарғы қолбасшы Кенесарының өзі үстіне көгілдір шапан киіп, иығына орыс полковнигінің эполетін тағады. Мыңбасына әйгілі батырлар мен атақты сұлтандар тағайындалады. Өзіне сенімді адамдардан мыңбасылар тағайындау ханның өзіне тапсырылады. Бұлардан бөтен жеке мың адамнан мергендер тобы құрылсын делінді. Оған мыңбасы етіп Байтабын белгіленді.
  Әскерде бұдан былай қарай мықты тәртіп орналсын деп шешті жиналғандар. Тәртіп бұзушыларға Кенесары «шық» деп аталатын жаңа жазаны қолдануға рұқсат етті. «Шық» – тәртіп бұзған адамның бетіне қылышпен не найзамен белгі салу. Мұндай белгісі бар жауынгер өзінің айыбын ерлікпен немесе адалдығымен ғана жууға тиісті. Екі рет «шық» белгісі салынған адам – билер сотына түседі, малмен не басқа ауыр шарамен жазаланады (үй ішінен бір жыл бөлек ұстау, не болмаса қой бақтыру тәрізді). Үш рет «шық» белгісін алған адам Кенесары тобынан қуылады, ал жазығы ауыр болса, өлім жазасына бұйырылады. Жаңа хандыққа осындай тәртібі күшті әскердің керектігін айта келіп, Кенесары: «Қазақтың атақты ханының бірі Қасым соғысты жақсы көрмесе де, қарамағындағы бір миллион жанның төрттен бірін атқа қондырып, найза ұстаттырған екен. Екі жүз елу мың әскері бар Қасым ханның айбарынан сескеніп, еш жауы оған қарсы соғыс аша алмаған. Ал біздің заман ондай заман емес, үш жағыңнан бірдей қаптаған жау. Оларға жем болмау үшін бізге айбарлы қол керек. Қазір қарамағымызда бала-шағаны қосқанда бір миллиондай адам бар. Бүгінгі бала – ертең жауынгер. Миллионға таяу жаннан жиырма мың сарбаз шығар деп сенемін, – деп сөзін бітірген. Ру басшылары, батырлары Кенесарының бұл ойын мақұлдаған. Және уәделерінде де тұрды. Келесі жазда Кенесарының қарамағында жиырма мың әскер болды.
  Екінші қаралған – қалың әскер жинаумен байланысты оны жабдықтау мәселесі еді. Кеңес бір ауыздан хандыққа жататын елден салық алынсын деп шешті. Салық екі түрлі болсын делінді. Бірі – «зекет» мал салығы. Екіншісі – «үшір» егін салығы. Зекеттің мөлшері: қырық қараға дейін салық салынбасын, қырықтан жүзге дейін малы бар адам бір қара, ал жүзден артық малы бар адам, жүзден артық әр қырық қарасынан бір бас беретін болды. Ал «үшір» салығы жайында, осыншама әскерді асырау үшін әр егіншінің жылда алатын бидайының оннан бірі хандықтың қоймасына құйылсын деп шешті жиналғандар. Егін салығына келгенде Кеңесте бірталай сөз көтерілді. Кенесары қарамағындағы Торғай, Ырғыз, Сырдария, Іле өзендерінің бойы мен көптеген көлдердің жағасын жайлайтын елдерден бұдан былай қарай егіншаруашылығымен қатты шұғылдануын талап етті. Өйткені Орынбор әскери губернаторына қарайтын қазақ ауылдары көптен бері-ақ егін салуға құмарланған-ды. Бірақ бұған Перовский де, одан бұрынғы Орынбор әскери губернаторы граф Сухателен де қарсы болып келген. Екеуі де қазақтың тек малшаруашылығынан аумағанын жақсы көрген. Сухателен: «Қазақтар еш уақытта да астық екпеулері керек, ешбір ғылым түгіл, тіпті бірде-бір кәсіп білмей, өмірбақи мал бағып қана көшіп жүрулерін бар жан-тәніммен тілер едім», – деген пікірді мақұлдаса, ал Перовский егінді тек казак-орыстарға салдыртып, қазақтарды астықты солардан қымбат бағамен сатып алып тұруға мәжбүр етуді дұрыс көрген. Бұл туралы генерал Обручев өзінің соғыс министріне жазған баяндамасында: «Бұрын менің орнымда болған генерал-адъютант граф Перовский қазақтардың егін егіп, отырықшылыққа айналуына өте-мөте қарсы болып келген. Оның бүйтуіне қазақтар өздері еккеннен гөрі, астықты бізден сатып алып, Ресейге байлаулы бұзаудай тырп ете алмасын деген ой себеп болған», – деп Перовскийдің ойын дұрыс жазған.
  Сондықтан Орынбор шегарасында отырықшы қазақ поселкелері пайда бола қалса, оларды алдыменен граф Сухателен, одан кейін генерал-адъютант Перовский жойып отырған.
  Өшпес барымта, жұт, оның үстіне Ресей солдаттары мен өзінің сарбаздарының шабуылынан қарамағындағы елдің тіпті жүдеп кеткенін Кенесары жақсы білетін. Сол себепті кей қазақ ауылдарының егін егумен шұғылдануы олардың өз шаруасын көтерумен қатар, болашақ қалың әскерді астықпен қамтамасыз ететін ең тиімді жол деп тапты.
  Бұл мәселені қарағанда тағы бір ойланатын жағдай туды. Ол – салықтарды кім жинайды және қалай жинайды деген мәселе еді. Бұрын патша салығы болсын, Қоқан хандығы салығы болсын, әр рудың, әр ауылдың басты адамдары жинайтын. Кеңес Кенесарының өтініші бойынша бұл тәртіпті де өзгертті. Зекет, үшір бұдан былай қарай әр ауылдан, әр рудан Кенесары өзі белгілеген жасауыл арқылы жиналсын делінді. Кенесарының бұндағы ойы, қазақ жеріндегі жоғарғы үкімет – ханның дәрежесін көтеру еді. Жиналғандар бұған да көнді.
  Үшінші әңгіме – ел билеу, әкімдік жүргізу, билік айту жайында болды. Бұрын ел арасының дау-жанжалдарын, барымта, жесір дауын ру билері, ақсақалдары шешетін. Осы Кеңестен бастап мұның бәрін әр рудан Кенесарының өзі тағайындаған билер шешсін десті. Бұндағы саясат тағы да хандықтың дәрежесін көтеру еді. Екі рудың болмашы таласы, жесір ісі, яки шабындық дауы секілді жеңіл шешілер жанжалды да, осы Кенесары бекіткен билер қарайды. Ал кісі өлімді барымта, ел шабу тәрізді ауыр қылмысты істі ханның өзі шешеді. Кенесары қарамағындағы ел мен Ресей империясына жататын рулар арасындағы таласты аға сұлтандар қарайтын болады. Ал кейбір асқынып кеткен іс болса, Орынбор шегара комиссиясына хат жазылып, екі жақ бірдей шешімге келуді дұрыс тапты. Кенесары қарамағына жатпайтын рулардың таласы, егер екі жақ бірдей келісіп ханға жүгінісе келсе, хан жарлығымен тағайындалған билер кеңесіп, үкім айтулары мүмкін деп табылды. Осы мәжілісте Кенесары қазақ елінің бірлігін бұзады деп ру арасындағы барымтаны тыйдыру ісін әдейілеп: «Бұрын есікте жүрген құл өлсе, қожасы құн төлемейтін. Құл да ел қорғауға жарайтын жан» деп өлген құлға құн төлететін еткізді.
  Төртінші және ең ақырғы мәселе – сауда-саттық жайында еді. Бұрын Кенесары қазақ жерін Ресей патшасына Шығыспен сауда-саттық жүргізу үшін керек деп қана ойласа, енді салынып жатқан бекіністерге, көшіп келіп орналасып жатқан казак-орыстарға қарап бұның бәрі отарландыру саясаты екенін түсінген. Бұрын керуендерді тонап, Ресей мен Орта Азия хандықтарының сауда-саттық байланыстарын бұзып келсе, енді бұл саясатынан қайтты. Керуенді өткізбеудің орнына салық салынсын делінді. Бұл салық әртүрлі болуға тиісті. Өзіне дұрыс қарай бастаған елдерден, рулардан аз, ал теріс қарайтын жұрттан көп алынады. Мысалы, Жаппас руының әр қосынан үш түйе, жиырма төрт зат, татар саудагерлерінің қосынан бір ат, сегіз зат алса, бұқар саудагерлерінің қосынан тоғыз зат қана салық алынылып, ал Арғын руларының керуендері тіпті тегін өтетін болсын деп бекітті.
  Бұнымен қатар мәжіліс шегара орыс поселкелерімен орынсыз жанжалды тоқтатып, олардан астық сатып алу ісін жөнге қойсын деді. Сонымен қатар әскерге керек қару-жарақ, қорғасын, оқ-дәрімен қамтамасыз ету үшін Хиуа, Бұқарлармен де сауда-саттық қарым-қатынасының күшейтілуін талап етті.
  Осындай шешімге келген рубасылары батыр, сұлтан, би ақсақалдардан Кенесары тағы да бір өзіне өте керекті билік алды. Ол Хандық Кеңесі жайында еді. Әбілқайыр баласы Нұралы кезінде Абылай тұсында жойылып кеткен хан жанындағы Хандық Кеңес қайтадан құрылған. Бірақ ол Хандық Кеңестің хақы үлкен болатын. Хан күрделі мәселені Хандық Кеңессіз шешуге тиіс емес-ті. Егер Хандық Кеңес дұрыс көрмесе, хан қандай ойлаған іс болса да, бас тартуы керек-ті. Кенесары жанынан да осындай Хандық Кеңес құрылды. Бірақ бұл Хандық Кеңес ақылшы ретінде ғана тағайындалып, барлық билік ханның өз қолында қалды. Оның шешімі кімге болса да заң, Хандық Кеңесте қолбасшы батырлар да, қарамағындағы ел де хан шешімін бұлжытпай орындауға тиісті делінді.
  Көздеген арманына жеткен Кенесары, мәжіліс біткеннен кейін ең жақын серіктерімен тағы да біраз ақылдасып, кейбір әскер тобының ойын-өнерін көріп, бір жетіден кейін Қараторғайдағы өз ордасына қайтты. Көп кешікпей хан төңірегіндегі жайылымға жасақтарын ертіп өзге батырлары да жинала бастады. Жаңа алған тұжырым бойынша әскери ойын қыза түсті.
  Биліктің бәрін қолына алған Кенесары енді хандық әмірін жүргізіп, кектескен руларынан, тіпті кейбір жеке адамдардан өшін алуға кірісті. Ол Орынбор әскери губернаторына жататын орыс поселке, бекіністеріне тимей, бұл ісін Батыс Сібір генерал-губернаторының шегарасындағы бекіністер мен өзіне бағынғысы келмеген қазақ ауылдарын шабуылдаудан бастады… Енді екі жақтан бірдей қантөгіс күшейе түсті.

Мыңбасы – мың сарбаздан тұратын қолды басқарушы, мыңбегі.
Салық – белгілі бір мерзімде және белгілі бір көлемде алынатын, заң бойынша қарастырылған міндетті төлемдер.
Үшір (онның бір бөлігін көрсететін сан) – онның бір мөлшеріндегідей көлемде алынған салық. Жерден өндірілетін өнімге, саудадан түскен пайдаға салынған.
Зекет – қоғамдағы кедейлерге берілетін міндетті садақа. Шариғат бойынша кәмелетке толған ауқатты мұсылмандар ғана жылына бір рет малының, дүние-мүлкінің, дәулетінің қырықтан бір бөлігін зекет ретінде беруге міндетті болған.

  1. Үзіндіні оқып, тарихи оқиғалар тізбегін жасаңдар.
  2. Жүсіптің Кенесары туралы ойларынан нені аңғардыңдар?
  3. Ақсақалдар, билер жаңа хандыққа байланысты қандай төрт мәселені шешті?
  4. Хан Кенесары бұрынғы тәртіптерге қандай өзгерістер енгізді? Оның астарында Кенесарының қандай мақсаты жатты?
  5. Кенесарының Хандық Кеңес құрып, барлық билікті өз қолына алуының себебі не деп ойлайсыңдар?


  1. «Блум түймедағы» әдісімен үзінді бойынша топпен бірге 6 сұрақ құрастырып, жауап беріңдер. Жауаптарыңды салыстырыңдар.
    1. Анықтауыш сұрақ.
    2. Тәжірибелік сұрақ.
    3. Бағалау сұрағы.
    4. Шығармашылық сұрақ.
    5. Интерпретациялық сұрақ.
    6. Қарапайым сұрақ.
  2. Үзіндіні жалғастырып, хандық қандай болу керек деген талап-мақсаттарды топпен бірге талдап, өз ойларыңмен қорытып, сыни пікір айтыңдар.

  3. Қосымша дереккөздер негізінде Кенесары Қасымұлының тарихтағы және әдебиеттегі бейнесін кестеге түсіріңдер. Тарихи шындық пен көркемдік шешім туралы көзқарастарыңды білдіріңдер.

  4. Романда автор көтерген мәселені анықтаңдар. Қазіргі кездегі бұл мәселенің өзектілігіне пікірлеріңді білдіріңдер.


  І. Есенберлиннің «Қаһар» романы мен Нысанбай жыраудың «Кенесары–Наурызбай» дастанын салыстырып, екі туындының тарихи және көркемдік құндылығы туралы көзқарастарыңды білдіріңдер.


  1. «Атадан туған ұл – ата жолын қуған ұл» тақырыбында әдеби эссе жазыңдар.
  2. Романдағы негізгі ойды «Мәңгілік ел» идеясындағы «Тарихтың, мәдениет пен тілдің біртұтастығы» құндылығымен салыстырып, әдеби сын жазыңдар.

  Кері байланыс. Кестені толтыр.

×
×

Cart